Жаңалықтар
8 мың адамды алдаған пирамида ісінде Балғынбек Имаш пен Нұрсейіт Жылқышыбайдың аты аталды

Аты шыққан «Amanat drive» пирамида дауында елге танымал екі адамның аты аталды, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.
Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай халықты тақырға отырғызған қаржылық пирамида ісінде діндар ақын Балғынбек Имашевті сынап тастады.
«Аmanat-Drive тұтынушы кооперативі ретінде 2020 жылы Астана қаласында құрылған. Жарғыда 19 қызметкері бар, төрағасы Көңілбай Шүкенов деп көрсетіліпті.
«Шүкеновты өмірде тірідей көрмеппін, дегенмен “бәленшеге тегін көлік сыйлапты, үй беріпті” деген мәрттігі лента беттерін бермейтін. Оу баста “Amanat Home” деп аталған компания кейін 2-ге бөлініп, бір-бірімен 40 пышақ болып жатқанын да желіден оқыдым.Қысқасы, 4 жылда пайызсыз үй мен көлік аламын деген 8 мың адам бұл кооперативке 21 миллиард теңге құйып тастапты.Жарнамасы жер жарған негізгі қызметтің азғантай бөлігі ғана орындалған. Көбіне үй мен көлік кооператив жетекшілерінің өз таныс-туыстарына берілген. Оның өзі жалған құжаттармен рәсімделгені анықталып отыр. Жарнамалық қызмет, сараптама, тұрғын үй мен көлік саласын болжамдау сынды жөнсіз шараларға жалған құжатпен біраз ақша бөлініп, сыртқа шығарылған. 21 миллиардтың 1,8 млрд теңгесін обналичка жасап үлгеріпті. Бұл соммаға коттедж, Астанадан пәтерлер сатып алынып, Hummer H2, Lexus LX 570 сынды қымбат автокөліктер алынған. Қылмысын жасыру үшін Көңілбай мырза өзіне емес кооперативтің сенімді өкілдерінің атына рәсімдеген.
Айтпақшы, оқиға арасында әйгілі айтыскер ақын Б. Имаштың фамилиясы қылаң береді. Бұл ақынның да басын сұқпайтын тесігі жоқ екен деп ойладым», — деп жазды журналист Гүлмира Әбіқай.
Сонымен қатар Көңілбай Шүкеновтен су жаңа джип мініп, сыйлық алған журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың да атын атады.
«Amanat drive-қа келсек, кезінде хабарына шыққан журналиске су жаңа көлікті сарт еткізіп сыйға тарқан Көңілбай қазір қамауда, тергеу басталды. Енді Жылқышыбай жүрген шығар «көлікке мініп алып қарай берем, ішінде нақақ көзден жас бар ма?» деп. Түсінгенім, бізге ешнәрсе де сабақ болмайды екен», — деп жазды журналист.