Жаңалықтар

817 миллион теңгеден асады: Ең жоғары жалақы алатын мемлекет басшылары анықталды

Фото: ашық дереккөз

Ең жоғары жалақы алатын мемлекет басшылары анықталды. Рейтингтегі бірінші орынға Сингапурдың премьер-министрі Лоуренс Вонг жайғасты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі PoliticalSalaries басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, Сингапурдың премьер-министрі Лоуренс Вонгтың жалақысы жылына шамамен 1,69 миллион доллар (817 миллион теңгеден жоғары). Ал рейтингте екінші орында Швейцария президенті Виола Амхерд. Оның жалақысы жылына 569,5 мың доллар (275 миллион теңгеден аса). Үшінші орында жылына 412,5 мың доллар (199 миллион теңгеден астам) жалақы алатын Австралия премьер-министрі Энтони Албаниз.

Одан кейінгі орынды жылдық табысы 400 мың доллар (193 миллион теңгеден астам) болатын АҚШ президенті Джо Байден иеленді. Бесінші орынды жылына 316,7 мың доллар (153 миллион теңгеден астам) жалақы алатын Австрия канцлері.

Тізімнің алтыншы орнын жылына 310,5 мың доллар (150 миллион теңгеден астам) жылдық табысымен Жаңа Зеландияның премьер-министрі Кристофер Лаксон иеленді. Жетінші орында жылына 310,5 мың доллар (150 миллион теңгеден астам) жалақымен Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо.

Германия канцлері Олаф Шольц сегізінші орында. Оның жылдық табысы 293,3 мың доллар (141 миллион теңгеден аса). Тоғызыншы орында жылына 276,4 мың доллар (133 миллион теңгеден аса) жалақы алатын Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба тұр. Ирландияның премьер-министрі Саймон Харрис ең жоғары жалақы алатын ондықты аяқтады Оның жылдық табысы 267,3 мың доллар (129 миллион теңгеден аса).

Ал еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жалақысы туралы дерек көрсетілмеген. Дегенмен Қазақстанның премьер-министрінің жылына қанша жалақы алатыны көрсетілген. Еліміздің үкімет басшысы жылына 30, 810 мың доллар, яғни 14 миллион 920 мың теңгеден асады. Демек Үкімет басшысы айына 1 миллион 243 мың теңгеден аса жалақы алады.

Бірақ бұл дереккөз қайдан алынғаны және ақпарат қашан жаңартылғаны көрсетілмеген.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close