Жаңалықтар

Мемлекеттік субсидия 7 млн-ға дейін өседі

Еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударушыларға берілетін тұрғын үй сатып алуға арналған субсидиялық сертификаттың мөлшері 1 625 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін ұлғайтылды. Бұл 2026 жылы 7 028 125 теңгені құрайды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы NUR.KZ сайтына сілтеме жасап. 

Қазақстанның солтүстік өңірлерінің бірқатарында еңбек күші жетіспейтіні белгілі. Сондықтан бұл мәселені шешу мақсатында мемлекет азаматтарды ерікті түрде қоныс аудару бойынша ынталандыру бағдарламасын жүзеге асырып келеді.

Сөйтіп, оңтүстіктен солтүстікке көшу бойынша шешім қабылдаған азаматтарға мемлекет келесі бірнеше бағыт бойынша субсидиялық қолдау көрсетеді:

  • көшуге арналған субсидиялар;

  • жалдамалы тұрғын үй ақысы мен коммуналдық төлемдерді өтеуге арналған субсидиялар;

  • тұрғын үй сатып алуға жұмсалатын экономикалық мобильдік сертификаттары.

Ендігі кезекте 2026 жылдан бастап бұл сертификаттың мөлшері 1 625 АЕК-ке дейін өседі. Бұл дегеніміз – 7 028 125 теңге. Атап айтқанда, бұған дейін бұл сертификаттар тек тұрғын үй құнының 50%-ын ғана жапқан және 1 160 АЕК-тен аспайтын (4 561 120 теңге) еді.

Жаңа ереже бойынша сертификатты тұрғын үйдің толық құнын өтеуге қолдануға мүмкіндік беріледі. Егер тұрғын үй бағасы белгіленген сомадан төмен болса, төлем нақты құны бойынша жүргізіледі.

Басқа қолдау шаралары өзгеріссіз қалады:

  • Қоныс аударуға берілетін субсидия – әр адамға 70 АЕК (302 750 теңге).

  • Тұрғын үй жалдау және коммуналдық шығындарды өтеу – отбасына 15-30 АЕК (64 850-129 750 теңге).

Сонымен қатар, бағдарлама аясында азаматтарға жұмысқа орналасуға көмек, бизнес ашуға қолдау және қысқа мерзімді курстарға жолдама ұсынылады.

Сондай-ақ, қоныс аударуға көмектесетін жұмыс берушілерге арналған субсидиялар қарастырылады: 2026 жылы олардың мөлшері 400 АЕК, яғни 1 730 000 теңгені құрайды.

Айта кетейік, бағдарлама аясында 9 653 адамды қоныс аудару жоспарланып отыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button