Мәжіліс депутаты, Respublika партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаров бизнеске түсетін шығынды азайту үшін таңбалауға жаңа мораторий енгізуді ұсынды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі Instagram әлеуметтік желісіндегі qazaqtoday парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, кейбір кәсіпкерлерге таңбалау жүйесіне бейімделу үшін 900 мың теңгеге дейін қаражат қажет. Мемлекеттік қолдау болмаған жағдайда шағын және орта бизнес өкілдерінің басым бөлігі бұл талаптарды орындай алмай отыр.
«Біз 2027 жылға дейін, сындарлы маңызы бар тауарларды қоспағанда, таңбалау бойынша мораторий енгізуді ұсынамыз. Көмексіз көптеген кәсіпкер талапқа сай бола алмайды», – деді Ходжаназаров.
Сонымен қатар депутат кәсіпкерлерге жүйені енгізу үшін әр сауда нүктесіне 200 мың теңгеге дейін ваучер беру және барлық ақпараттық жүйелерді біріктіретін бірыңғай API әзірлеу қажеттігін атап өтті. Мұндай шаралар түрлі платформалардың тауар туралы деректерді бөлісуін жеңілдетіп, таңбалау кодтарына бірыңғай тарифтік коридор енгізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін таңбалау тізімі кеңейіп, оған мотор майлары, сыра, зергерлік бұйымдар және биологиялық белсенді қоспалар (БАД) кіретіні хабарланған. Үкімет бұл қадамды Қазақстанға контрафакт өнімдердің өтуіне тосқауыл қою үшін жасап отыр.



