Білім
Қызылордада әкімдік мектеп қарамағындағы жерді тартып алып, арена салмақшы
Фото; yandex.kz
Сейілбек Шаухаманов атындағы дарынды балаларға арналған №9 Қызылорда облыстық «Білім-Инновация» лицейінің спорт алаңқайы мен шағын бағы бар ауласын әкімшілік тартып алып, орнына арена салмақшы, – деп хабарлайды qandastar.kz
Алайда лицей аумағынан жалпы көпшілікке арналған спорттық нысанның салынуына ата-аналар қарсылық білдіріп отыр. Қарсылық арыз хатына әзірге 150-ге жуық адам қол қойған.
Білім-инновация лицейі — қызылордалық дарынды балаларға сапалы білім мен тәрбие беріп, оқушылары талай республикалық, халықаралық білім бәйгесінде топ жарып, өңірдің білім саласын өрге сүйреп жүрген оқу ордасы. Айталық, халықаралық және республикалық дүбірлі додада түрлі олимпиадалардан 148 алтын, 362 күміс, 526 қола медаль алып, облыстың атын шығарып, Халықаралық бәйгеден 16 алтын, 31 күміс және 56 қола иеленіп, көк туымызды сапалы білімдері арқылы әлемге танытып, еліміздің даңқын ғылым жолында шығарып жүрген «Білім-Инновация» лицейінің 2,1 га жерін әкімшілік тартып алып, орнына арена салатыны туралы 9 шілдеде хабарлаған.
Әкімшілік басқа нысанға пайдалануға бергелі отқан бұл жерде лицей-интернат түлектерінің сыйға тартып, өз қаражаттарына салып берген футбол алаңы бар. Оған қоса, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаштар отырғызылып шағын бақ та жайқалған болатын. Жатақханада жатып оқитын оқушылар бос уақыттарында осы жерге келіп ойын ойнап, бақта демалып, кітап оқитын. Ал, Қызылорда әкімшілігі балаларды бұл мүмкіншіліктен айырып, оларды төрт қабырғаға қамап қоймақшы.
Отыз жылдық тарихы бар қарашаңырақта бүгінде 500-дей бала оқып жатыр. 2012 жылы жаңа ғимарат 5 гектар жерімен берілді. Онда қыз балалар мен ер балаларға арналған ғимарат, сондай-ақ жатақхана орналасқан. Ата-аналар, оқушылар мен түлектер өз күшімен жыл сайын мектеп аумағын көркейтіп-көгалдандыруға күш салып келеді. Алайда, жергілікті билік балаларға жасалған жағдайды, есіл еңбекті елемей, мектеп аумағын құрылыс алаңына айналдырғысы келеді. Ата-аналардың жанына бататыны – осы.
– Оған қоса, әкімшілік алып қойған жерге «Білім-Инновация» лицейі оқушылар үшін тағы да теннис алаңы(корт), спорт алаңын салуды жоспарлап отырған болатын. Тек оқушылар үшін ғана емес, сапалы тәрбие мен білім беретін ұстаздарды да жатақханамен қамтамасыз ету үшін лицей басшылығы мұғалімдерге арналған жатын орын салмақшы болған. Ол аздай лицейде жылдан-жылға кабинет тапшылғы артып келеді, осының алдын алу мақсатында лицей басшылығы қарамағында болған бос алаңға спорт залын салмақшы болған. Балалардың серуендеп, бой сергітіп, тек білімдерін ғана емес, денелерінде шынықтыру үшін жасалған жағдайдан балаларды айырып, Қызылорда әкімшілігі ол орынға арена салмақшы, – дейді ата-ана Разия Молдабекова.
Бұл жайтқа «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары және ата-аналары наразылықтарын білдіруде. Онсызда алақандай мектеп ауласын балалардан тартып алмай, аренаны басқа жаққа салуды талап етеді. Бұған дейін де лицей қарамағындағы жерді әкімшілік алып қойған болатын. Ал ата-аналар мен оқушылардың наразылығына қарамастан құрылыс көліктерін лицей аумағына орналастырып қойған.
Наразылық білдірушілердің «жерді алып қойған» деп отырған мәселесі былай. 2023 жылы 24 тамызда лицей-интернат жерінің 0,39 гектары басқа нысанға беріліп, жер аумағы азайып, 46 102 шаршы метр болып қайта бекітілген.
Нариман Салқашев — лицей-интернаттың әкелер кеңесінің төрағасы. Демек, оның артында 500-дей баланың әкелері тұр. Барлығы да балаларының болашағы үшін алаңдаулы.
«Бәрін өз күшімізбен құлпыртып отырмыз. Қызылорданың желі, көк шаңы көтеріліп жататынын білесіз. Соған қарамастан балалардың игілігі үшін былтыр көктемде бәріміз бірігіп 300 тал еккенбіз. Содан кейін Өнер орталығы салынғанда тал егілген аумақтың белгілі бір бөлігін алып қойды. Одан ата-аналардың хабары болған жоқ. Бір тістеп көрді де ешкім үндемегесін енді асауға көшті», – деді Нариман Салқашев.
Ата-аналардың жанайқайы әлеуметтік желіде жарияланды. Оған қала әкімдігі тарапынан төмендегідей жауап берілген:
«Бүгінгі күні Білім-инновация лицейінің оқушылары тек шағын спорт алаңын пайдалануда. Осы спорт алаңы лицейдің бос жеріне ауыстырылып, орналастырылады. Қызылорда-арена Білім-инновация лицейінің жанынан салынған жағдайда лицей оқушылары кешенді спорт түрлерімен айналысып, жаттығулар жасауға, оқу бағдарламасына бассейнде жүзу, хореографияны енгізуге мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар «Саяхат», «Сырдария», «СПМК-70» шағын аудандары, Тасбөгет кенті, Ақсуат ауылдық округі мен «Сабалақ» саяжайындағы мектеп жасындағы оқушылардың мәселесі де қарастырылуда. Білім-инновация лицейінің ұстаздары мен ата-аналардың пікірі зерделеніп, халық мүддесіне қарай шешім қабылданады».
«Біз халық аренасының салынуына ешқандай қарсы емеспіз, бірақ біздің балаларымыздың жерін тартып алмаса екен» – дейді ата-аналар.
Лицей-интернатының түлегі Абылайхан Жұмабеков «игерілмеген жер» деген сылтаумен лицей қарамағындағы жерді әкімдік алып қойып, өздеріне қарасты нысан салуына қарсы.
«Ата-аналар мен оқушылардың, түлектердің бұл нысанды салуға ешқандай қарсылығы жоқ, тек лцией аумағына емес, басқа бос жатқан жерге салса екен дейміз», – дейді.
Мәселе Парламент мінберіне де жетті. Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Білім-инновация лицейлері ең мықты мектептер желісі болып табылады. Бұл мәселе түсініксіз екен. Әкімдік шара қабылдап, тиісті жауабын беру керек деп санаймын», – деп жазба қалдырып, ата-аналардың бейнеүндеуін қоса жариялады.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да бұл жайтқа қатысты пікір білдірді. Ол «Мектепке берілген жер мектептікі болып қалуы керек. Оны тілімдеп, онда қандай да бір нысан салудың қажеті жоқ», – дейді.
Әкімшілік бұл нысанды салуға басқа жер қарастыруы керек екенін айтады. Сонымен қатар мәжіліс депутаты «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 2-тарауы, 7-бөлімінде «Объектілердің аумағында білім беру процесімен функционалдық байланысы жоқ ғимараттарды, құрылыстар мен құрылысжайларды орналастыруға жол берілмейді», – деп жазылғанын айтады.