Жаңалықтар
Бірқатар қазақстандықтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы қайтарылды
Фото: baq.kz
Ақмола прокуратурасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын аударуда бірқатар заң бұзушылықтар анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Прокуратура МӘМС саласындағы заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізді.
“Жұмыс берушілер көпбалалы (алтыдан астам бала тәрбиелеп отырған) аналардан, ерекше күтімді қажет ететін жандардан және төлемнен босатылған күндізгі бөлімде оқитын студенттерден МӘМС жарнасын негізсіз ұстағаны анықталды, – делінген хабарламада.
Мысалы, көпбалалы ананың жұмыс берушісі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 31 243 теңге аударған. Одан бөлек ерекше күтімді қажет ететін адамнан қордың пайдасына 82 306 теңге мөлшерінде жарналар ұсталған. Прокуратураның мәліметінше, мүндай деректер аз емес.
Нәтижесінде жеңілдетілген санаттағы 436 қазақстандыққа заңсыз ұсталған ақша қайтарылды. Қайтарылған жарнаның жалпы сомасы 60 миллион теңгеден асты.