Мәдениет

Алматыда «Тарихтан тағылым: ұлттық идея және дін мәселелері» атты конференция өтті

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласы ҚР Ұлттық кітапханасында ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Аталған шара «Тарихтан тағылым: ұлттық идея және дін мәселелері» тақырыбының аясында кең ауқымды қамтыды. Айта кетейік, шараның басты мақсаты: жастарды қазақы болмысымыздан ажырамай, ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып дамуға бағыттау.
Студент жастар мен конференцияға арнайы келген қонақтардың алдында алғашқы сөз кезегі ақын, этнограф Әбубәкір Қайранға берілді. Әбубәкір аға қазақ баласының басты мақсаты- ұлттық сананы жаңғырту екендігін айта келе, «Түбімізді зерттеп, тарихымызды тануға енді ғана білек сыбана кірісіп жатқанымыз өкінішті-ақ. Десе де, ештен кеш жақсы», – деген ойын білдірді.
Философия ғылымдарының докторы Бақытжан Сатершинов, филология ғылымдарының кандидаты Рашид Мухитдинов, этнограф, мәдениеттанушы Бердалы Оспан, дінтану ғылымының магистрі Елнар Берікбаев сынды азаматтар түрлі тақырыпта баяндамалар оқып, тыңдармандарға дін мен дәстүр, ұлттық мүдде ұғымының мән-маңызын айқын ашып көрсетті. Шараға қатысушы жастарды жалынды жырымен сусындатып, астарлы пікір білдірген ақын Аманғазы Кәріпжан мырза діни, һәм рухани сауатты болуға шақырып, «Неғұрлым түсініксіз дүние соғұрлым өзіне табындырады»,-деп қорытындылады.
Аты аталған азаматтарымыздан бөлек, танымдық кештің көркін қыздыра түскен дәстүрлі әншілер қобыз, домбыра аспаптарында халық әндерін орындап, тыңдармандарын тәнті етті.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның соңы қатысушылар арасындағы пікір алмасуға ұласып, «Ұлы даланың жеті қыры» кітап көрмесін тамашалаумен өз жалғасын тапты.
«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің президенті Арман Әубәкір конференция соңында аталмыш шаралардың жыл соңына дейін жалғасатынын атап өтті.

Мадина Оқас

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close