Жаңалықтар

Орал әкімі қызметінен кетті

Сурет: Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Орал қаласының әкімі Мейіржан Сатқанов қала тұрғындарына үндеу жариялады. Қала басшысы әкім қызметінен кетуге неліктен шешім қабылдағанын түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сатқанов мәлімдемесін 2024 жылдың 22 шілдесінде Instagram желісіндегі ресми парақшасында жариялады.

«Бүгін Орал қаласының әкімі қызметінен кеткенімді хабарлаймын. Мен үшін бұл қызметте екі жылдан астам оралдықтармен қоян-қолтық жұмыс жасау үлкен мәртебе болғанын айтқым келеді. Денсаулығым сыр беріп, қызметтен бұдан бұрын кетуді ойлап жүргенмін. Алайда көктемде қаламызда су тасқыны орын алып, мұндай қиын кезеңде жұмыстан шыға алмадым. Осылайша өз міндеттерімді әріптестеріммен бірге жалғастыра бердім», – деді Мейіржан Сатқанов.

Сатқанов сөзін жалғастыра отырып, бүгінде барлық бағыттар бойынша жұмыс жолға қойылғанын сеніммен айтты.

«Біз барша оралдықтармен бірге үлкен жұмыс жасадық деп ойлаймын. Тек көктемгі су тасқынымен күресіп, оның салдарымен айналысқан кезде ғана емес, сонымен бірге екі жыл бойы сүйікті қаламызды одан әрі көркейтуге тырыстық. Бұл – туған жеріне жанашыр әр азаматтың өлшеусіз еңбегі. Қазір барлық салаларда жұмыс жолға қойылған. Жаңадан тағайындалатын қала әкімі ағымдағы жағдайды жедел түсініп, жұмысты жүйелі жалғастыратынына, ал болашақта шаһарымыз үшін жаңа жобаларға бастамашы болатынына сенемін. Оның үстіне, сіз, менің қымбатты жерлестерім, оң бастамаларды әрдайым қолдауға дайынсыздар. Әріптестеріме және құрметті оралдықтарға сенім білдіргеніңіз үшін алғыс айтамын», – деді Мейіржан Сатқанов

Сатқанов әкім болып 2022 жылдың 26 сәуірінде тағайындалды.

2024 жылдың мамыр айында Қазнетте әкімнің өз еркімен отставкаға кеткені туралы ақпарат пайда болды. Алайда баспасөз хатшысы Данияр Оспан бұл деректердің шындыққа жанаспайтынын айтты.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close