Жаңалықтар

«4,5 млрд теңгеден аса ақша ұрлаған»: Жетісу облысында мемлекет қаржысын жымқырған 21 есепшіге сот үкімі шықты

Видеодан скрин

Ұйымдасқан қылмыстық топ құрған білім бөлімінің бас есепшісі мен оның сыбайластары 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

21 сотталушының үш жыл бойы іс жүзінде жұмыс істемеген адамдарға және мектеп қызметкерлеріне айлықтан бөлек ақша аударып келгені дәлелденді. Осылайша олар 4,5 млрд теңгеден аса бюджет қаржысын ұрлаған. Аталған заң бұзушылықтарға көз жұмып келген ревизиялық комиссияның басшысы мен оның мүшелерін прокуратура тексеріп жатыр.

Судья қылмысты ұйымдастырған үш айыпталушыны 12 жылдан 15 жылға дейін, ал басқа сотталушыларды 7 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Тағы екі есепші келтірілген шығынды толығымен өтегендіктен 7 жылға шартты түрде сотталып, енді біріне қатысты іс оның қайтыс болуына байланысты тоқтатылды.

Адвокат сотталушыға өте қатаң жаза тағайындалды деп санайды.

«Прокурор сотталушыға не себепті бас бостандығынан айыру жазасын сұрағанын негіздемеді. Неге ондай адамдар қоғамнан оқшаулау керек? Ол бұған дейін сотталмаған. Денсаулығын, жасын ескеруге болатын еді», – дейді заң өкілі Динара Әбдікәрімова.

 

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close