Жаңалықтар

«Қазақстанда тыйым салынған кітап тәркіленді»: Шымкентте 22 адамнан тұратын радикал-экстремистік ұйым анықталды

Фото: almaty.tv
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қала прокуратурасы бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 22 тұлғадан тұратын «Хизб-ут-Тахрир» радикал-экстремистік ұйымын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Прокуратураның мәліметінше, олар биыл Рамазан айында ауызашар өткіземіз деген желеумен радикалды экстремистік ұйымның жергілікті жақтастарының санын көбейту және үгіт-насихат жүргізу үшін діни жиындар өткізген.

“Тінту барысында Қазақстанда тыйым салынған 7 діни кітап, діни мазмұндағы 10-нан астам қолжазба және мәтіндік парақшалар, 6 ұялы телефон мен 4 ноутбук тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 256-бабы 1-бөлігі (Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату) және 259-бабы 1-бөлігіне (Террористiк не экстремистiк әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру) сәйкес тергеп-тексеру амалдары басталды”, – делінген хабарламада.

Прокуратура 201-баптың талаптарына сай, басқа ақпарат жарияланбайтынын хабарлады.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close