Жаңалықтар
Қызылордада жоғалып кеткен дәрігердің денесі табылды
Фото: «Қызылорда еріктілері» қоғамдық қоры
Қызылордада екі күн бұрын жоғалып кеткен ер адам өкінішке орай, өлі күйінде табылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Еріктілер бұған дейін 20 шілдеде жоғалып кеткен 25 жастағы ер адамға іздеу жариялаған болатын.
Онда қызылордалық ер адам жұмыстан шыққаннан кейін, үйіне оралмағаны айтылған. Ол облыстық көпсалалы ауруханада жұмыс істеген.
– ТЖД, ПД қызметкерлерінің, Абылайханның туыстарының және өзге де ерікті азаматтардың күшімен іздеу жұмыстары жүргізілді. Өкінішке қарай, үміт ақталмады, ол өлі күйінде табылды. Иманды болсын. Жас жігіттің неден қайтыс болғаны әзірге белгісіз. Достар, Абылайханды іздеуге бей-жай қарамай, ат салысқандарыңызға рахмет, – деп жазды «Қызылорда еріктілері» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ольга Чебакова Facebook парақшасында.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жоғалған жас жігітті іздеуге екі күн ішінде ПД, полиция басқармасы, ТЖД жеке құрамы, еріктілер мен жергілікті тұрғындар тартылғанын атап өтіп, жас жігіттің қаза тапқаны туралы ақпаратты растады. Алайда қайдан, қалай табылғаны жазылмаған.
– 23 шілдеде жоғалған адамның денесі табылды. Бұл факт сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Ер адамның өлімінің нақты себебін анықтау мақсатында қажетті сот-медициналық сараптама тағайындалды және осы сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Тұлға анықталды. Тергеу әрекеттері жалғасады. Аймақ полициясы марқұмның жақындары мен туыстарына шын жүректен көңіл айтады, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.