Жаңалықтар

«Есірткіні жақын құрбым ұсынды». Нашақордың жүрекжарды әңгімесі

Фото:  Massaget.kz

Таңғы сағат 10-нан кете бір топ адам сыртқы шығып, сыртынан құлыпталатын алаңға кірді. Онда біреулері доп қуаласа, енді бірі дене жаттықтырады. Ал оның сыртында рация ұстаған бірнеше күзет жүр. Алаңнан ішке бет бұра кіргенде сырты таспен өрнектелген, әр терезесі мен балконы темірмен қапталған төртқабатты үй-жай көзге түседі. Мұндағы тағдыр тоғыстырған жандарды бір нәрсе ғана біріктіреді – есірткіге тәуелді болу. Бұл – Алматыдағы наркоорталық. Қазір қала бойынша 4652 адам диспансерлік бақылауда тұр. Оның 1169-ы – есірткіге тәуелді адамдар. Massaget.kz тілшісі есірткіге қатысты хикаясын ашып айтқан екі нашақормен тілдесті.

Орталыққа кірген бойда мәжбүрлеп емдеу бөлімшесіне беттедік. Жол көрсеткен дәрігерлердің бірі есікті кілтпен ашты. Оның айтуынша, бұл – қалыпты жағдай. Мұнда ем қабылдауға түсетіндер өз қалауымен келмейді: не сот шешімімен, не туған-туыстары өтініш жазады. Сондықтан науқастар қашып кетуі мүмкін.

 

«Колледждің орнына наркоорталыққа тап болдым»

Қарсы алдыма жанарынан нұр кеткен жасөспірім отырды.

«19 жастамын, Алматы тұрғынымын. Мектеп бітірген соң оқуға түспедім. Колледждің орнына осында тап болдым», – деді бірден ол.

Бұдан 2 жыл бұрын есірткіні алғаш қолданып көрген жігітті мұнда ата-анасы мәжбүрлеп жатқызған.

«Алғаш рет есірткіні бұдан 2 жыл бұрын 17 жасымда қолданып көрдім. Бұл – альфа пвп (есірткі атауы – еск.) болған. Бәрі тосыннан болды. Құрбыммен қыдырып жүргенде көшеден закладка (есірткі салынған пакет – еск.) тауып алдық. Құрбым бұған дейін есірткі қолданып көрген, ал бұл – менің алғаш қолдануым. Сол жерде ол маған ұсынды. Бірінші рет маған қатты ұнады, басым кетті. Келесі күні тағы қайдан табуға болатынын іздедік. Алғашында есірткіні қолданып жүріп жұмыс істеп те, шаруаларымды бітіріп те жүрдім. Бірақ кейін күнде қолданатын болып кеттім. Сөйтіп 3-4 күн тамақ ішпей, тек шегетін болып кеттім. Сол кезде миыма ауыртпалық қатты түсіп кеткендей болды. Көз алдыма түрлі нәрселер елестей берді. Біреу мені өлтіргісі келіп, аңдып жүргендей көрінді. Анам мұны байқап, мені осы орталықта «қамап» қойды», – деді ол.

Есірткі қолданған адамның алғашқы белгілері: тәбеті болмайды, тамақ ішуден қалады, ұйқысыздық, ешкіммен сөйлескісі келмейді, бөлмеде тығылып жатады.

«Мектепте қарапайым бала болдым. Ешкімнен бөлектенбедім, момын мінездімін негізі. Есірткі мені қатты өзгертті, жаман қылықтар пайда болды. Алғашында ақша да, жұмыс та болды. Кейін жұмыстан шығарып жіберді. Ақша азайды, біз адамдардан ақша тартып алып, ұрлай бастадық», – дейді жігіт.

Кейіпкердің айтуынша, алғаш рет қолданғанда эйфория, бақыт гармоны шамадан тыс бөлінген. Кейіпкер есірткі қолданып жүргенін ата-анасынан ешқашан жасырмаған, бірақ көрсетіп те қолданбаған. Алайда жігіттің ата-анасы ұлының мұндай қылығынан 2 жыл бейхабар болған.

«Мен ата-анамнан жасырған да жоқпын. Негізі есірткі қабылдап жүргенім байқалмады да. Тек тамақ ішпей жүргенім, ұйықтамай жүргенім болмаса. Қатты арықтап кеттім. Қазір салмағым 60 келіге жуықтады, ал сол кездері 12-15 келіге дейін салмақ тастап, 45-47 келі болдым. 3-4 күн тамақ ішпей жүре аламын, одан кейін есірткінің әсері бітіп, ұйқыға кетесің. Өмірімде бір қызық жағдай болған. Нашақорлар арасында бұл «марафон» деп аталады. Есірткіні қолданып, тоқтай алмайтын кезең болады. 10 күн бойы тоқтаусыз қолдандым. Скорость деген есіркіні қолданып жүрген едім, тамшуырды аузымнан алмай ұйықтап кететін кездер болды. Негізі скоростьтен кейін ұйқы қашады. Бірақ мен ағзамды тоздырғаным сонша, қалай ұйықтап кеткенімді білмейтінмін», – дейді ол.

«Есірткі қолданғанда алты қол елестейтін»

«Алғашында не істерімді білмеген соң көңіл көтерудің бір түрі ғана болды. Кейін онсыз өмір сүру, көшеде жүру, жұмыс істеу, адамдармен араласу қызықсыз болып кетті. Есірткімен өмірім жарқын көрінді. Скоростьтен басқа ЛСД қолданып көрдім. Онда визуал қатты өзгереді. Түстер қанық болып, ғимараттар қисайып, адамдардың бет-әлпеті өзгере бастайды. Мысалы көз бен еріннің орны ауысуы мүмкін. Алты қол елестеуі мүмкін. Теледидар сөніп тұрса да, бір бағдарлама жүріп жатқандай сезілді. Бірақ қорқынышты болған жоқ», – дейді ол.

Кейіпкер танымал есірткілер ағзада қанша күн сақталатынын, оның нарықтағы бағасын атады. Оның айтуынша, героин деп аталатын есірткі түрі 80 күн, анаша 30 күн сақталса, ал скорость ағзада қанша сақталатыны белгісіз. Скорость деп аталатын есірткіге психологиялық түрде тәуелді боласың, ал героинге физикалық тәуелділік болады, себебі есірткінің әсері аяқталған соң буын қақсай бастайды.

Бұл – заманауи синтетикалық есірткінің бір артықшылығы. Бұл есірткіні қою қиынға соғады. Мұндай есірткінің жарты грамы 8-10 мың теңге айналасында тұрады.

«Мына жақтан шыққан соң есірткінің алдында өзімді ұстай аламын деп уәде бере алмаймын»

«Мен есірткіні басқа әлемде өмір сүру, жетістікке жетпегенімді ақтау үшін емес, жай ішім пысқан соң қабылдай беретінмін. Жұмысым бар кезде де одан босаған соң достарыма хабарласып, бірге шегетінбіз. Кейін жұмыстан жиі қалатын болдым. Үйгілер де ұрыс шығара берді. Негізі мұның бәрі жақсылыққа апармайтынын түсініп тұрдым, бірақ есірткіден алған ләззаттың алдында тұра алмайтынмын», – деп еске алды жігіт.

Кейіпкердің орталықта емделіп жатқанына 2,5 ай болды, әлі 3,5 ай бар. Ол әзірге қиналып жүрмегенін айтты. Орталықтан шыққан соң жұмысқа орналасқысы келеді. Бұрын қолданғандай қолданғысы келмейді, алайда мына жақтан шыққан соң есірткінің алдында «өзімді ұстай аламын» деп уәде бере алмайтынын алға тартты.

«Есірткіден бір рет қана бас тартуға болады»

«Есірткіден бір рет қана бас тартуға болады. Ол алғаш рет саған ұсынып жатқан кезде. Ал одан кейін есірткіден бас тарту мүмкін емес. Жалпы есірткіден бас тарту үшін тәртіп керек. Отбасын да, жұмысын да бірге алып жүрген нашақорларды білемін. Есірткіні тастауға ешкім де көмектесе алмайды. Оны тек өзің қалауың керек. Ешкім саған көмектесе алмайды, анаң да, жақындарың да. Бұл қақпаннан өзіңді тек өзің құтқара аласың», – деп ақтарылды жігіт.

Кейіпкер «есірткіні тастағыңыз келе ме?» деген сұраққа ұзақ ойланып жауап берді. Оның жауабында нақты «иә» деген шешім естілмеді.

«Мен бұған тосыннан келдім, мені осынша еліктіріп кетеді деп ойламадым. Мұның бәрін ұмытқым келеді. Мен есірткіні Telegram-дүкен арқылы сатып алатынмын. Telegram-да есірткі сатып алу оңай, дүкенге барып нан алып келумен тең. Операторға салмағын, тауар атауын және ауданыңды жазасың, ақшаңды картаға аударасың. Telegram арналар қалада толып тұр ғой», – деп қорытындылады Алматы тұрғыны.

Екінші кейіпкер де жас кезінен есірткі қолданып бастаған. Алайда бұдан бірнеше жыл бұрын бұл жаман қылығын тоқтатқан, кейін оны ішімдікке ауыстырған. Қазір ол 49-да. Орталықта ішімдікке тәуелділікпен күресіп жатыр.

«Жаман ортаға тап болдым»

«Ішімдікке салынғаннан бұрын есірткіге әуес болдым. Бұрын синтетикалық есірткілер болмаған, бәрі анаша, шөп арқылы басталды. Ол кезде жас едім, көп нәрсені түсінбедім, оның үстіне жаман ортаға тап болдым. Бәрі содан басталды. Алғашында сирек қабылдайтынмын. Кейін героин пайда болды. Алғаш рет бұл орталыққа өз еркіммен келіп жаттым. Осы жақтан мені Павлодардағы республикалық наркологиялық орталыққа жіберді. Онда синтетикалық есірткіге әуес болған жастарды көп көрдім. Мен синтетикалық есірткіні қабылдап көрмегенмін. Бірақ бір байқағаным, синтетикалық есірткіні пайдаланатын жастардың санасы қатты өзгерген. Көбіне шизофрения сынды ауруға шалдыққан. Сондықтан жастарға мынадай зұлым заттарға жақындамауға тырысып, жаман ниеттегі адамдардан аулақ болуға кеңес беремін. Мен жастығымның көп уақытын есірткінің кесірінен жоғалтып алдым. Отбасымызда араздық туып, туыстарымның арасында қарым-қатынас өзгерді. Бұл жерде емделіп жатқан соң есепте тұрасың. Ал есепте тұрып жұмыс істеу қиын», – дейді ол.

«Алматыға оқуға келдім. Осы жақта оқып, кейін жұмыс істедім. Қазір қарап отырсам, сол кезде бірге есірткі қабылдаған таныстарым, көршілерім өмірден озды. Есірткі адамды алысқа апармайды. Мені Құдай сақтаған болар, мен уақытында тоқтадым. Психологтармен сөйлестім. Бір жаманы, бұл әдетті басқа жаман әдетпен ауыстырдым», – дейді ол.

«Қалай іздеп кеткеніңді, дозасын өсіргеніңді байқамай қаласың»

«Қазір жастарға есірткі қолжетімді: интернет бар, басқа да жолдары бар. Олар оған тез үйренеді. Мәселен, қазір орталықта 18-ге енді толған жастар бар. Басында мен табиғи есірткіні қабылдадым. Алғашында маған қызық болды. Жеңіл эйфория, көңіл-күйің көтеріңкі жүреді. Әсері біткен соң аздап депрессияға түсесің, қайталағың келіп тұрады, біртіндеп денең үйрене бастайды. Сана-сезімің соған бағынады. Қалай іздеп кеткеніңді, дозасын өсіргеніңді байқамай қаласың», – деді ол.

«Әйеліммен ажырасып, бала-шағаммен араласуды қойдым»

«Есірткінің дозасы өскен сайын қаражат керек, кейбірі сол үшін ұрлыққа барады. Өз басым қылмысқа барған емепін, жұмысым болды, бірақ тапқан-таянғаным есірткіге кететін еді. Соның әсерінен әйеліммен ажырасып, бала-шағаммен араласуды қойдым. Өзімді қоғамнан шеттетілгеней сезіндім. Өзім сияқты адамдармен ғана араласқым келді. Нашақорлардан басқаларымен тіл табысу қиынға соқты», – дейді ол.

«Есірткіден бас тарту әркімнің қолынан келе бермейді»

Кейіпкер есірткіні тастаған соң депрессиядан құтылу керек болғанын айтты. Сол үшін оны басқа нәрсемен ауыстыруға тура келді. Бір қызығы, 90-жылдары жастар арасында нашақор көп болмайтын. Оның айтуынша, есірткіге тәуелді болғандардың жасы шамамен 30-40-та болатын.

Қазір Алматы бойынша 4652 адам диспансерлік бақылауда тұр. Оның 1169-ы есірткіге тәуелді адамдар. Өкінішке қарай, 19-ы жасөспірім.

Айта кетейік, есірткіні сақтау, өткізу, өндіру немесе тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады.

Есірткіні жасыратын адам немесе курьер 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын алады. Интернетте есірткіні жарнамалау, насихаттау, белгілі бір есірткі туралы форумдарда оң пікірлер үшін жаза 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Еске салайық, бұған дейін Massaget.kz Алматыдағы наркоорталықтың басшысы Сапар Құттыбайұлы нашақорлық, оның алдын алу белгілері туралы сұхбаттасқан еді.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close