Жаңалықтар

Автобус шахтаға құлап кетті: Майқайыңда соңғы құтқарушының денесі табылды

Фото: ашық дереккөз

Майқайыңда соңғы құтқарушының денесі табылды – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов хабарлады.

«Бүгін сағат 16.20-да «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде соңғы құтқарушы – жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі табылды. Құтқарушының денесі жоғары көтеріліп, сараптама жүргізу үшін жедел-тергеу тобына берілді», – деп жазды өңір әкімі Желідегі парақшасында.

4 қаңтар күні Майқайың кенішінің жанында жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС құтқарушылары отырған автобус құлап кеткен болатын. Осы қайғылы оқиғадан кейін 7 ай уақыт өтті.

«Осы уақыт ішінде, қаза болған жандардың туыстары сияқты, біз де жоғалған құтқарушыларды табамыз деген үмітте болдық. Айып Тілеубергеновтің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмға иман байлығын берсін. Жоғалған адамдарды табу үшін күндіз-түні жұмыс істеген барлық жанға алғыс айтамын. Өкінішке қарай, адамдарды құтқаруға деген үміт қайғыға алмасты», – деді Байханов.

Іздестіру жұмыстарына әр түрлі мамандар мен сарапшылар, тау-кен ісінің ардагерлері, кинологтар, арнайы техника мен дрондар тартылды, өңірдің барлық авариялық-құтқару қызметтері жұмылдырылды.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close