Жаңалықтар

Астанада қандас жастар мәселесі талқыланды

Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде дайындық курс түлектеріне арналған іс-шара өтті. Жиынға Қарлығаш Бекпатшақызы (Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Нұр-Сұлтан және Ақмола облысы филиалының басшысы), Нұрымжан Қасымұлы («Отандастар Қоры» Мәдени-гуманитарлық жобалар департаментінің қызметкері), Талапбек Тынысбек («Отандастар Қоры» Мәдени-гуманитарлық жобалар департаментінің қызметкері), сондай-ақ, «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының Қытай, Моңғолия, Өзбекстаннан келген 192 тыңдаушысы мен дайындық курс түлектері қатысты.

Бас қосуға мұрындық болған – «Отандастар Қоры», Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Zerdeli» ақыл-ой дамыту орталығы. Олардың басты мақсаты – дайындық курс түлектеріне алдағы ҰБТ барысын, грант бөліну ретін түсіндіру. Бұдан тыс, болашақ студенттердің әлеуметтік және азаматтық алу мәселелерін талқылау.
Бүгінде шетелден келген қандас жастарға елімізде тегін білім алу мүмкіндігі артып отыр. Оған Халықаралық бағдарламалар орталығы мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының екі жақты келісімі себеп болып отыр.
Бұған дейінгі қандас жастарды медециналық сақтандыру мәселесі қинап келген. Бағасы қымбат, пайдасы аз. Оқу орнына бұл тығырықтан шығудың оңтайлы тәсілі ұсынылды. Және ол оң шешімін тапты. Университет пен аурухана бірлесе отырып, этникалық студенттің паспортындағы ұлты қазақ деген мөрі арқылы емдік-сауықтыру, т.б шараларын тегін алып бармақ. Яғни, енді олардың медициналық көмекке жүгінуі барлық Қазақстан азаматтарымен бірдей тарифте болады. Бұдан тыс, жастарды ҚР азаматтығына құжат тапсырғанда еліміздегі тұрақты тіркеуі болуы керек деген талап қынжылтады. Енді олар оқу орны басшылығының рұқсатымен тұрақты тіркеуге тұра алатын болды. Мінеки, осының бәрі жан-жақты келісім нәтижесінде жүзеге асып отыр.
Биыл еліміздегі жалпы грантының 4%-ы (шамамен 1500 орын) этникалық қазақтарға бөлінген. Степендиялық бағдарлама бойынша бакалавриатқа 25, магистратураға 125, PHD докторантураға 10 мемлекеттік грантын иеленуге болады.
Жиын соңында «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының мамандары болашақта қандай қызмет түрін таңдау қажеттілігі турасында мотевациялық баяндама жасады. Жастар да өз ойларын ортаға салды.
«Елім, жерім!» – деп келген қандас жастардың бұл қадамына біз де құт жаусын деген тілектеміз. Ел іргесі тыныш, ұрпағымыз ұлағатты болғай.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close