Әлем жаңалықтары

Шетелдегі қазақ оқушылары арасында әдеби байқау өтті

Шетелде тұратын қазақ диаспорасының оқушылары арасында «Ұлы Дала Елі» әдеби жұмыстардың халықаралық шығармашылық байқауы өтті.

Қазақстан Республикасы Ақпараттық және Қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар қоры» КЕАҚ, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының ұйымдастыруымен шетелде тұратын қазақ диаспорасы оқушыларының арасында «Ұлы Дала Елі» атты халықаралық әдеби шығармашылық конкурсы өтті.

Аталған бәйгеге шығармалар осы көктемнің 1 сәуірінен 30 мамыры аралығында қабылданған. Үстегі жылдың 1-10 маусым күндері қазылар алқасы келіп түскен жұмыстарды сараптап, қорытындылаған.

Шетелде тұратын қазақ диаспорасы оқушылары арасында өткен «Ұлы Дала Елі» атты әдеби жұмыстардың халықаралық шығармашылық байқауына балалардың 1- жас тобы бойынша байқауға 19 жұмыс, 2 – жас тобы бойынша 15 жұмыс келіп түскен. Байқауға қабылданған барлық 34 жұмысты комиссия мүшелері іріктеді. Онда ең басты критерий ретінде жұмыстың тақырыбы мен өзекті ойының сәйкестігі басты назарда болды. Сондай-ақ, тақырыптың толық ашылуы, ойдың берілу тәсілі сияқты тетіктерге сүйенді.

«Жалпы шығармалардың барлығы да тақырыпқа сай жазылған. Балалар негізгі идеяны ашуға тырысқан. Алайда жұмыстардың кейбірі тақырыпты толық ашылмай жатыр. Оның басты себептерінің бірі – кейбірінің тым қысқа болуы, енді біреулерінің тек баяндау мен сипаттауға ғана құрулуы сынды қателіктер орын алған. Көбіне құрғақ фактілерді тізіп шығу (мәселен, еліміздің тарихына байланысты, т.с.с.) сынды олқылықтар орын алып отыр. Дегенмен, эссеге қойылатын талаптардың барлығын сақтай отырып, өзіндік ой-тұжырымдарын ерекше тәсілмен бере білген оқушылар да бар. Әсіресе, І жас тобында (13-15 жас аралығындағы балалар) Солтанов Райхат, Асылбашева Камиля, Байтулла Батанұлы, Сулейменов Масалим сияқты жас таланттардың, сол сияқты ІІ жас тобында (16-18 жас аралығындағы оқушылар) Еркінбек Ақтоты, Аменова Алима, Бектұр Абдулхаким, Хасти Абдоләзиз сынды жеткіншектердің еңбектерін ерекше атап өткіміз келеді», – дейді қазылар алқасының мүшесі Айнұр Амангелдіқызы. Айта кетейік, қазылар алқасының құрамында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушылары Айнұр Амангелдіқызы, Булат Аяпбергенов және Гульжихан Ануарбекқызы сынды кәсіби мамандар жұмыс атқарды.

Сараптама комиссиясының шешімі бойынша І жас тобы 13-15 жас аралығы бойынша: 1-орын. Солтанов Райхат,  2-орын. Асылбашева Камиля, 3-орын. Байтулла Батанұлы, 4-орын. Сулейменов Масалим бұйырса, ІІ жас тобы 16-18 жас аралығы бойынша: 1-орын. Еркінбек Ақтоты, 2-орын. Хасти Абдоләзиз, 3-орын. Аменова Алимаға, 4-орын. Бектұр Абдулхакимге бұйырды.

Жеңіске жеткен 8 қатысушыдан  4 үздік жұмыс авторлары Солтанов Райхат (Ресей), Асылбашева Камиля (Швеция), Еркінбек Ақтоты (Моңғолия), Хасти Абдоләзиз (Иран) Атамекені Қазақстанға келетін жолдама жеңіп алды.

 

 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close