Жаңалықтар
Қоғам жазушы әйелден не күтеді?
Осы біз жазушы әйелдерден не күтеміз?
Ішкі алаңдаушылықтарымызды дөп басып, қоғамдағы келеңсіздіктерді анығырақ, ашығырақ қағазға түсіргенің бе?
Дүниедегі бар жақсылықты, атап айтсақ, адалдық, мейірімділік секілді ізгі қасиеттерді адамзатқа үйретуін бе?
Әлде кеудеміздегі қуысты қажет сөздермен толтырып, құмарымызды басқанын ба?
Қандай болса да, 21 ғасырда қаржы мен қат дүниеден шаршаған адамдар жазушы әйелдердің қаламына барып құлдық ұратын секілді. Неге десеңіз, жазушы әйелдер – кез келген қиюы келіспейтін, жанға бататын, ауыр әм қисынсыз жағдайларды сондай нәзік әрі әрлі етіп жеткізеді. Шешілмейтін мәселенің әп сәтте шамшырағы жанып, адамзат құндылықтары оймақтай ойға тізіледі.
Сондай нәзіктікпен қанша жанның жүректегі дертін дөп басып жүрген жазушы, аудармашы Шынар Әбілданың шығармашыл әлеміне талдау жасап көрелік…Шынар Әбілданың аудармаларында саясат, махаббат, әйел жанының құпия қалтарыстары, аяулы әм аянышты тағдыры, жалпы, өмірдің өң бойы суреттеледі. Шығарманы оқып, ләззат алып қана қоймай, ақыл-кеңеске қанық боласың, бейсаналы түрде әлдебір шешім қабылдауға үгіттейді. Сосын өмірдегі қателіктеріміздің басым көпшілігі психологияны түсінбегеннен-ау деген тоқтамға келесің…
Техника, әлеуметтік желілердің қарыштап дамуымен осы дәуірдің адамдары сөздік қордан, әсерлі ойлаудан кенде болып барады. Сондай шақта Шынар Әбілда әлеуметтік желілерде аудармаларын тегін бөлісіп, қазақ тілді азаматтар үшін жақсылық жасауда. Әбілданың сиясы кеппеген жазбалары қалың оқырманға әлем.желіден кездейсоқ кездесіп қалып, құндылықтарын өзгертуде.
Мәселен, осы бір аудармасына көңіл қояйықшы:
«Ессіздерге мың алғыс. Жалғызіліктілерге. Бүлікшілерге. Әлемді басқаша көретіндерге. Оларережеге бағынбайды. Қағидаға миығынан күліпқарайды. Олардың айтқаны нақыл сөзге айналады. Олармен үздіксіз дауласуға, мақтауға я қарғауғаболады. Алайда көзге ілмей тастау мүмкін емес. Өйткені, олар өзгеріс әкелуші. Олар адамзатты алғасүйрейтін күш».
Стив Джобстен аударған 3-4 сөйлем адамға қандай сенімділік ұялатады десеңші?! Бұл Стив Джобстің құдіреттілігі ме, әлде оны шебер жеткізген Шынар Әбілданың шынар шыңға шыққаны ма? Аударманы оқып, белгілі бір деңгейде өзіңді жалғызілікті, бүлікшіл әм ессіз сезінгің келіп кетеді. Және айналаңда сенен өзге тағы қандай бүлікшілер бар екен деп тізіп шығасың… Бұл – бір бұрқасын жігерлендіруден тұратын ғажап сезім! Ал «Бақыт үнемі қарапайым» атты аудармасында «Бақыт дегеноның көзіне тік қарау. Одан ары емес. Қарайсың да көресің» деген жолдарды оқисың, оқисың да тағы жауабын іздеп әлек боласың. Ішіңде сан мыңдаған сұрақ сайрап жатады. Оның көзіне қарағанда бақытты көрмейтін секілдімін. Бәлкім ол сезімдерін жеткізе алмайтын шығар. Бәлкім ол бақытты басқадан іздеп жүрген болар? Оның көзіне тіке қарау түгілі, ұрлана да қарасаң ашуланатындай… Ол бақытсыз болса, демек мен де… деген шешімдерге келе саласың. Сосын әрине, бақытсыздығыңмен қоштасасың.
Шынар Әбілданың жанымызға майдай жағатын, оң жамбасымызға сай келетін осы секілді аудармаларын аудару үстінде қандай беймәлім күйді бастан кешетіні, алпыс екі тамырында бүлкілдеп қандай күй ойнайтыны бізге беймәлім десек те, «Қорқыныш» аудармасын қорқа отырып, оқыдық…
«Қорқыныш – өте қуатты күш. Адам бойында адреналин болып бөлінеді. Ол астралды күйде келешекке енеді. Сәл уақыттан кейін материалданады. Адам қорыққан дүниесімен бетпе-бет келеді.
Нақты мысал келтірейік. Жануарлардың үрейді сезуі. Ит өзінен қорқатын адамды қабады».
Шынар Әбілдадай үрей себептерінің материалдануын 2-3 сөзбен дөп түсіп, жеткізу – сіз бен біздің қолымыздан келмесі анық. Аудармашы бұл тақырыпқа бармас бұрын адам бойындағы аласұрған сезімдерді тереңінен түсініп, психологияға құлаш сермегенін аңғарамыз. Мұхтар Әуезов: «Мен бір кітапты жазу үшін жүз кітап оқыдым» деген екен. Сол секілді Шынар Әбілда бұл аударманы аудармас бұрын, қанша кітапты парақтап шықты екен? Шындығында, жазушыларға қарағанда аудармашылардың жұмысы екі есе қиын. Жазушы табиғи талантпен әп сәтте ойында тұрғанын қағаз бетіне құя салады. Ал аудармашы қоғамдағы мәселелерге дең қояды, көңіл аударады. Сосын соған сай тақырыптарға ұза-а-ақ ізденеді, тапқан-таянғанын аударып көреді, болмаса, өзге тақырыпқа ауысады. Және аудармашылық та жазушылық секілді көсілген шабытты әм еңбектіқажет етеді. Шабытсыз аударылған шығарма, дәм-татуы жоқ тағам секілді. Және «Қорқыныш» аудармасының жер сілкініп жатқанда, өмірімізде бір қиын жағдайлар орын алғанда алдымыздан атып шығуына қалай таңдаңбайсың?! «Қорқынышты» оқып алып, құмарымыз қанады, жанға дәру болар сөз екен деген шешімге келеміз. Тіпті «түнеугүні басымнан осындай жағдай өтіп жатқанда неге оқымадым екен? Оқығанда бәлкім, осындай шешім қабылдар ма едім» деп те сан соғып та жатамыз.
«Қорқынышты» талдадық, ал аудармашының «Мен жоқ болған кезде» деген аудармасын оқып көрдіңіз бе? 27 жасында ауруға шалдығып, пәнимен қоштасып жатқан әке баласының әр түрлі сәтіне арнап, хат жазып кетеді. «Мен көкке ұшып кеткенде», «Анаңмен ұрсысып қалғанда», «Алғашқы сүйіс болған кезде» деген сынды хаттар… Баласы өмірінің маңызды сәттерінде хаттарды оқып, әкесі өмір бақи жанында жүргендей ғажап сезімді бастан кешеді. Және осы аударманы оқып отырып, ең әуелі «тамаша идея» екен деген ойға келесің. Кейіннен басыма осындай жағдай түссе, мен кімге хат жазар едім? Балама жазсам, оған дұрыс ата-ана ретінде көріну үшін қандай ақыл айтқаным жөн,-деп сандырақтай бастайсың…
Көрдіңіз бе, Шынар Әбілда аудармалары осындай күш-қуатқа ие. Шынар Әбілда бұндай тұщымды шығармаларды аудармағанда шет тіліндегі шығарманы біздің оқымасымыз анық еді…Ол шығарманың алғашқы жолдарымен-ақ еліртіп әкетеді. Соңына дейін тұщына оқып шығасың. Сосын қазақтың бай тіліне таңдай қағасың. Шет елдің жазушысының шығармасының өң бойына өзіміздің қазақилығымызды да кіріктіретіні аудармашының шеберлігі шығар, сірә. Біздің ше, Шынар Әбілда біз қажетсінетін аудармалардың басым көпшілігіне барды. Әсіресе, еш сый көрмей, бейнетіне ауру жамап жүрген, тұрмыстық зорлық көрген, бағаланбаған, құнсыз қалған, бүкіл әлемнің ауыртпалығын иығында көтеріп жүрген, махаббатсыз күн кешкен әйел образы ашылды. Бұл – жасырып, жамайтын тақырып емес. Әлі де әдебиетте әйел тақырыбы көлеңкеден айыққан жоқ. Себебі бізге бір Шынар Әбілда жетпейді. Бәлкім оны, жоқ он бесі қажет шығар, сірә?! Әзірге қазақ әдебиетінің бағына айналған бір ғана Шынар Әбілдамызға қал-қадерімізше құрмет көрсетіп, қолдау білдіргеніміз жөн секілді.
Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ