Жаңалықтар

Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығындағы фольклорлық дәстүр

Жазба әдебиетінің іргетасы қаланған шақтан бастап, оған жан-жақты қызығушылық танытушылар саны артты. Себебі этнография, тарих, әдебиет, тілсіз халық жасайды деу қате пікір еді. Қазақ халқының сан ғасырлардан бері келе жатқан мол мұрасының даналылығы мен даралығын дәріптейтін тың дүниелерді сақтап қалу, жинап теру, еліктеп жазу секілді дүниелер де Алаш кезеңінде кеңінен етек алды. Алашшыл азаматтар қазақ фольклорын тек тұрмыстың бөлшегі секілді қарастырмай, тұтас әлеммен тең деген бағасын берді. Әсіресе фольклористика мәселесіне дең қойып, туындыларына жиі пайдаланған қазақтың ақыны, Алашшыл азамат Мағжан еді.

Мағжан Жұмабаев шығармаларындағы фольклор бірнеше ұрпақтың илеуінен өтіп, сарапталған, қоғам арасында мойындалған дүние. Бүгінде қазақ ғалымдары Мағжан шығармаларындағы символиканы зерттеп әлек болуда. Алайда символикадан бұрын қордаланған фольклор мәселесін зерттесек, ұшан теңіз байлыққа қол жеткізетініміз хақ. Мағжанның жазған өлеңдерін алсақ та, жалғыз-жарым әңгімесі «Шолпанның күнәсін» алсақ та ішінен маржан тергендей үңіле бересің.

Мәселен, «Кешегі асау жас жүрек

Бетімнен тәтті бір сүйіп,

Алдыңа алшы әлдилеп…

Балқиды жаным бұл күйге.

Мені де, өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!» деген өлең жолдарынан «әлди, әлдиге» деген Мағжанның таным-түсінігін, терең көзқарасын аңғаруға болады. Өз халқының менталитетін, ізгі қасиеттерін бала бойына сіңіру үшін қазақ әйелдері жаңа туған нәрестеге «әлди, әлди» яғни «бесік жырын» нәзік үнімен әуелете шырқайтын болған. Әлдидің қасиеті әлі де толық зерттелмей келе жатқан құпияға толы тылсым дүние десек те артық айтқанымыз емес-ау, сірә?! Сол секілді Мағжан да бұл өлең жолдарынан анаға емес, өлімге әлдилеуін өтініп сұраған, жұмсақ жеткізген… Мағжанның осы өлең арқылы өзіне өлім тілеуі өмір тілеумен бірдей берілгендігімен ерек. Себебі бір ғана өлеңнен бесік жыры мен жоқтау мәндес фольклоризм өң бойында өріледі. Бәлкім бүгінде әлдиді қолданушылар саны тым сиреп кеткеннен бе екен, өскелең ұрпақ «тик-токшыл» болып жетілуде… Бұл – бүгінгі қоғамның дерті. Ал Мағжан дерт дегбірімізді алмасын деді ме екен, фольклорлық сипатта өлімнің өзіне әлдилеуін өтінген. Ендеше ақын шығармаларын оқып өскен бала ұлттық құндылықтың сусынына қанып, даналық пен даралыққа ұмтылады.

Енді Мағжанның «Қойлыбайдың қобызы» атты жыр дестесіне үңілейік.

Мағжанның қобыз аспабына деген ерекше бір ықыласын поэмадан байқай аламыз. Ақын қобыз тағдырын бақсы тағдырымен байланыстырады. «Қарағайдың түбінен қайырып алған, үйеңкінің түбінен үйіріп алған» қобызды кие тұтады. Қобыз үнінен мистикалық сарын іздеп қана қоймай, өмірдің өткінші екенін шығарма барысында оқырмандарға жеткізуге тырысады. Қобыздың қуатын, қазақ үшін өте биік бағаланатын аспап екенін болашақ ұрпаққа ұғындырғысы келеді. Қобыз үнімен қара тасты да сөйлетуге қауқарлы халық екенімізді жеткізеді.

Олай болса Қойлыбайдың қобызы – фольклористика саласының жемісі. Ондағы мистика, шаманизм, руханият, дана құндылығы секілді синкретті ұғымдар фольклортанудың дамуына едәуір үлес қосты деген сөз.

Енді әңгіме арнасын махаббатқа қатысты жыр жолдарына бұрайық.

1922 жылдың басынан Мағжан Жұмабаевтың тегіс жинағының шығуы нәтижесінде «Сүй, жан сәулем» өлеңі елге кеңінен тарады. Біреулер бұл ғазалды сүйіктіге деген тереңдеп кеткен құштарлықтан туған десе, енді біреулері өзгеше тұжырым жасады. Ел арасында ауызекі сөз барысында жақсы көретін баласын немесе  жақын адамын «жарығым», «қарашығым», «қарғам» деп айту бұрыннан кездескен. Яғни сүйікті адамын ренжітіп алмау мақсатында, атын тура айтпай «Табу» дәстүріне қарай икемдеген. Міне, осы «жарығым» деген кең таралған сөздің орнына Мағжан Жұмабаев «сәулем» деген аса сұлу сөзді қолданып, оған «сүйіктім, ғашығым, махаббатым» деген мағына берген. Осылайша Мағжан шығармалары арқылы «сәулем» сөзі ел санасына кеңінен тарап, әнші біткен бірте-бірте сол ғажап сөзді әнге жиі қосатын болған. Енді бұл дәстүрлі сөздің біріне айналып, фольклорлық әнге де, халық композиторларының әндеріне де кірігіп кетті. Алайда бүгінде оны ешбірі солай екен деп ойламайды. Осыдан-ақ, Мағжанның халық даналығына деген құрметін аңғаруға болады.

Енді бірінде Мағжан этнографиялық өлең өреді. Өлеңнің өң бойынан қазақи ұлттық құндылық, дәстүрді дәріптеу, ұлттық асқа деген құрмет бірден аңғарылады. Ең бастысы ертегідей тәтті фольклорлық иісті бірден сезесіз.

Бұл қымыздың арғы атасын сұрасаң,

Құлаша қулық бие сүті еді.

Томсарған ерке қазақтың асы еді, — дейді ақын. Десе дегендей-ақ, қымыз – қазақтың мақтан тұтар ұлттық тағамы. Бүгінгі заманда оның да құны өзге сусындарға қарағанда төмендеп қалды. Алайда ақын өз өлеңі арқылы жан сусынымызды қандырып, белгісіз бір балдай әлемге жетелейтіндей…

Келесі кезек ақынның жалғыз-жарым әңгімесі «Шолпанның күнәсінде». Әлі күнге дейін оқырман қауымның ойы Шолпан күнәлі ме, әлде кінәлі ме деп екіге жарылады. Бәлкім Шолпанның басынан өткен оқиғаларға Шолпанның өзі емес, қоғам, адамзат, уақыт, кеңістік, қала берді ер азаматтар кінәлі шығар. Бәлкім Шолпанның өзі күнәһар шығар. Алайда қыз басынан өткен ұлттық психологиялық соққы өлім концептісіне әкеліп тірейді.

Бұл шығарма — қазақ әйелі мен отбасы деген ұлттық ұғымдарды дәріптеуші шығарма. Шолпан – сүйгеніне қосылған, жатса да, тұрса да азаматының амандығын тілейтін ақылды ару, парасатты әйел болады. Алайда күйеуіне деген шексіз, шетсіз, ессіз махаббатының нәтижесінде бала болмауын бір Тәңірден тілеп бағады. Құдай тілегін ішіне түсіргендіктен бе екен, қабыл болып, ана деген қасиетті атаудан айырылады. Шолпан — жалған дүниедегі тірі пенденің жұбанышы бала екенін ұғынған шақта бәрі кеш еді. Шолпан тағы да күйеуінің бақыты үшін күнәлі болады. Бәлкім, бұл Шолпанның ақылсыздығынан ба екен, әлде қазақтың ежелден келе жатқан түсінігі «балаға» ғана тіреп қойғандығынан ба, бақытсыздыққа осылайша қадам басады. Бұл шығарманы оқырман өз түсінігіне, тәлім-тәрбиесіне, сана-сезіміне қарай түрліше түсінеді. Біреулері Шолпанды даттап әлек болса, енді бірі түсініп бағады. Бірақ шығарманың тәрбиелік мәні ана атану, жолдасына перзент сүйдіру – әйел біткеннің ең үлкен жеңісі екенін ұғындырғандай. Яғни ұлттық психологизм мен фольклорлық ұғым терең астасып келген бұл туынды – Мағжан шығармаларының ішіндегі ең озығы.

Қорыта айтқанда, Мағжан Кеңестік жүйеге ашықтан ашық қарсы шықпаса да, асқан даналықпен қазақ халқын ұлттық образын ұғынуға шақырады. Сол арқылы ділімізді, дінімізді, тілімізді, қала берді «қазақ» деген арлы атауымызды мәңгі сақтап қаламыз деген түсінікте болады. Мағжанның ұлтшылдығы осылай көрініс тапты. Кеңестік жүйе Мағжанның жасын отындай жарқылдап поэзияға келуінен, діңгегі мықты ақын атануынан қорықты. Ақырында «Алашым» деген ақын ұлы сүреңге ұшырады, жалғанның кемесіне ұлтын сүйгені үшін, фольклорлық дәстүрге деген адалдығы үшін мәңгілікке мініп кете барды. Алайда ақынның артында өшпес мұра болып тың туындылары мен талдаулары, мақалалары қалды. Сондықтан Мағжанның мұрасы – қазақ үшін мәңгілік азық болмақ!

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close