Жаңалықтар
«Тұқым алғыш болсаңдар, академик Асқар Жұмаділдаев секілді азаматтардан тұқым алып қалсаңыздаршы» – Өмір Шыныбекұлы
Фото: ALASH.KZ
«Спорт керек, әрине. Елдостың жеңісі бәріміз үшін мақтаныш. Бірақ «Білімді мыңды жығатын» заманда ұлттың генофонды Асқар Жұмаділдаев секілді азаматтардан құралуы тиіс». Бұл пікірді белгілі ұстаз, тарихшы Өмір Шыныбекұлы ALASH.KZ ұлттық порталына берген сұхбатында айтты.
«Тұқым алғыш болсаңдар, академик Асқар Жұмаділдаев секілді азаматтардан тұқым алып қалсаңыздаршы. Спорт керек, әрине. Елдостың жеңісі бәріміз үшін мақтаныш. Бірақ «Білімді мыңды жығатын» заманда ұлттың генофонды Асқар Жұмаділдаев секілді азаматтардан құралуы тиіс. Қазір бізде ғалымдардан гөрі өнер адамдары, той әншілері әлдеқайда бай-қуатты тұрады. Спортшылардың да жағдайы жаман емес. Олимпиадада алтын алғаны үшін спортшыларға қомақты ақша берілетінін білеміз. Әлеуметтік желідегі дау-дамай әлі алда. Сол кезде де түрлі пікірлер туындайды. Елімізде техника, жаратылыстану ғылымдары кенжелеп қалған. Балалар да бұл мамандықтарды сирек таңдайды. Сондықтан бізге ғылымның осы салаларын көбірек насихаттау керек. Өндірісіміз дамысын десек, техник, математик, физик, химик ғалымдарымызды көбірек дәріптеп, оларға барлық жағдайды жасауымыз қажет. Жастар осы мамандықтарға қызығатындай, ғылымға ұмтылатындай барынша қолдау көрсетуіміз қажет. Бұл елдің болашағы үшін өте маңызды. Әрине, спортшыларымызды мақтан тұтуымыз қажет. Олар да еліміз үшін өте маңызды. Бірақ, ғалымдарды да ұмытпауымыз керек. Жуырда әлеуметтік желіден 90 жасқа таяп қалған техника ғылымдарының докторы, профессор әжейді сот орындаушылары өз үйінен шығарып жіберген видеоны көріп, жүрегім ауырып, жаным күйзелді. Кезінде қаншама инженер маманды тәрбиелеп шығарған сол кісі қазір қартайған шағында ешкімге керек болмай, балаларының қателігінен үйсіз қалды. Біз мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек», – деді Өмір Шыныбекұлы.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше БАҚ кеңістігінде белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаевтың Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке материалдық дүние сыйлай бергенді тоқтатып, оның орнына «Елдоста 30 ұл мен 40 қыз болуы керек. Мұндай асыл жігіттің ұрпағы мол болуға тиіс. Мал байлық емес, ұрпақ байлық» деген пікірі таралып, қызу талқыланған болатын.