Әдебиет

Әмина Адайхан: Өлең – менің өмірімнің толғанысын мен жүрегімнің бұлқынысы

Әмина Адайхан 198¬4 жылы 24 ақпанда Алтай аймағы, Көктоғай ауданында дүниеге келген. Қазір Талдықорған қаласында жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Еліміздегі бірнеше жыр мүшайраларының жеңімпазы. Енді міне маусымның 21 жұлдызы Талдықорған қаласында “Қанатты хаттар” атты жеке жыр жинағының тұсауын кесті. Осыған орай сыршыл ақынмен сырбаз сұхбат жасауды жөн көрдік.



– Өлеңге əр ақын әр түрлі келеді. Біреуге өмірдің өзі, біреуге отбасы, біреуге сүйгені себеп болады. Сізге кімнемесе не себепші болды? Жалпы өлеңді неше жасыңыздан бастап жаздыңыз?
– Өлеңді бала күнімнен жаза бастадым. Нақтырақ айтсам, мектеп қабырғасында-ақ өлеңге деген құлшынысым болды. Алғаш рет әдебиет пәнінен сабақ беретін ұстазымыз “Күн” деген тақырыпта тақпақ жазып келуді тапсырды. Сол кезде екі шумақ жазған тақпағымды ағайым қатты мақтап еді. Мұғалімнің жер-көкке сыйғызбай мақтағанынан кейін өлеңге деген үлкен ынта-ықыласым ашылды. Содан бастап өлеңді ресми түрде жазуға кірістім.

– Елге келерде неге дəл Талдықорғанның топырағына табан тіредіңіз?
— О тбасылық жағдайларға байланысты Талдықорғанға қоныстандық. Ол кезде бәріміз кішкентай едік. Оқушы кезіміз. Әлі баламыз. Ештеңе білмейміз. Алдымызда таңдау да тұрмады. Сол шақтарда Талдықорғанның ақындар қаласы екенін біліпті дейсің бе?!..
Бірден Талдықорғанда тұрып кету ата-анама ауырлау болатын болды. Содан Талдықорғанның Көксу деген ауылында тұрдық. Бірақ ауылда да жаман болмадық. Құдай қосқан көршілеріміз, ақжарқын ауылдас ағайын бізді жатсынбады. Құшақ жая қарсы алды. Талдықорған біздің екінші туған жерімізге айналып кетті.

– Қытайдан қоныс аударған қазақтардың басым көпшілігі тілге жетік, ақын-жазушы болып келеді. Ал біздікілер сіздер секілді емес. Сіз ше, бұның сыры неде?
Бәлкім ата мекенге келер сәтті сан жылдар бойы аңсап, шөліркеп, бір сағыныш жанды жегідей жеп жүргеннен өлең-сөзге жақын болып кететін шығар?… Түсіне білген адамға өзіңнің ата-қонысында өмір сүргеннен артық бақыт жоқ. Дегенмен “Елің қалай болса, бөркің солай” — деген ғой. Бұның бәріне әр дәуірдегі түрлі жағдайлар себеп болды деп ойлаймын. Бұнда да ана тіліміз ақырындап кемелденіп келеді. Жастарға сенейік.

– Күні кеше ғана алғашқы жыр жинағыңыздың тұсауын кесіп, кеш бердіңіз. Ақын үшін алғашқы жинақтың орны қандай?
– Өте ыстық. Кітап жарыққа шыққанша шыдамым жетпеді. Шыққан соң жер-жаһанға жар саламын деп ойлап едім, аяқ-асты қызғанып қалдым. Ешкімге бергім де, көрсеткім де келмеді. Не дегенмен ұзақ жылдар бойы күткен қуанышым ғой. Кітабым шыққан күн мен үшін ең бақытты күн болды! Осы орайда кеш туралы да азын-аулақ айта кетсем деп едім…Кештің болғанынан боладысы қызық болды. Ол үшін кімдердің алдына бармадым. Құрақ ұшып қолдау танытқандар да, әдемілеп ақыл айтып жібергендер де, әулиесіп ұрсып тастағандар да болды. Бастықтардың алдына барып көрмеген маған қиындау болды. Бірақ әуелі Құдайдың, сосын мейрімді жандардың қолдап-қуаттауларының арқасында кешім ойдағыдай өтті. Осы кеште ерекше алғыс айтқым келетін асыл жандар Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет мырзаға, Алматы облысы әкімі Амандық Баталов мырзаға, Алматы облысы Мәдениет басқармасының бастығы Марлен Қапашұлына, бөлім бастығы Төлеужан Гумаров ағама, Алатау газетінің жауаптысы Айтақын Бұлғақов ағама, Тұлға-достық қоры, “Әдебиет әлемі”орталығының жетекшісі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұратхан Шоқанға, Сондай-ақ, Көксу Ауданы Мәдениет Үйінің директоры Ермек Қыстаубаевқа көрсеткен көмектері мен білдірген қолдаулары үшін мың алғыс.



– Өлеңдеріңіздің көбі махаббаттан тұрады. Жалпы ақын қыздардың махаббаты қандай болады?
– Ақын қыздардың махаббаты от қой. Өзін де өзгені де күйдіріп жібереді, қатыгезденген қазіргі қоғамда айналаға махаббатпен қарай білудің өзі екінің бірінің қолынан келе бермейтін болып барады. Ақын қыз тұрмақ, өлең-жырдан хабары жоқ қыздың өзі басынан біз кешпеген күйді кешуі мүмкін. Біз сезінбеген асыл сезімді сезінуі мүмкін. Бірақ ақын қыздар махаббатпен тілдеседі, өмір сүреді. Айналасының бәріне аса үлкен махаббатпен қарайды. Жүректері жұмсақ, көңілшек болып келеді. Сүйгенінен көңілі қалса қалаған сөзің айта салмайды. Жәй ғана өлеңмен қағаз бетіне түсіреді. Қағазға түсіріп алып, сүйгеніне жіберуге жасқанып жүретіні тағы бар…

– Өлеңнің қалай туатыны қарапайым адамдарға қызық. Сіз өлеңді қалай жазасыз? Əлде бір құбылыс құлағыңызға сыбырлап тұра ма?
– Ешкім сыбырлап тұрмайды. Маған құлағыма сыбырлап тұрды деп айтатын ақындарды түсінбеймін. Жалпы әр ақынға әр түрлі дүние себеп болуы мүмкін. Өзіме бір ғана сәт себеп болады. Мысалы, жыласам, ренжісем, өзімді жалғыз әрі керексіз сезінсем жақсы өлеңдер туады. Бірақ мен кей ақындарға ұқсап біреудің өміріне қарап өлең жаза алмаймын. Тіптен олай жазатындарды түсінбеймін де. Біреудің өмірінен шабыт ала алатындар не мықты ақын, не құрап жазатындар. Мен тек өз өмірімді жазамын. Жалпы өмірімнің әр сәттік толғанысын, жүрегімнің бұлқынысын өлеңмен өрнектегенді жақсы көрем. Өлең менің шындығым, менің шындығым өмірдің шындығы.
– Қазір өлең тұрмақ, сөздің өзі қоғамға керексіз болып бара жатқан секілді. Бұған пікіріңіз қандай?
– Мүмкін, бірақ жақсы шығарманың оқырманы табылатыны сөзсіз. Сондықтан не жазсақ та ойланып-толғанып құнды дүниелер жазуға тырысқанымыз жөн. Қоғамдағы пікір, сөз түзелуі үшін өмірге өлең керек. Әдебиет керек. Себебі өлең деген сөздің өзі пәк. Өлең болмаса, адамдардың бәрі робот тектес болып кетер ме еді?.. Өміріңді сәнді де, мәнді ететін, жан жаранды жазатын өлең ғой. Сондықтан өтірік жырлар жазып өлеңді өлтіріп алмағанымыз жөн.

– “Мен сізді қатты-қатты жақсы көрем,
Өтінем, сізде мені ұнатыңыз..” дейсіз “өтініш” деген өлеңіңізде. Жолдасыңыз өнеріңізді қаншалықты қолдайды?
– Ол кісі өте жақсы қолдайды. Түсіністікпен қарайды. Басында аздап қарсылықтар болған. Мен әйел заты болған соң айтқанға көніп, шыдап жүрдім. Бір жазбадым, екі жазбадым, үш жазбадым… Ақыры іштегі өлеңімнің бәрі шерге айналып, жылай бердім. Ішіңдегі дүние шықпаса, өте ауыр екен. Бір күні жолдасыма шыдамай кетіп, қазір маған 1- шумақ өлең құрап берсең, мен мүлдем жазбай кетейін дедім. Жолдасымның құрай алмайтыны белгілі еді. Осыдан кейін-ақ, өлең дегеннің екінің біріне берілмейтін бақ, Құдайдың түзу көзі екенін түсінді. Содан кейін жолдасым қарсы болмады. Қазір тіптен өзгеріп кеткен. Өзге қалаларда кештер болса, барсаңшы деп өзі айтатын болды. Шығармашылық кешімнің жақсы өтуіне де көп көмектесті.

– Жазба ақындардың кітаптарын сатып маркетингпен айналысқанын қаншалықты құптайсыз? Жалпы жазба ақындардың жағдайы қалай?
– Жазба ақындар айтыскер ақындар секілді бай емес. Себебі жазба ақындар өлеңді сата да алмайды. Арнау жазғысы да келмейді. Суырып сала алмайды. Әнге сөз дайындап, өзің қинауға шыдамы да жетпейді. Бар болғаны іштегі бұлқынысын сыртқа шығарады. Біреудің басындағы толғанысы мен мұң-қайғысы кімге керек болсын? Меніңше, жаныңды қинап жыр жазу, әнге сөз дайындау ақын үшін ауыр дүние. Ақын деген өлеңді тек шабытпен, жаны қалап, көңілі аңсап тұрғанда ғана жазу керек. Жазу керекпін деп емес, жазғым келеді деп жазу керек. Ақшаға сатылған өлеңнің құны кетеді. Ақыннан алыстай бастайды. Ақырында ақынды тастап кетеді. Өлең де бала секілді ғой. Оны да аялау, еркелету, қалағанын жасау керек. Жазба ақындықпен баю мүмкін емес шығар. Тек жыр-жинақ шыққанда кітаптарының сатылымы мен мүшайралар көмек болар, бәлкім… Бірақ қазіргі мүшайраларға да қатысқың келмейді. Ол жерде ақша, таныспен шешіледі.
Ақынның кітабы шығып жатса, маркетингпен айналысқанын құптаймын. Онда тұрған не бар? Білімнің құны бәрінен жоғары тұру керек, меніңше.



– Сұхбат соңында артыңыздан ерген ақын сіңілілеріңізге қандай ақыл айтасыз?
– Ақын қыздар өлеңге деген тазалығын сақтай білсе, поэзия атты арлы бойжеткен имене бас иетіні сөзсіз. Жазыңдар қыздар, жалындаңдар, жастық шақ қайтып келмейді. Жас кездің жыры жалынды келеді. Ғашық болыңдар! дегім келеді… Жалпы алғанда, Алматыда бірнеше ақын сіңілілерім бар. Оларға өлеңнен бөлек, отбасы, бала тәрбиесі туралы ақыл- кеңесімді де беріп тұрамын.

Сұхбаттасқан: Ақгүл АЙДАРБЕКОВА
«qandastar.kz» үшін



Осы айдарда

Добавить комментарий

Close