Жаңалықтар

Бір жылдық интернатура жарамай қалған: Әл-Фараби атындағы Ұлттық университет түлектері резидентураға түсе алмай тығырыққа тірелді

Фото: ашық дереккөз
Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина факультетін 6 жыл оқыған түлектер резидентураға түсе алмай қалды. Себебі оларды өзге медициналық жоғары оқу орындары бір жылдық интернатура жеткіліксіз деп қабылдамай қойған.
Мұны естіген Ұлттық университетті келесі жылы бітіретін студенттер де дабыл қағып отыр. Өйткені нақты бір салаға бейімделген дәрігер болу үшін оларға резидентура аса қажет. Ал денсаулық сақтау министрлігі жастардың екі ортада сабылуына университетті кінәлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТКарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Дәрігер болуды аңсап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина факультетіне оқуға түскенжастар маман иесі атану жолында кедергіге тап болып отыр. Бес жылдық бакалаврды, артынша бір жылдық интернатураны бітірген түлектер биыл резидентураға түсе алмай, тығырыққа тіреліпті. Өзге медициналық жоғары оқу орындары ұлттық университет түлектері интернатураны жеткіліксіз оқыған деп отыр.

“Бір жылдық интернатураларыңыз жарамсыз, екінші жыл барып оқып келіңіздер” деп отыр. Диплом қолдарында, мемлекеттік үлгіде. Диплом мемлекеттік құжат, оны қоқысқа тастап, екінші жыл оқи берейік деген нәрсе дұрыс емес, процедура бұзылады, заң бұзылады”, – деді университет түлегі Айдана Пазылбек.

Ұлттық университетті келер жылы тәмәмдайтын 80 студент де қазірден дабыл қағып отыр. Өйткені резидентураға түсу бұларға аса маңызды. Оны оқымаса, нақты бір салаға бейімделген маман бола алмайды, тек тәжірибелік дәрігер болып қалады екен.

“Менің бес жылдық оқуым зая кетпек. Себебі ар жағында мен жалпы тәжірибелік дәрігер болуға ғана құқым қалып тұр. Жылына 1 миллион 70 мың төледім. Интернатурада баға одан да үлкейеді, 1 миллион 700 мың сұрайды. Мен соны төлеуім керек. Оның үстіне одан кейін жылдар бойы төленген ақшаммен әрі қарай мен жеке мамандық ала алмаймын”, – деп дабыл қақты түлектердің бірі Әлия Құдайберген.

Сөйтсе Қазақ ұлттық университеті жастарды медициналық білім берудің жаңа стандартымен оқытыпты. Соған сәйкес бакалаврдан кейін оқылатын интернатура бір жылға қысқартылған. Енді оқу орнының басшылығы өз түлектерінің резидентураға қабылдануын сұрап, денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдаған.

“Хат жаздық, нәтижесін күтіп отырмыз. Егер де министрліктің “оқыт” деген шешімі болса, онда біз тағы бір жыл оқытуға дайынбыз. Себебі балалар бәрі бір жыл ақылы түрде оқыды. Енді тағы бір жыл оқыт десе, оқытамыз”, – деді ҚазҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алтай Қазмағамбетов.

Денсаулық сақтау министрлігі жастарға мерзімінен бұрын диплом берген университетті айыптады. Себебі бұл түлектер оқуға түскен кездегі талапқа сәйкес 7 жыл толыққанды білім алуы керек екен.

“Білім туралы заңға сәйкес, олар университетті оқуға түскен кездегі бағдарлама бойынша аяқтауы керек. Сол кезде 7 жыл оқуы керек деп белгіленген болса, сол 7 жылды толыққанды оқып шығуға тиіс. Кейінірек қолданысқа енген бағдарламаның бұл түлектерге қатысы жоқ. Сондықтан интернатураның тағы бір жылын оқып келсін. Содан кейін ғана резидентураға түсе алады”, – деді ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаментінің Медициналық білім басқармасының басшысы Әсет Ізденов.

Ал түлектер қажетті білімнің бәрін «бір жыл ішінде алып қойдық» деп отыр. Әрі тағы бір жыл ақылы оқуға ешқайсының құлқы жоқ. Сондықтан қолда бар дипломмен резидентураға қабылдауды талап етеді. Айта кетейік, оның өзін таңдаған бағытына қарай, резиденттер 2 жылдан 4 жылға дейін оқиды.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close