Жаңалықтар

Алматыда 90 жастағы профессор әжені сот орындаушылары қолынан бұрап, үйінен қуып шыққан

Фото: Azattyq Rýhy

Алматыда профессор, Еңбек ардагері Хадиша Сатыбалдина жасы тоқсанға тақаған шағында үш бөлмелі пәтерінен айырылып, далада қалды. Бір ай бұрын сот орындаушылары қарт әжейді үйінен күшпен қуып шыққан. Жылдар бойы жиған-терген дүниесін қаптарға салып, бір бөлмелі пәтерге лақтырып кеткен. Azattyq Rýhy тілшісі істің анық-қанығын білу үшін қариямен әңгімелесті.

Хадиша Сатыбалдина – Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Алматыға жас кезінде күйеуінің қызмет бабымен көшіп келіп, бала-шаға өсіріп, оңтүстік шаһарда орнығып қалған. Өзі Алматыдағы Логистика және көлік академиясында қырық жылдан астам қызмет еткен. Тіл кафедрасында орыс тілі маманы болған. Еңбек етіп жүрген жылдары профессор атағын алған.

«Күйеуім ертеде, сексенінші жылы өмірден өтті. Қызым 47 жасында қайтыс болып кетті. Қызымның бір ұлы бар, оның төрт кішкентай баласы бар. Өздерімен өздері күн көріп жүр. Бір ұлым 2019 жылы дүниеден озды. Ұлымның жалғыз қызы бар. Үш жыл болды, отбасымен Америкада тұрады. Қызмет бабымен кеткен. Биыл келісімшарты аяқталады. Амандық болса, көшіп келемін деп отыр. Ал ең кіші ұлым – 62 жаста, қазір менің жанымда. Ол екінші топтағы мүгедек, еңбекке жарамсыз. Оның жалғыз ұлы бар. Бес-алты жылдай болды бізбен араласпайды», – дейді әже.

Қарияның айтуынша,  оның үш бөлмелі үйін қайтыс болған ұлының қарызы үшін тартып алған.

«Баяғыда он жылдан астам уақыт бұрын қайтыс болған ұлым менің үйімді кепілге қойып, кредит алған. Бас кезінде ай сайынғы төлемдері төленді де, балам қайтыс болып кеткеннен кейін төлейтін адам жоқ, сол күйі қалып қойды. Бірақ мен «ТАТ» деген банкке қайта-қайта хабарластым, «айналайындар, мен қарашаның соңына дейін ақшасын төлеймін, үйді сатып аламыз, әзірге тұра тұрыңдар» дедім. Олар «жарайды, көреміз» деп, түк жауап бермей қойды.  Ақыры, биыл маусымның 24-і күні 10-15 шақты адам үлкен машинамен келіп, үйдің есігін бұзып кірді. Арасында полиция қызметкерлері, сот орындаушылары бар. Менің үйім үш бөлме ғой, әр бөлмеге үш-төрт адамнан бөлініп, заттарды жинай бастады. Сіздерге кім рұқсат берді десем, ауыздарын ашпайды, тек өзімен бірге алып келген қаптарына заттарды салып, сыртқа шығара берді. Жалғыз өзімнің түкке шамам келмеді», – дейді Хадиша Сатыбалдина.

Әсіресе, еңгезердей жігіттердің дәрменсіз қарияға күш көрсетіп, қорлағаны апаның жанына қатты батқан.

«Бір дәу жігіт мені екі қолымнан мықтап ұстап тұрды да, қозғалтпай қойды. Ешкімнің жанына жібермеді. Қолымды арасында бұрап-бұрап қояды, қолым ауырады, оның үстіне екі иығымнан екі алақанымен басты. Қатты ауырғаны соншалық, есімнен танып қала жаздадым. Әйтеуір есіктің тұтқасынан ұстап, құлаған жоқпын. Иә, қарызды төлеу керек екенін білемін. Бірақ мұны өркениетті түрде істеуге болатын еді ғой. «Апай біз осы күні барамыз, дайындалыңыз, жағдай осындай» деп неге күні бұрын ескертпеген», – деп кейіді кейуана.

Хадиша апаның айтуынша, сот орындаушылары келген күні еңбекке жарамсыз ұлы үйде болған. Бірақ оны аяқ астынан жедел жәрдеммен ауруханаға алып кеткен.

«Менің ауру балам жанымда болатын. Артық куәгер болмасын деді ме екен, баламды дереу жедел жәрдем шақырып, психбольницаға жөнелтті. Соның маңайында жатып шыққан еді өзі. Қайтадан соған жіберді. Менің айтайын дегенім – үйді тартып алуға бұлар мықты дайындалған, қатігездік танытты. Тоқсан жастағы апаға физикалық күш көрсетті. Мен өзі Еңбек ардагерімін, медалі, куәлігі де бар. Осындай жасқа келгенде, мені осылай қолымды бұрап, қуып шығады деп кім ойлаған?», – деп ашынды апа.

Үйіне баса-көктеп кірген бір топ адам қарияны қап-қап заттарымен бірге бір бөлмелі пәтерге апарып тастаған.

«Әкеп тыққан үйдің құжаттарын да көрсеткен жоқ. Бұл кімнің үйі? Бізді кімге әкеп тықты? Оның қожайыны кім? Мұның бәрі белгісіз. Бір бөлмелі үйге ауру баламмен тығып қойды. Ағаш жиһаз, қаптар, ыдыс-аяқтың барлығын үйіп төгіп кетті. Мен өзім мүгедекпін, көзім көрмейді, құлағым нашар естиді, жүре алмаймын. Денсаулығым күннен күнге нашарлап бара жатыр. Ертең маған Кеңсайдан орын табылады ғой, бірақ қазіргі өмірде маған орын табылмай отыр. Менің ешкімім жоқ, жалғызбын», – деп жылап жіберді әже.

Хадиша апа отыз жыл тұрған үш бөлмелі үйін қайтарып алғысы келеді.

«Оны алып қойған адамдар заңсыздық жасап отыр. Олар менің еңбек майданының қатысушысы екенімді ескермеді. Саяси қателікке барғанын ойламады. Олар мемлекеттің саясатына қарсы шықты. Мемлекет еңбек ардагерлерін қолдайды, жеңілдік жасайды, ал олар болса баспана берместен мені көшеге қуып шықты. Міне, қай жерде қарама-қайшылық», – дейді ол.

Хадиша апаның ісімен танысқан заңгер Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, үш бөлмелі үйдің ½ үлесі әжеде, қалған ½ үлесі апаның еңбекке жарамсыз ұлының атында болған.

«ТАТ» микрокредиттік ұйымы апаның үлесін даулап тартып алады да, қалған ½ үлесін еңбекке жарамсыз ұлына басқа бір бөлмелі пәтер сатып әперіп, иеленеді. Еңбекке жарамсыз адам заң бойынша мемлекеттің қарауында болады. ТАТ-тың мемлекетке тісі батпағандықтан,  бір бөлмелі пәтер сатып әперіп, ауру ұлымен айырбас жасайды», – дейді Орынбеков.

Біздің қолымыздағы құжаттар бойынша бағалау компаниясы жалпы аумағы 68,8 шаршы метр үш бөлмелі пәтерді 26 963 365 теңгеге бағалаған. Тиісінше ½ үлесі – 13 481 682 теңге.

«Үй Алматының ең майшелпек жерінде орналасқан. Ескі болса да, кемінде 70-80 млн теңге тұратын пәтер. «Алтын квадраттағы» үйлер әлі бағасын түсірмеген, Алматының қақ ортасында тұр. Сондықтан бұл жерде барынша үйді арзанға бағалағаны байқалады», – дейді заңгер.

Апаның 62 жастағы еңбекке жарамсыз ұлы Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Демеу» әлеуметтік қызметтер орталығында есепте тұр. Бостандық ауданы әкімі аппаратының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы жауабына сүйенсек, «ТАТ» МКО» ЖШС оның атына Жароков көшесінен пәтер сатып алады да, үш бөлмелі пәтердегі ½ үлесімен айырбастайды. Сот орындаушылары апаны күштеп апарып тастаған үй –  дәл осы Жароков көшесіндегі бір бөлмелі пәтер.  ТАТ-тың Жароковтағы пәтерді қанша теңгеге сатып алғаны белгісіз. Ал «Демеу» орталығы Хадиша Сатыбалдинаның ұлының пәтерінде бірге тұруына қарсы емеспіз деп жауап берген.

Нұрсұлтан Орынбеков бұл жерде әкімдік қызметкерлерінің де мүддесі болуы мүмкін деп күдіктенеді.Заңгердің айтуынша, үйді қайтару үшін алдымен бірінші инстанциядағы соттың шешіміне шағым түсіру керек.

«Бұл үлкен даулы процесс, бір жылдың әңгімесі емес. Ұзаққа созылуы мүмкін. Бірақ әділеттілік үшін, апамыз үшін көмектесуге әзірміз. Құзырлы органдар, прокуратура шығарылған шешімдерді зерделеп, әлеуметтік органдар апаның жағдайына назар аударса екен дейміз», – дейді Орынбеков.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close