ЖаңалықтарҚаржы және төлемдер

Сыбайлас жемқорлық аз елдер: Қазақстан нешінші орында тұр?

Фото: ашық дереккөз

qandastar.kz – «Қымбаттамаған не қалды?» Қазір көптің айтатыны осы. Азық-түлік бағасының шарықтауы, жалақы және жұмыссыздық. Осы үш маңызды мәселе қоғамның бас ауруына айналып отыр. Құрлық асып құлпынай теріп, шетел барып құрылыс істейтін замандастардың қатарының артуы да осымен тікелей байланысты екені анық. Себебі танымал экономист, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев айтпақшы, қарны аш адам патриот болмайды. Ал түйіні тарқамай тұрған түйткілдердің алдын алу үшін алдымен елде коррупцияны құрықтау керек дейді сарапшылар. 

Жемқорлық аз елдер: Қазақстан қай орынға тұрақтады?

Шетелдік экономистер де егер ел байып, гүлденгісі келсе, жемқорлықты жою керек деген пікірде. Байқап қарасаңыз, жемқорлық кез келген елде бар, онымен барлық мемлекет күресіп жатыр. Дегенмен, Қазақстан US News  рейтингінде 87 мемлекеттің арасында 75-інші орында тұр. ТМД елдері арасында сыбайлас жемқорлық бойынша Қазақстан Ресей мен Беларусьтен ғана алда. Өзбекстан, Әзірбайжан және Украинада Қазақстанға қарағанда жемқорлық аз. Жемқорлық ең аз елдер –  Швейцария, Канада, Швеция, Аустралия және Нидерланд. Деректер бойынша елімізде сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде 1,2 мың жемқорлық бағытындағы қылмыс тіркелген, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 17,7%-ға төмен. Олардың 855-і ауыр қылмыс, 283-і орташа, 43-і аса ауыр, 41-і  ауыр емес қылмыстарға жатады. Сонымен қатар бізде лауазымын асыра пайдалану, бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену, пара алуда делдалдық жасау және қызметтік өкілетін асыра пайдалану да кең таралғаны белгілі болып отыр.

Жаңа Қазақстанда жемқорлықтың жолы кесіледі

Шетелдік тәжірибе шет қалмасын. Мысалға, Оңтүстік Кореяны алайық. Елдің соңғы президенттері жемқорлық бабымен айыпталып, қызметінен қуылғанына қарамай, бұл елдің тұрмыстық парамен күрес тәжірибесі тың екенін байқауға болады.  1999 жылдан бері мұнда OPEN жүйесі қолданыста. Бұл – азаматтардың өтінішін онлайн режимде қарастыратын жүйе. Сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң жағдайды анағұрлым түзеген. Заңға сай, жемқорлық фактісін кәмелетке толған кез келген азамат зерттей алады. Бұдан бөлек, шендінің пара алу туралы азаматтар жазған әрбір арызы бөлек қарастырылады. Көпке үлгі болған Сингапурдың тәжірибесіне де назар аударуға болады. Себебі мұнда жемқорлықпен күрес бюросының саяси мүмкіндігі мол. Орган тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жеке сектордағы парақорлықтың да жолын кесуге тырысады. Сондай-ақ бюро мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына зерттеу жүргізіп, қай жерде заңсыз табыс табу мүмкіндігі бар екенін анықтап, алдын алу шараларына мән береді.

Сыбайлас жемқорлыққа аяусыз соғыс жарияланған елдің бірі – Қытай. ҚХР-да жалғасып жатқан модернизациялық процестердің нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай. Мұндағы жемқорлыққа қарсы күрес барған сайын ауқымын кеңейтіп келеді, нәтиже де бар. ҚХР төрағасының әрбір шенеунік «Лас қол» шабылатынын есте ұстау керек» деген сөзі Қытай үшін қазір бұрынғыдан да өзекті. Елдің құқық қорғау және сот жүйесін реформалауды жариялаған жаңа Қазақстанға бұл елден тәжірибе алмасу артық етпейтіні анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ел дамуына кедергі келтіріп отырған  сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мәселесін күн тәртібінен алған емес.

– Жаңа Қазақстанның мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, табыс алшақтығын жою, жұмыс орындарын ашу және инфляцияны тежеу. Біздің барлық күш-жігеріміз миллиондаған қазақстандықтың қауіпсіздігі мен тұрмыс жағдайының сапасын жақсартуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте жемқорлықты жою маңызды болып қала бермек. Осындай қылмысы үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынды. Бұдан былай олардан қайтарылған қаражат мектеп салуға жұмсалады. Сондай-ақ кеселмен күрес тиімді болу үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар өзгеріс енді, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Мәліметтерді парақтасақ, қор арқылы бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 76 мың орынға шақталған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылған. Қор құрылғалы есепшотына 151,6 млрд теңге түскен. Қордың қызметі мектептерді, қосалқы ғимараттарды және интернаттарды салу және қайта жаңғырту арқылы үш ауысымдық мектептер мен апатты оқу орындарының мәселелерін шешуге және жалпы білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығын жоюға бағытталып отыр.

Өзіміз кедей болғанмен, еліміз бай болса…

Қорытындыны қазақтың белгілі қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың «Үш тазалық» даналығымен түйіндесек. «Біріншіден, қанша жыл қолымда билік болса да, біреуден бір тиын да пара алмадым – Қолым таза! Екіншіден, үштіктің бірі болып, біреудің сыртынан қол қойған емеспін, яғни ешкімнің қаны мойнымда жоқ – Арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген де, тіптен ешкімнің ешқашан жүзін сұраған да емеспін – Жүзім таза!» деген екен ол.

Кезінде Бөлтірік шешен де қолындағы бар малды көрші-қолаң, ағайын-туыстарына түгел үлестіріп бергенде бір манап: «Уа, Бөлтеке! Малдың бәрін таратып бердіңіз, өзіңіздің де келім-кетім қонақтарыңыз бар емес пе? Бір-екі тоқты-торым қалдырсаңыз етті» деп ой қосқан деседі. Сонда шешен: «Бұл халық менің кедей екенімді білмейді дейсің бе? Маған қонақ келсе, мына сендер күтесіңдер. Өз алдыма мал жиып қайтейін?» деп жауап қайырған екен.

Бұл әңгіменің астарында өзінен бұрын елінің бай болуын қалайтын ұлы мұрат жатқандай. Шынында, өзіміз кедей болғанмен, еліміз бай болса, сол бай елдің шарапаты бәрімізге де тиетін бе еді?

  М.СНАДИН

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close