Жаңалықтар

Такси жүргізушілеріне 50 шақырымнан артық жүруге тыйым: Қажеттілік әлде мәжбүрлі шара?

Иллюстрация tengrinews

Шілде айының аяғында Көлік министрлігі такси сапарларын 50 шақырымға дейін шектеуді ұсынды. Қоғамда бұл мәселе жіті талқыланып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Көлік министрі Марат Қарабаев рөлі он жағындағы көлікті InDrive-қа тіркеуді алып тастау мәселесі қаралатынынын, бұл бағытта бірқатар ұсыныс әзірленгенін айтты. Сөзінше, елімізде жол-көлік оқиғаларының дені оң рульді көліктердің қатысуымен болады.

Бүгінгі таңда Сенатта «орташа жылдамдық» туралы заң қаралып жатыр.

«Бір нүктеден екінші нүктеге жету үшін орташа жылдамдықты асырмау керек, одан көп болса, автоматты түрде айыппұл келеді. Нәтижесінде жеңіл көлік пен автобустардағы орташа жылдамдық бірдей болады деп ойлап отырмыз. Сондықтан халық қайта автобусқа өте ме деген ой бар. Екінші ұсыныс – басқа елдерде InDrive сияқты агрегаттардың қалалардың арасында қатынауға рұқсаты жоқ. Мысалы, бізде де 50 шақырымға дейін болады, одан әрі қатынауға болмайды дегендей», – деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Ведомство басшысы жол апатының дені жылдамдықты қатты асырғаннан, жүргізушілердің күні-түні демалмай бір қаладан екінші қалаға жолға шығуынан деп отыр. Әрине, министрдің айтып отырғаны әзірге тек ұсыныстар екенін ескеруіміз керек.

Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоковтан Көлік министрлігінің бастамасына қатысты пікірін білдік.

«Бүгінде нарықта осындай қызмет түріне (такси – ред.) сұраныс, бұл қызметті ұсынатын жеткізуші бар. Бұл маған бағасы бойынша келісуге көмектесетін жай ғана қосымша. Такси жүргізушілерінің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бұл басқа мәселе. Бұл ойлануды қажет етеді. Жалпы алғанда, егер де қандай да бір заңнамалық тосқауылдар болмаса, онда еркін нарықта тыйым салуға қатысты осындай бастамалар кішкене түсініксіздеу», – деді спикер.

Сарапшыға InDrive қосымшасында такси жүргізушісі ретінде екінің бірі тіркеле алатынын, бұл мәселеде неге баса мән беру қажет екенін анықтадық.

«Бұл сұрақ жіті бақылауды қажет етеді. Себебі кез келген адамның тіркелуіне жол бермеу керек. Мұнда бірінші кезекте көлік тиісті техникалық жағдайда болуы қажет. Бұл такси жүргізушісі техникалық байқаудан өткен машинаны ұсынуы қажет деген сөз. Екіншісі – жүргізушінің біліктілігі. Яғни оның белгілі бір өтілі болуы керек», – деп жалғастырды ол.

Эдуард Эдоков қосымшада жүргізушілердің бір тәулікте қабылдайтын тапсырыстарының саны бойынша шектеу болуы тиіс деген пікірде.

«Біз индрайверде, яндексте болсын, көлікке отырғанда жүргізуші ұйықтаған ба, күні-түні демалмаған ба, салдарынан көлік тізгінінде ұйықтап қалмай ма – оны білмейміз. Такси жүргізушілері қолданатын қосымшада белгілі бір сағаттан артық тапсырыс көлемін қабылдауға болмайтыны жөнінде белгіленген жөн», – деді сарапшы.

Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы жолдағы қауіпсіздікті арттыруға жаяу жүргіншілер де, жүргізушілер де, полиция да жауапты екенін айтады.

«Егер де жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін сақтайтын болса, онда жолда жүру соғұрлым қауіпсіз бола түседі. Екіншісі – профилактикалық шаралар. Бұл бағытта полиция тарапынан бақылау мен түсіндіру жұмыстары күшейгені жөн. Келесі мәселе – инфрақұрылымның дұрыс болуы», – деді Эдуард Эдоков.

Енді жүргізушілерге қандай талап қойылуы мүмкін?

Таксомоторлық тасымалдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірқатар өзгерістер енуі мүмкін. Мәселен, жүргізуші жолға шығар алдында медициналық куәландырудан өтуі керек, еңбек және демалыс кестесін және жылдамдық режимін сақтауы тиіс. Сондай-ақ таксомоторлық тасымалдарға тартылған автокөлік міндетті түрде Қазақстанда тіркеліп, жылына екі рет техникалық байқаудан өтуі тиіс. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев пен inDrive негізін қалаушы Арсен Томскийдің кездесуі нәтижесінде белгілі болды.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close