Жаңалықтар

Абзал Құспан қандастарға:”Сіздер үшін мемлекет күнде заң шығармайды”

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Отан-оттан да ыстық» жобасының аясында белгілі заңгер – Абзал Құспанмен шеттен келген қандастар арасында құқықтық мәселелерді талқылау жиыны өтті. Шараға қоғам белсенділерімен қатар, қандастар мәселесімен айналысып жүрген қоғамдық ұйым өкілдері, журналистер қатысты. Кездесуде қандастар Абзал Құспанға қазіргі құқықтық проблемаларын тікелей жеткізіп қана қоймай, алдағы уақытта құжаттық қиыншылықтарды қалай шешудің жолдары талқыланды.



Абзал Құспан: «Мен қандастар мәселесін, сіздер айтып отырған құжаттық қиыншылықтардың бәрін жақсы білемін. Биылғы жылға қандастар мәселесіне енді назар аудара бастадым. Оның себебін өздеріңіз жақсы білесіздер. Отбасылық жағдайларға байланысты көптеген шаралардан бас тартып келемін. Бірақ, бұл қандастар мәселесіне мүлдем араласпай кетті деген сөз емес. Мәселен, өткен жылы біраз шулатып та, шулатпай да жұмыстар атқардық. Нәтижесінде биыл бір жылдық қандастардың азаматтық алуына жеңілдік жасалуына мүмкіндік әпердік. Мұнымен бәрі қазірде шешіліп кетпеді. Проблема әлі де бар. Қытайдағы нопос (тіркеу) мәселесі, қызыл паспортты Қытай елшілігі арқылы қию, тағысын тағылар. Былай қарап отырсаңыз, Қытайдағы тіркеу дегеніңіз ештеңе де емес. Қазақстанның азаматтығын алып алдыңыз ба, ендеше Қытайға тәуелділік болмауы керек. Бірақ, заң солай. Демек, солай болуға тиіс. Қытайдың ішкі мәселесіне біз араласа да, қарсы бір ауыз сөз де айта алмаймыз. Дейтұрғанмен, жағдайдың бәрі Қытайға тіреліп тұрған жоқ. Өз ішімізде де шешіп, реттеуге тиісті әлі талай түйткілді проблемалар жетеді. Енді оны айқайлап, жеке-жеке адамдардың мәселесін айта беруден түк те өнбейді. Сондықтан, өткен жылғы тәжірибеміз бар, жалпы менің жеке тәжірибем бар, жұмысты шешудің ең дұрыс жолы – парламент. Заң шығару, өзгерту және қабылдау солардың қолында. Әр нәрсенің өз шешу жолы бар. Мен сіздерге соны айтқым келеді. Осында отырғандарың бар және осындағылардың әр қайсыңыздың артыңызда жүздеген, мыңдаған қандас бар. Солардың басын біріктіре, солардың құжаттық проблемасын біріктіре отырып, жұмыс тобын құрыңыздар. Сол арқылы парламентке жеткізесіздер. Мен сол жолда бағыт-бағдар сілтеп, жөн көрсетіп отыруға әзірмін. Өзім де боламын. Бірақ мәселенің басы қасында жүрген өздеріңіздің тікелей араласқандарыңыз одан да маңызды, одан мәнді болар еді. Сондықтан бүгінгі қазақ қоғамындағы қандастар мәселесінде белсенді азаматтардың басы бірігетін кез келді. Сіздер үшін мемлекет күнде заң шығармайды. Қалған ұсақ мәселелер жергілікті органдармен бірлесе отырып, ақылдасып, шешуге болатын дүниелер деп есептеймін.»




Бұдан тыс, Абзал Құспан биылғы Елбасының шешімімен шыққан жарлықты жаппай нәсихаттау керектігін баса айтты. Яғни, қандастардың ҚР азаматтығын алуда жеңілдетілген тәртіп биылғы жылдың соңына дейін күшіне ие екенін, биылдан кейін үлгермеген қандастарға құжаттық мәселесі тіптен қиындайтынын жеткізді. «Мемлекет келген қазаққа кет демейді. Барлығын алып қалады. Алып қалып та жатыр. Міне биыл мүмкіндік беріп отыр. Бірақ, жылда-жылда заңға өзгерістер, толықтырулар енгізе бермейді ғой. Осы орайдан мүмкіндікті пайдаланбай қалып кетсеңіздер тағы 5-6 жыл заңға өзгеріс енгенше сабылып қаласыздар.» – деді заңгер.
Жиын барысында, қандастар арасында этникалық қазақтардың мәселесін көтеруді қолға алған «Ел-Аманаты» қоғамдық бірлестігінің директоры Ырысбек Тоқтасын мырза сөз алып, бүгінгі таңдағы бірқатар қиыншылықтарға тоқталса, «Қайырымды қандастар» қорының жетекшісі Баһаргүл Табысқызы барша қазақ еліне, соның ішінде қандастар мәселесіне мүдделі, құлықты болған қоғамдық ұйымдар мен қоғам белсенділеріне, Елбасы мен ел ағаларына алғысын білдірді. Әсіресе, 2019 жылы көші-қон заңына өзгерістер енуіне, құжаттық жеңілдіктің берілуіне мүмкіндік туғызған, мұрындық болған Абзал Құспан мырзаға барша қандастар атынан шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Құрметолла Мұхаметханұлы


Осы айдарда

Добавить комментарий

Close