Әлеумет және қоғам

“Сезон“ келді: Пәтер жалдау бағасы қанша болып жатыр?

Фото: ашық дереккөз

Жыл сайын тамызда Алматыда пәтер бағасы бірнеше есеге өседі. Биылғы жағдай қандай? Massaget.kz тілшісі қазіргі ахуалға шолу жасап, сарапшымен сұхбаттасты.

Шілденің аяғында баға қандай еді?

Баға қалай өзгеретінін анықтау мақсатында өткен айда танымал сайттардың біріне шолу жасадық. Жоғары оқу орындарына жақын немесе жету оңай, қауіпсіз шағынаудандардағы пәтерлерге басымдық берілді.

Айта кетейік, бағасы 60 мың теңгеден басталатын пәтерлер де табылды. Дегенмен мұндай пәтерлердің жағдайы тым нашар немесе тым алыста орналасқан.

Наурызбай, Алатау, Түрксіб ауданында орналасқан пәтерлер 150 мың теңге шамасына бағаланған.

Қаладағы белді жоғары оқу орындарына жақын орналасқан арзан пәтерлер байқалды, дегенмен бұрынғы жатақханаларда орналасқан. Мұндай жағдай Әуезов ауданындағы пәтерлерге де қатысты.

Алматылық студенттер көбіне Бостандық, Алмалы, Әуезов аудандарынан пәтер жалдағанды құп көреді, оған қоса бірнеше адам бірігіп жалдайтынын ескергенде, әдетте 2 бөлмелі пәтерлер сұранысқа ие. Сонымен шілдеде баға мынадай болды:

  • Бостандық ауданында 180 мың теңге, 200, 210, 220 мың теңге, 480-500 мың теңге арасында өзгерген;
  • Алмалы ауданында 150, 230-270, 450-500 мың теңге арасында өзгерген;
  • Әуезов ауданында 170, 230, 495 мың теңге арасында өзгерген.

Қазіргі баға қандай?

Қазіргі пәтер бағаларына қатысты да танымал сайтқа шолу жасадық. Негізгі көздегеніміз – Алмалы, Әуезов, Бостандық аудандарындағы пәтерлер.

  • Алмалы ауданында ең арзан баға – 65 мың теңге.

Пәтердің ауданын, жағдайын ескергенде, мұндай бағадағы пәтерлер студенттерге қолайсыз екені түсінікті.

«Өкінішке қарай, баға тек өсіп жатыр» – сарапшы

7 жылдан аса уақыт тұрғын үй саласында жалға алу, жалға беру, жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу қызметтерін көрсетіп жүрген білікті маман Шынар Алашбаева Алматыда қазір пәтер бағасы қандай екенін айтты.

«Өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Баға ешқашан түскен жоқ. Тек жыл сайын қымбаттап жатыр. Жұрт баға түседі деп күтеді, өкінішке қарай, сұраныс та жоғары, баға да жоғары. Бұл қаланың аудандарына да байланысты. Мысалы, Әуезов ауданындағы 1 бөлмелі пәтерлер 150 мың теңгеден басталып 250 мың теңгеге дейін жетеді. Орталықтан, Алмалы, Бостандық, Медеу аудандарынан алатын болсақ, 1 бөлмелі пәтерлердің бағасы 200 мың теңгеден асады. Кейде 450 мың теңге дейін жетеді. Ал шет аудандардан 120, 130 мың теңгеге табуға болады. Шет жақтарда уақытша үйлер, жатақхана типтес үйлерден бөлмелер табылады. Олардың бағасы арзанырақ, 60-80 мың теңге арасында. 2-3 бөлмелі пәтерлердің құны да аудандарға байланысты. Орташа 350-400 мың теңгеден басталады. Ең қымбат тұрғын үй кешендерінде баға 1 миллион теңгеден асады», – деді сарапшы.

Маман Алматыда Алмалы, Бостандық, Медеу аудандары негізінен сұранысқа ие екенін, дегенмен кейінгі кезде Әуезов ауданы да бұл қатарға қосылып келе жатқанын жеткізді. Өйткені аудан аумағынан метро өтеді және қоғамдық көліктер жақсы жүреді.

Сарапшы пәтер бағасы өсуіне қандай факторлар әсер ететінін атады.

«Өмір сүру құны қымбаттауы пәтер бағасына да әсерін тигізбей қоймайды. Ең маңыздысы – инфрақұрылым мен қоғамдық көліктің жақын жерден жүруі. Дүкен, оқу орындары, мектептер, балабақшалар жақын болуына байланысты сұранысқа ие орталық аудандарда баға жоғары. Үйдің жағдайына да байланысты. Шаршы метрі үлкен, жөндеу жұмыстары жақсы жасалған болса, қымбат болады», – деп түсіндірді ол.

Пәтер жалдайтындарға маманнан бірер кеңес:

  • Қаланың аудандарын, нарықты зерттеу керек;
  • Қоғамдық көлік жақсы жүретін аудандарды таңдау қажет;
  • Жалға алынатын пәтердің жағдайына, орналасқан жеріне назар аударған жөн;
  • Күзде пәтер бағасы өсетінін ескеріңіз;
  • Пәтерді көрмей, құжаттарын тексермей, ақша аудармау керек;
  • Келісімшартқа, соның ішінде ұзақ мерзімге келісімшартқа отырған дұрыс.

Айта кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі 104 жоғары оқу орнында 93 367 орындық 264 жатақхана бар екенін, дегенмен әлі де 19 174 орын жетпейтінін мәлімдеген еді.

Еске салайық, былтыр да Алматы мен Астанадағы пәтер жалдау бағасы туралы арнайы материал әзірлеген едік.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close