Жаңалықтар

Кино көруге барған бүлдіршіндерге жыныстық қатынасы бар фильмдер жарнамаланған

Фото: istockphoto.com

Түркістанда кино көруге барған бүлдіршіндерге жыныстық қатынасы бар фильмдердің жарнамасы көрсетілген. Бұл туралы желі қолданушы Молдияр Ергебеков Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол Түркістандағы Хадиша плаза кинопарктың әрекетін қатаң сынға алды.

«8 жасар қызыммен бірге мультфильм көру үшін Кинопарк кинотеатр желісінің Түркістандағы филиалына бардық (Хадиша плаза кинопарк). Әрбір фильм көрсетілместен бұрын жақында көрсетілімге кіретін фильмдердің жарнама роликтері жүреді, 10 минуттай. Балаларға арналған сеанста ересектерге арналған фильмдердің жарнамасы жүрді. Ал фильм жарнамалары әрдайым фильмнің ең драмалық, ең трагедиялық немесе ең күлкілі сахналарын қолданады. 10 минуттың ішінде кішкентай ғана қызым әрбәлені көрді: жыныстық қатынасы бар сахналар, асылып өлейін деп жатқан адам, үй ішіндегі аса қатыгез зорлық-зомбылық және тағы басқа… Бұл өте сұмдық жағдай. Балаларға арналған сеанста тек балаларға арналған контенттің жарнамасы жүруі керек», – деп жазды М. Ергебеков.

Ол өз сөзінде кинопарк және тағы басқа кинотеатр желілері бұны білмесе Мәдениет және ақпарат министрлігі оларға айтып міндеттеуі керек екенін атап өтті.

«Қызымды әңгімеге айналдырып қорқынышты сахналарды көруден аулақ ұстауға тырыстым, алайда кинотеатрда бұны жасау мүмкін емес. Елімізде суицид жасау жасы бүлдіршін жастағыларға дейін төмендеген мына заманда, мұндай қорқынышты оқиғалардың себептерінің бірін осынау 10 минуттық жарнама роликтерінен де іздеуге болады деп ойлаймын. Қадірмен оқырмандарым, бұл сұмдықты бәріміз бірігіп тоқтатайық. Бұл жағдайға үн қосыңыздар! Балалардың психикалық және физиологиялық денінің сау болуы біз ересектерге байланысты екенін ұмытпайық», – деп жазды ол.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close