Жаңалықтар
«Тіпті күлкілі»: депутат «Алтын алқа» үшін берілетін жәрдемақы мөлшерін қатаң сынады
Фото: parlam.kz
Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева Премьер-министр Олжас Бектеновтен «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Қола алқа» ордендерімен марапатталған аналарға жәрдемақы мөлшерін көтеру жайлы депутаттық сауалға толыққанды жауап беруді сұрады деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгінде елімізде 583 мыңнан астам көпбалалы отбасы тіркеліпті. Оның ішінде 90 пайызы 4 және 5 бала тәрбиелеп отырған отбасылар саны – 525 мың.
Депутат Танашева осы отбасыларды мазалайтын ең басты проблеманы атап өтті.
Егер үлкен балалары 18 жасқа толғаннан кейін оқу орындарына түсе алмаса, ондай жағдайда көпбалалы отбасылар жәрдемақыдан да, басқа мемлекет тарапынан берілетін көмектен де айырылатынын айтады.
«Көпбалалы аналарға арналған мемлекеттік наградалар мен жеңілдіктерді қазіргі уақытта біз қайтадан қарастыруымыз керек. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – көпбалалы аналарға арналған марапаттарды жаңарту және олардың заманауи қоғамда лайықты құрмет пен қолдауға ие болуын қамтамасыз ету» – дейді депутат.
Гауһар Танашева аталмыш мәселеге байланысты үш ұсыныс жасалғанын мәлім етті.
«Үкімет тарапынан жоғарыда аталған проблемалық сұрақтар бойынша және былтырғы жарияланған депутаттық сауалға толыққанды, барлық талап бойынша жауап беруді сұраймыз», – дейді Гаухар Танашева.
Депутаттың сөзінше қазіргі «Алтын алқа» және «Күміс алқа» ордендері үшін жәрдемақы мөлшері тіпті күлкілі: жеті бала үшін – 27 321 теңге, ал алты бала үшін 23 629 теңгені құрайды.