Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар
«АЭС-ті кім салатынын білемін»: Бапи АЭС туралы тың ақпарат айтты
Фото: Алаш.кз
Қоғамда АЭС құрылысына байланысты күмәнді, даулы сауал көп. Халық «АЭС салынатын аумақтың табиғаты бүлінбей ме?» деп те қорқады. Мәжіліс депутаттары елді алаңдатқан маңызды сауалдарға жауап берді, – деп жазады qandastar.kz Dalanews.kz сайтының дерегіне сүйеніп.
Белгілі саясаткер, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өзіне жеткен инсайдерлік ақпарат бойынша елімізге қай мемлекет АЭС салатынынан хабары барын айтып, қорқуға еш негіз жоқ деп сендірді.
«Біріншіден, қоғам білмей жатқан бір мәселе: атом электр станцисының құрылысына Қазақстанның бюджеттік қаржысы кетеді, «оны жемқорлар тонайды» деген түсінік бар. Бұл Қазақстанның ақшасы емес, бұл Бүкіләлемдік банктің несиесінен салынады. Әрине, бізде сыртқы қарыз бар. Дегенмен бұл – бізге өте пайдалы, тиімді қаржыландыру көзі. Сондықтан Қазақстанның, бюджеттің ақшасы кетеді деген қорқыныш болмауы керек, бұл ұзақ жыл қайтарылады, инвесторға 30-40 жылдың маңында қайтатын ақша.
Екіншіден, бізде қоғам тарапынан қауіптің бәрі жемқорлыққа келіп тіреледі ғой. Қарсы болып жатқан халықтың көпшілігі атом электр станциясының өзіне қарсы емес, игеру мәселесіне, біздегі жүйеге қарсы.
…Маған жеткен инсайдерлік ақпарат бойынша оны (АЭС-ті) кім салатынын білемін. Егер Қазақстанға қажетсіз бір ел салатын болса, бұл мәселеге қарсы болатын едім», – деді Ермұрат Бапи «Жетінші студияға».
Депутат Елнұр Бейсенбаев «Балқаштың суы бүлінеді» деуге де ешқандай негіз жоқ екенін мәлімдеді.
«Тағы бір мәселе, үрей бар. Атом электр станциясы Алматы облысында Балқаштың төңірегінде салынады. Қоғамда «Балқаштың төңірегінде салынады, Балқаштың суын пайдаланады, ертең Балқашқа қайтадан осындай су құйылады, температурасын көтеріп жібереді, фауна өзгереді» деген үрей бар. Олай емес. Оған арнайы су дайындалады. Ол Балқаштан алынуы мүмкін, жерасты суы алынуы мүмкін. Оның өзінің арнайы минералдану процесі болады. Содан кейін атом электр станциясынан су бөлініп шықпайды. Ол буланып кетеді.
Өткенде мамандар да айтты. Қазіргі реакторлар сусыз жұмыс істей береді, көп су қажет емес. Оны Үлкен ауылының маңында саламыз деген ой бар. Бұл – зерттелген жоба», – деді Елнұр Бейсенбаев.
Айта кетейік, елімізде АЭС салу мәселесіне қатысты ұлттық референдум 6 қазанда өтеді.