Жаңалықтар

Олжас Бектенов агробизнес өкілдерімен Президент жолдауы аясында АӨК қолдау шаралары мен астық жинау науқанының барысын талқылады

 

Премьер-Министр Олжас Бектенов өңірлердегі отандық агроөнеркәсіп кәсіпорындары өкілдерімен кеңейтілген форматта кездесу өткізді, онда ауыл шаруашылығы саласын қолдау мәселелері және астық жинау науқанының барысы талқыланды, деп хабарлады . Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі шаралар қаралды.

Кездесу барысында АӨК субъектілерін ұзақмерзімді мемлекеттік қолдау тәсілдері қаралды.

«Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында кәсіпкерліктің дамуы мен оны қолдау шараларына ерекше назар аударды. АӨК-тің тұрақты дамуы – біздің азық-түлік қауіпсіздігіміздің кепілі, сондықтан Үкімет 1 млн-нан астам азаматымыз жұмыспен қамтылған ауыл шаруашылығын қолдау шараларын жалғастыра береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров және Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының әкімдері АӨК-ті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру туралы баяндады.

Президент тапсырмасы бойынша биыл Үкімет көктемгі егіс және астық жинау науқанын оңтайлы жүргізу үшін қажетті жағдайдың барлығын жасады. Саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемі бірінші рет 3 еседен астам ұлғайтылып, рекордтық көрсеткішке, яғни, 580 млрд теңгеге жеткізілді. Бұл қаражат егіншілерді тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге және форвардтық сатып алуға жұмсалды. Сыйақы мөлшерлемесін төмендету Бәйтерек холдингі коммерциялық қаражатты тарту сатысында жүргізілді. Келесі жылы қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыру кезінде осындай тетік іске қосылады. Жалпы, агробизнеске мемлекет тарапынан тұқым материалы мен тыңайтқыш сатып алудан бастап, экспорттық қолдауға дейінгі барлық кезеңде жан-жақты көмек көрсетіледі.

Президент тікелей субсидиялаудан қолжетімді несие беруге көшу арқылы АӨК субъектілерін қаржыландыру көлемін ұлғайту міндетін қойды. 2025 жылдан бастап шаруалар қаржы институттарынан тікелей арзандатылған несие ала алады. Субсидиялау мәселелері толығымен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеледі. Осылайша, шаруа субсидия ресімдеу бойынша артық әуре-сарсаңнан құтылады.

Биыл жеңілдетілген несиелеудің рекордтық көлеміне қол жеткізілді. Келесі жылдан бастап саланы қаржыландыру көлемін арттырып, 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Премьер-Министр Олжас Бектенов биылғы желтоқсан айында шаруаларға келесі жылдың алғашқы қаржысы түсуі тиіс екенін атап өтті.

Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды жеңілдікпен қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Үкімет биылғы бөлінген қаражат көлемін едәуір ұлғайтты, бұл 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолда бар паркті жаңартуға мүмкіндік берді. Ел шаруалары 19,5 мың ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды, жаңарту деңгейі – 5%-ды құрайды. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 5,5%-ға, келесі жылы 6,5%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар отандық нарықтың қажеттіліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын қазақстандық кәсіпорындардың қуатын арттыру тапсырылды.

Биылғы наурыз айында елімізде отандық тыңайтқыштарды сатып алу үшін аванстық субсидиялау тетігі енгізілді. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл топыраққа 1,2 млн тонна тыңайтқыш енгізілді, бұл өткен жылғы деңгейден 2 есеге артық. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жерлерінің тозуын азайту жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, әкімдіктер 2025 жылы тыңайтқыш енгізу көлемін 1,9 млн тоннаға дейін арттыруы қажет.

Отандық тұқым шаруашылығын дамыту мәселесін қарастыру кезінде өсімдік шаруашылығында, әсіресе көкөніс, жеміс және бақша дақылдарына қатысты импорттық тұқым материалдарын пайдалануды қысқартудың маңыздылығы атап өтілді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне селекция және тұқым шаруашылығы жүйесін сапалы дамыта отырып, осы мәселемен айналысу тапсырылды. Сондай-ақ отандық тұқым өндірушілердің пайдасына субсидиялау тетігін қайта қарау қажеттігі көрсетілген.

Жиынға қатысушылардың назары өнімді қайта өңдеу және экспорттау арқылы өткізуге аударылды. АШМ деректері бойынша биылғы астық өнімі кем дегенде 20 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. «Атамекен» палатасымен Сауда және интеграция министрлігіне дәстүрлі өнімдермен шектелмей, Орталық Азия, Қытай, Ауғанстан және Иран сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым экспорттық нарығын кеңейту, сонымен қатар ЕО елдері, Солтүстік Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және т. б. жаңа бағыттарды пысықтау тапсырылды.

Премьер-Министр еліміздің азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуінің маңыздылығын атап өтті. Ауыл шаруашылығы саласын жан-жақты қолдау және оған қолайлы жағдай жасау бағытында қажетті шаралардың барлығын қабылдап жатқанын атап өтті. Сонымен қатар бизнес те ашық әрі адал жұмыс істеуі тиіс. Мемлекеттен бөлінген қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермеу үшін 2025 жылы елімізде ауқымды ауыл шаруашылығы санағы жүргізіледі. Ол жер және егіс алқабы, мал басы, ауыл шаруашылығы техникасы мен инфрақұрылым бойынша деректерді өзектендіруге мүмкіндік береді.

«Президент Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, өнімділікті арттыру және ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамту, саланы тиімді әрі ашық қаржыландыру бойынша нақты міндеттер қойылды. Аталған жұмыс мемлекет пен бизнестің бірлескен тығыз қарым-қатынасы шеңберінде іске асырылуы тиіс. Тек сонда ғана біз жоғары нәтижеге қол жеткіземіз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

***

Талқылау барысында отандық агро кәсіпкерлер саланы одан әрі дамыту бойынша өз ұсыныстарын айтты, сондай-ақ бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.

«Биыл АӨК саласын қаржыландыруды ұлғайту бойынша атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өткім келеді. Фермерлер бұл қолдауды сезінді. Жеңілдігі бар несиелер бізге жеткілікті қаражат есебінде емес, қажетінше жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Сапалы тұқымдар, ЖЖМ, тыңайтқыштар уақтылы сатып алынды. Барлық агротехнологияларды дұрыс қолдана отырып және мемлекеттің осындай қолдауын көре отырып, біз нашар өнім алуға құқығымыз жоқ. Мұнда мал шаруашылығы туралы айтуымыз керек: иә ол көп еңбекті қажет ететін процесс, бірақ мал шаруашылығында адамдар жыл бойы жұмыс істейді. Жалпы шаруашылықтар көп салалы болуы керек, тек өсімдік шаруашылығымен айналыспай, сонымен бірге мал басын көбейту қажет. Сонда бізге экспортқа квота қажет емес, еркін сауда жасаймыз, нарықтарды жаулап алатын боламыз. Бүгінгі кездесуге қатысушылардың көпшілігі мал ұстамайды. Әріптестер, біз оған қатысуға тиіспіз, барлығыңызды осы іске шақырамын», — деді фермерлік қоғамдастық атынан сөйлеген АӨК дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы, «Зенченко и К» компаниясының құрылтайшысы Геннадий Зенченко. Сонымен бірге кәсіпкер тұқым шаруашылығы және ветеринария саласындағы отандық ғылымды дамыту мәселелерін көтеріп, сала үшін кәсіби кадрларды даярлаудың маңыздылығын атап өтті.

Қызылорда облысының «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев көрші елдермен қол жеткізілген үкіметаралық уағдаластықтардың нәтижесінде өңірдің шаруалары биыл егіндік сумен қамтамасыз етілгенін хабарлады. Биыл компания 2 мың гектардан астам алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, оның 1,5 мың гектарына жуығы күрішке бөлінген. Күріш алқаптарына лазерлік орналастыру жүргізілді, бұл суармалы суды 30%-ға үнемдеуге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда өнімнің 50%-дан астамы жиналды. Кәсіпкер су үнемдеу технологияларын енгізу үшін фермерлерді қолдаудың қосымша шараларын пысықтау мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс жасады.

Сондай-ақ Жетісу облысының «Хильниченко и К» сенімді серіктестігінің басшысы Александр Хильниченко сөз сөйледі: «Мемлекеттік қолдаудың тиімділігінің жарқын мысалы – біздің облыстағы қант саласы. Бір жыл ішінде нәтижелер бар: қант қызылшасы алқабы 2023 жылы 7 мың гектардан 2024 жылы 13,7 мың гектарға дейін екі есе өсті; соңғы онжылдықта 600 мың тонна рекордтық өнім алынды. Мұның бәрі агротехнологияларды сақтаудың нәтижелері: біз сапалы тұқымдармен жұмыс жасадық, тыңайтқыштарды қолдандық, уақытында өңдеулер жүргіздік, соның арқасында жоғары өнімділік қамтамасыз етілді. Қант қызылшасын өндірушілер өнімділікті одан әрі арттыруға дайын. 2024 жылы қанттың жеке өндірісі 2 есе өсіп, еліміздің қажеттілігінің 22%-на жетеді. Қант қызылшасын өндіруге басымдық беріп, субсидиялаудың мөлшерін өңдеуге тапсырылған бір тонна үшін 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайту маңызды қадам болғанын атап өткім келеді».

АШМ деректеріне сәйкес, биыл агротехнологияларды енгізу бойынша қабылданған шаралардың және Жамбыл облысы мен Жетісу облысының диқандары жүргізген әртараптандыру жұмысының нәтижесі арқасында қант қызылшасынан жоғары өнімділік күтіліп отыр. Қант қызылшасын өткізуге қатысты Жамбыл облысынан 450 мың тонна Меркі қант зауытында өңделеді, қалған 100-150 мың тонна Жетісу облысында орналасқан Ақсу қант зауытына жіберіледі. Өз кезегінде, өнімді қайта өңдеу 120 мың тонна қант өндіруге мүмкіндік береді, бұл еліміздің қантпен өзін-өзі қамтамасыз етуін едәуір арттырады.

Құрамына Батыс Қазақстан облысының 60-тан астам озық шаруашылықтары кіретін фермерлік Агроорталық ҚБ төрағасы, «АгроСервис-Батыс» компаниясының басшысы Армат Бисенов еліміздің жас фермерлерінің атынан сөз сөйледі. Ол «КеңДала-2» бағдарламасын енгізудің маңызын атап өтті, бұл тауар өндірушілерді жеңілдігі бар несиелендірумен қамтуды бірнеше есе арттыруға және агротехнологияны дұрыс сақтауға мүмкіндік берді.

Бірқатар өңірлердің аграршылары бейнеконференцбайланыс режимінде ұсыныстарын жеткізді. «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығының» бас директоры Фарид Абитаев (ШҚО), «Жетісу» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Жанат Исағұлов (Алматы облысы), «Тұлпар LTD» ЖШС Валерий Голоухов (БҚО) минералды тыңайтқыштарды пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімдеріне баға белгілеу, сондай-ақ тауарлы-сүт фермаларын салу бағдарламасы шеңберінде жеңілдікпен кредиттеу тетіктеріне қатысты мәселелерді көтерді.

«Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов бірқатар өзекті мәселелерді айтты, оның ішінде АӨК саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың маңызын атап өтті.

***

Сонымен қатар қазіргі күн тәртібіндегі мәселе – егін жинау науқанының барысы қаралды.

Еліміздегі ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы өнім жинау алаңы биыл 23,3 млн га құрайды. Бүгінгі таңда 11,3 млн га дәнді және бұршақты дақылдар жиналды немесе 67,9% (өткен жылы осыған ұқсас көрсеткіш 42,8%-ды құрады). Орташа өнімділігі 14,7 ц/га болған кезде 16,7 млн тонна астық бастырылды, бұл агротехнологиялардың дұрыс қолданылғанын көрсетеді. Элиталық тұқымдардың үлесі 7,1%-дан 9%-ға дейін өсті.

Премьер-Министр жаңа егінді сақтау және нанның сапасын жақсарту мәселесі маңызды екенін атап өтті. Республикада астықты сақтаудың жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды. АШМ мәліметіне сәйкес, көрсетілген қуат көлемі өткен жылдардың ауыспалы өнім қалдықтарын ескере отырып, жоспарланған егін үшін жеткілікті. Астық қабылдау кәсіпорындарына 2,5 млн тонна астық, оның ішінде 1,8 млн тонна бидай түсті. Жаңа өнімді қабылдауға элеваторларды босату үшін астықты ауыстырып тиеу және сату бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, биылғы тамыз айында және қыркүйектің 15 күнінде Азық-түлік корпорациясы мен ҚТЖ 1,2 млн тонна астықты тасымалдады, оның 1 млн тоннасы экспортқа жіберілді. Астықтың бір бөлігі Өзбекстан мен Қытайға экспортталады, қалған көлемі ішкі қажеттіліктерге бағытталады. Қыркүйек айында ҚТЖ-ның жаңа астық дақылын тасымалдауды қамтамасыз ету жоспары 1,9 млн тоннаға дейін ұлғайды, 20 күн ішінде 500 мың тоннадан астамы жөнелтілді, оның ішінде – 400 мың тоннадан астамы экспортқа шығарылды. Қазақстандық астықтың дәстүрлі өткізу нарығы – Иранға жөнелту жанданғаны байқалады.

Ауыл шаруашылығы жұмыстарын сапалы жүргізу үшін биыл фермерлер жеңілдетілген отын мен тыңайтқыштардың жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілді. Өңірлерге 226,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны немесе жоспардың 64%-ы жөнелтілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Энергетика министрлігі дәнді және майлы дақылдарды кептіруге қосымша 67,7 мың тонна дизель отынын бөлді.

Үкімет басшысы ағымдағы жұмыстың негізгі басымдығын атап өтті – егін жинау науқанын оңтайлы мерзімде аяқтау, жиналған егінді сақтау және өндірілген өнімді өткізуді қамтамасыз ету. Мұнда барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың үйлестірілген жұмысының маңызы атап өтілді.

***

Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-Министр мемлекеттік органдарға елдегі егін жинау науқанының сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ бизнестің барлық ұсыныстары мен тілектерін пысықтауды тапсырды.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close