БілімЖаңалықтар
Жас тарихшы ұлттық идеологияны насихаттайтын жобаларды сынға алды
- Фото: жеке қорынан
Қазақ тілі мен қазақ тарихының дамуына үлес қосып жүрген тарихшы, кәсіпкер әрі блогер Нұрқожа Ерсайын соңғы уақытта қазақ халқы “жауынгер рухынан” көз жазып бара жатқанын алға тартты. Айтуынша, қазіргі таңда тарихымыздың тек қараңғы беттерін еске алу трендке айналған. Бұл туралы ол Dalanews.kz агенттігіне баяндап берді, – деп жазады qandastar.kz
Тарихшы ұлттық идеологияны насихаттауда жол беріліп жатқан қателіктерге тоқталды.
“Қазақ – өте текті халық. Бірақ неге қазақтар өзін бейшара етіп көрсеткенді жақсы көреді? Неге біз жылауық болып кеттік? Ашаршылық, Семей полигоны, анау бізді жаулап алды, мынау бізді қинады деп жатады. Әлеуметтік желіде, халық шығармаларында, кинода,қойылымдарда, қайда қарасаң да, кімді тыңдасаң да, қазақтар әлемдегі ең бейшара халық болғандай әңгімелер айтады. Ұлы, қуатты, жаугершілік халықтың ұрпағы қалайша осы күйге түсті? Қай халықтың тарихында ашаршылық болмаған? Жалғыз бізде ғана болды ма?
Бұл құрлықтағы елдердің көпшілігіне ашаршылық алып келген – көшпенді түрік елдері. Алайда басқа ұлттар оны айтпайды. Олар өз ата-бабаларының мықтылығын көрсетіп кинолар түсіреді, кітаптар жазады. Ал бізде ұлттық идеологияны дәріптейтін жобаларымыз қазақтың ең нашар күндеріне арналып жатады”, – дейді ол.
Айтуынша, тарихтың бұлыңғыр кезеңдерін үнемі қазбалап отыру жақсылыққа әкелмейді. Сондықтан ел мүддесін көтеретін жобаларды жолға қойса деген тілегі бар.
“Жас буынға ата-бабамыздың ең нашар күндерін көрсете берсек, олар шетелдің мықты тарихына тамсана берсе, ертең бұл елде қалғысы келе ме? Немесе қазақ тілін үйренгісі келе ме? Әрине, жоқ. Өзге елдің тарихын қызықтап, өз елінің тарихынан ұялып жүрген жастар қандай әрекетке баруы мүмкін? Мен ертең балама сенің ата-бабаң қиналған, аштықтан қырылған, тілі мен дінінен айырылған деп айтқым келмейді. Мен балаларыма бүкіл әлемді төңкерген, көрші елдерден бөлек Африка, Үндістан, Еруропаға дейін тұяқ ізін қалдырған ата-бабаларымыздың бейнесін көрсеткім келеді”, – дейді тарихшы.
Сонымен қатар ол тарихтың сынаққа толы сәттерін жиі насихаттайтын танымдық орындарды да сынға алды.
“Әрине, тарихтың қараңғы беттерін ұмытуға болмайды. Оны да еске алып, айтып жүру керек. Бірақ бүгінгі күні оның трендке айналып кеткені дұрыс па? Мен кинода, театрда, халық шығармаларында Алтын Орданы, Түрік қағандығын, Шыңғысхан империясын, Қыпшақ, Найман хандықтарын көргім келеді. Себебі қазақ елі – осы қуатты, көшпелі империялардың мұрагері. Біз жарты әлемді тізеге қойған, барған жерінде өз тәртібін орнатқан, қалаларды жер мен жексен етіп, ең мықты елдерді бағындырған қуатты жұрттың ұрпағымыз.
Не себепті бүгінгі қазақтар құрбанның рөлін алып алды?! Біз зар еңірейтін халық емеспіз. Бұны доғару керек”, – дейді ол.
Осы тұста, тарихшы көпшілікті еңсесін биік ұстап жүруге шақырды.
“Бұның бәрін жастарға ой салатын шапалақтай болсын деген ниетпен айтып отырмын. Осы жерге ие болып отырған көк бөрілердің ұрпағы аянышты түр жасап, мейірімге мұқтаж күшікке айналып бара жатыр. Мен бұған қарап отыра алмаймын және қазақтардың ішінде ұйықтап жатқан еркін, көшпелі сарбаз рухы әлі оянады деп сенемін. Қазір ғылым мен білімді, қоғамды дамытатын заман”, – деп сөзін түйіндеді ол.