Жаңалықтар
«Төрт сағатқа сұранған»: Ақмола облысында жұмыссыз қалған әйел сот шешімімен қайтадан жұмысқа алынды
Фото: istockphoto.com
Ақмола облысында заңсыз жұмыстан шығарылған көпбалалы ана сот шешімімен қайтадан жұмысқа алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы «П.» ЖШС-не жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп тану, жұмысқа қайта алу және жалақыны төлеу туралы «А.»-ның талап қоюы бойынша азаматтық іс қарады.
Сотта анықталғандай, көпбалалы ана «А.» 2023 жылдың қыркүйегінен ЖШС-да дүкенде аға кассир болып жұмыс істеген. 2024 жылдың 4 наурызында «А.» дүкеннің директорынан сұранып және өз орнына әріптесін жұмысқа шығарып, жұмыс орнында сағат 15.00-ден 19.00-ге дейін болмаған. Бірақ директор «А.»-ның жұмыста болмағаны туралы акт жасап, түсіндірме жаздыртып, оны жұмыстан шығару туралы бұйрық жазған.
«Сот«А.» басшының рұқсатымен, оны әріптесі ауыстырып, белгілі себеппен жұмыс орнында болмағанын, жұмыстан босатуға негіз болатын тәртіптік жаза орын алмағанын, «А.» директордан сұранғанын куәгерлер мен дүкендегі қызметкерлердің растағанын, тәртіптік жаза қолдану рәсімі бұзылғанын (бұйрықта жұмыстан босатудың негізі көрсетілмеген, тек Еңбек кодексінің 49-бабының 3-тармақшасына сілтеме жасалған) ескере отырып «А.»-ны жұмыстан шығару туралы бұйрықты келесі негіздермен заңсыз деп таныды», – делінген сот хабарламасында.
Сот шешімімен «А.»-ның талап қоюы қанағаттандырылды, жұмыстан шығару туралы бұйрық жарамсыз деп танылып, «А.» бұрыңғы жұмыс орнына қайта алынды, ЖШС-дан «А.»-ның пайдасына 895 520 теңге бос жүруге мәжбүр болғаны үшін жалақы өндірілді.
Алқаның қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Жұмысқа қайта орнына алу және жалақы төлеу туралы шешім дереу орындалуға жатады.
Сот шешімі заңды күшіне енді.