Жаңалықтар

31 арна мен informburo.kz Өтемұратовтың уысынан шықты

Фото: ашық дереккөз

Құрамында 31 арна мен informburo.kz сайты болған «31» медиахолдингтің құрылтайшысы ауысты, деп хабарлайды Qandastar.kz. Бұған дейін ол кәсіпкер Болат Өтемұратовқа тиесілі болған.

Egov-та көрсетілгендей, компания 25 қыркүйек күні қайта тіркеуден өткен. Телекомпанияның қазіргі құрылтайшысы – «Әділдік және өркендеу» қоры ретінде көрсетілген қор. Ол 2022 жылы құрылған. Ал қордың құрылтайшысы – әр жылдары «31 арна», «Алматы» мен «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясын басқарған Нұржан Мұхамеджанова мен Гүлжан Марқабаева деп көрсетілген. Олар қазір құжатта аталған қордың баспасөз хатшысы ретінде көрсетілген.

Қордың бас директоры – журналист Дана Рысмұхамедова. Ол 2013 жылдары бұрынғы «Нұр Отан» партиясының ақпараттық комитететінің басшысы қызметін атқарған.

«Әділдік және өркендеу» ұйымының сайтында қор әр саладағы белсенді азаматтардың бастамасымен құрылғаны жазылады.

«Қоғамдық Қор елдің барлық өңірінен жиналған белсенді азаматтардың бастамасымен құрылды. Біздің арамызда – өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмыскерлері, фермерлер, кеншілер, құтқарушылар, дәрігерлер, мұғалімдер мен журналистер, түрлі ҮЕҰ өкілдері бар. Біз өз күшімізді, жинаған тәжірибеміз бен мүмкіндіктерімізді әрбір отандасымыздың Әділетті Қазақстанды шынайы сезінуіне жұмсағымыз келеді», – делінген онда.

Қордың мақсаты – «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған әділетті Қазақстанды құру жолындағы реформаларға өз үлесін қосуға ынталы, белсенді азаматтық ұстанымы бар қазақстандықтарды біріктіру».

«31» медиахолдинг бұған дейін Болат Өтемұратовтың активтерін басқаратын «Верный Капитал» компаниялар тобына тиесілі болған.

 

 

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close