Жаңалықтар
Wildberries пен Ozon қыспағы: Қазақстандық кәсіпкерлердің нарықтағы орны қысқарып жатыр ма?
Фото: ашық дереккөз
Ресейлік маркетплейстердің Қазақстанда сауда көлемдерін күрт арттыруы еліміздің ішкі нарығына елеулі әсер етіп отыр деп жазады qandastar.kz DALA INSIDE сілтеме жасап.
Wildberries және Ozon сияқты платформалар тек қана сатылымды еселеп өсіріп қоймай, еліміздегі логистикалық инфрақұрылымды да белсенді түрде дамытуда. Мәселен, 2024 жылдың алғашқы сегіз айында Wildberries арқылы тапсырыс берген қазақстандықтардың саны екі есеге артқан, ал сатылым көлемі 2,1 есе өсті. Ал Ozon платформасы сатылымдарын 12 есеге дейін арттырған.
Бұл жағдайдың басты себептерінің бірі – логистиканың қарқынды дамуы. Wildberries-тің Астана мен Алматыда үш логистикалық орталығы ашылып, тағы екеуі салынып жатыр. Бұл компанияға ел ішінде жылдам әрі тиімді тауар тасымалдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тапсырыстарды алу пункттерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 8,9 есеге артқан, бұл қазақстандық тұтынушылар үшін платформаны қолжетімді ете түседі.
Алайда, бұл өсудің кері әсерлері де жоқ емес. Біріншіден, Қазақстандағы жергілікті бизнеске бәсекелестік күшейіп, отандық кәсіпкерлердің нарықта орын алу мүмкіндіктері тарылып жатыр.
Жергілікті кәсіпорындар ресейлік алпауыттармен тең дәрежеде күресе алмай, нарық үлесінен айрыла бастайды. Бұл экономикалық тәуелділікті күшейтіп, ел ішіндегі қаржылық ағындардың сыртқа ағуына себеп болуы мүмкін.
Екіншіден, шетелдік маркетплейстердің басым болуы деректер қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Тұтынушылардың жеке ақпараттары, төлем деректері шетелдік серверлерде сақталады, бұл деректерді қорғау және құпиялықты сақтау мәселесін көтереді.
Үшіншіден, қазақстандық тұтынушылардың артықшылықтары мен әдеттері шетелдік платформалардың ықпалымен өзгеруі мүмкін. Отандық брендтерге деген сұраныс төмендеп, Ресей өнімдерінің басым болу ықтималдығы артады. Ұлттық экономика мен мәдениетке қатысты «мәдени импорттың» күшею қаупін де ескерген жөн.
Осыған байланысты, Қазақстанда сауда платформалары мен логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін жергілікті бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін қарастыру маңызды. Локализациялау мен цифрлық деректердің қауіпсіздігі мәселелері де мемлекеттік реттеуді талап етеді.