Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары жайлы қытайлық БАҚ не дейді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжіңге ресми сапары екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтереді. Қытайлық бұқаралық ақпарат құралдары Мемлекет басшысының Қытайға жасаған мемлекеттік сапары жайлы осылай жарыса жазып жатыр. Қазақстан Президентінің Бейжіңге алғашқы мемлекеттік іс-сапары жетекші қытайлық бұқаралық ақпарат құралдарын елең еткізгені анық. Соның бірі – Chinadaily.сom. Басылым Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жоғары бағалап, Ұлы жібек жолын әлем экономикасын өзгерткен заманауи жоба деп атағанын жазыпты. Сондай-ақ Президент Қытай мемлекетін «сенімді әрі тұрақты серіктес» екенін атап өткен.   «Қазақстан Президенті Тоқаев екі жақты серіктестіктің одан әрі тереңірек дамуына ешқандай кедергі жоғы өте маңызды екенін атап өтті. Ізінше, тараптар жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту және тереңдету туралы бірлескен мәлімдемеге қол қоятынын жеткізді». Бейжіңге жасаған Тоқаев сапарының маңыздылығын Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының елшісі де ерекше атап өткен. Бұл мақала People’s Daily деп аталатын аспан асты еліндегі ең ауқымды газеттердің бірінде жарияланды. Автордың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Қытай мен Қазақстан серіктестігін жаңа белеске көтереді.   «Қытай мен Қазақстан – дамудың өзіндік даңғыл жолын таңдаған елдер. Тоқаев халықтың жағдайын жақсарту үшін аянбай еңбек етіп жатыр. Елді экономикалық өсімге жетелеп, белсенді түрде инвестиция тартуда. Сыбайлас жемқорлықпен күресуде. Бұл орайда екі ел астаналарының бастамалары ұқсас екенін айта кеткен жөн. Себебі Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы да ашықтыққа бағытталған». Ақпараттық CGTN арнасы да Тоқаевтың Қытай басшылығымен кездесуіне арнайы мақала арнаған. Айта кетейік, қытайлық БАҚ ақпарына сәйкес, екі жақты іскерлік серіктестік тиімді нәтижелерге қол жеткізген. Сауда мен инвестиция көрсеткіштері жыл санап артып келеді. Мәселен, қаңтар айынан бері екі ел арасындағы өзара алыс-беріс 9, 53 млрд. долларға жетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда, 9,25 процентке жоғары.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Дереккөз: https://24.kz/

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close