Жаңалықтар

Қазақстанда емханаға тіркеу басталды

Қазақстанда халықты емханаға тіркеу науқаны басталды. Биыл тіркеу «eGov» электрондық үкімет веб-порталы арқылы жүргізіледі. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, тіркеудің автоматтандырылуы азаматтарды емханаға «сырттай» тіркеу фактілерінің алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, еркін таңдау принципі қайта қаралды.

«Бұрынғы тәртіп бойынша емхананы таңдауда территориялық шектеу қойылмайтын. Бұл науқастарға үйде көмек көрсету жағынан көптеген қиындықтар тудырды. Тұрғылықты жеріндегі емханаға емес, басқа жердегі клиникаға тіркелген адамдарға әсіресе, жүкті әйелдер мен жаңа туған балаларға үйге барып қызмет көрсету дәрігерлердің жұмысын қиындатып жіберді. Осыған байланысты, нормативтік базаға өзгерістер енгізілді», — деп түсіндірді филиал басшысы.

Тіркеу барысында отбасылық принципке басымдық берілмек. Сондықтан, ата-анасы мен балалары бір емханада тіркелгені абзал. Ал 18 жасқа толмаған балаларды заңды өкілі тіркей алады.

«Емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды, сондай-ақ бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кеткен жағдайда тіркеуден бас тартуы мүмкін. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, учаскедегі жалпы практика дәрігері қарайтын пациенттер саны 1700-ден аспауы тиіс. Қазір елімізде учаскелерді шағындап, қайта ұйымдастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл дәрігерге түсетін жүктемені азайтып, қызмет сапасын арттырады. Себебі, дәрігер алдына келген адамға көбірек уақыт бөліп, мұқият тексеруі тиіс. Бұл мәселенің әсіресе, медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қарсаңында өзектілігі артып отырғаны сөзсіз», — дейді Тілеухан Әбілдаев.

Қазіргі таңда Алматыда жоспарланған медициналық 88 учаскенің орнына 131 ашылды.
«Учаскелердің жалпы саны 895-ке жетті. Нәтижесінде бір дәрігердің жүктемесі 1529 адамға дейін қысқарды», — деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы бастығының орынбасары Әсел Бисенбаева.
Азаматтар емхананы тіркеу науқанынан басқа уақытта да ауыстыра алады. Яғни, басқа жерге қоныс аударған жағдайда жылына бір рет, емдеу мекемесі қайта құрылса немесе Қормен келісімшартты бұзған жағдайда басқа емдеу мекемесіне тіркелуге болады. Сонымен қатар, елімізде тұратын әр тұрғын жылына бір рет өзі тұратын аумақтық бірлік шеңберінде емхана ауыстыра алады.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/kazakstanda-emhanaga-tirkeu-naukany-bastaldy_a3565979

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close