Жаңалықтар
«Қарасаздықтардың әрекетін дұрыс деп таптым»: Абзал Құспан халықтың азаматтарды сотсыз жазалауы туралы айтты
Фото: ашық дереккөз
Мәжіліс депутаты Абзал Құспаннан бүгін Парламент кулуарында журналистер сотсыз жазалау жөнінде пікірін сұрап білді, деп хабарлайды Alash.KZ Ulysmedia.kz материалына сүйеніп.
“Адамдар құқық қорғау органдарының қауқарсыздығынан осындай әңгімелерді (сотсыз жазалау) көп айта бастады деп ойламайсыз ба?” деп сұраған депутаттан журналистер. Абзал Құспан “әрине” деп жауап берді.
– Кеше ғана мәселен, Мұқағалидің жағдайында (блогердің ақын Мұқағали Мақатаевты «сорлы еркек» деп атауы) мен мысалы, моральдық тұрғыда қарасаздықтардың (ақынның ауылдастары) әрекетін қолдаған адаммын. Барша жан-тәніммен заңгер ретінде заңсыз екенін білем. Бірақ мен қарасаздықтардың әрекетін дұрыс деп таптым. Неге? Себебі қолданыстағы заңмен ұлы тұлғаларымыз немесе қазақ халқының ар-намысы қорғалмаған.
Мысалы, Түркияда түрік халқының ар-намысына, абыройына нұсқан келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ол да болса жауапкершілік. Түрік халқының бір ұлы тұлғаларының намысына тиетін болсаңыз, жауапқа тартыласыз. Бізде ондай жауапкершілік те жоқ. Сол себепті ол жерде халықта басқа шара қалған жоқ, – дейді ол.
Кейінгі кезде елде болып жатқан қылмыстар қоғамдық резонанс туғызып, елдегі әділет институттарының, құқық қорғау органдарына көбірек сын айтыла бастағаны белгілі. Талғардағы жасөспірімнің өлімі де осы әңгімені ушықтырған.