Әлем жаңалықтарыӘлеумет және қоғамЖаңалықтар

Жаңа инфекциялардың таралуын қалай шектейміз?

Дисклеймер: Бұл материал Solutions Journalism in Medicine (SJMED) жобасы аясында шешім журналистикасы жанрында дайындалды. Материалда айтылған пікірлер авторларға тиесілі және «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің, АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) ресми көзқарасын білдірмейді.

Әлем жұртшылығы коронавирус пандемиясынан енді ес жия бастағанда атынан ат үркетін өзге аурулар үрейді үдетті. Оның ішінде Эбола вирусы, Таяу шығыс респираторлық синдромы (MERS) және құс тұмауы секілді жұқпалы аурулар жаһандық проблемаға айналып отыр. Жалпы, мұндай аурулардың жаппай сипат алуы, алдымен, халық саулығы үшін қауіпті болса, екіншіден, ауру айналдырған мемлекеттер, оның сыртында дүние жүзі экономикасы зардап шегеді.

 

  Ақпарат сауаттылығы алға шықса…

 1940 жылдан бері әлемде 300-ден астам жаңа жұқпалы ауру пайда болды, оның шамамен 60 пайызы жануарлардан жұғады. Соның бірі – Эбола геморрагиялық қызбасы. Алғаш рет Конго Республикасында 1976 жылы тіркелгенімен эпидемияның ең ауыр кезеңі 2014-2016 жылдар аралығында өтті. Ауру, әсіресе, Батыс Африкада қатты өршіп, 28 мыңнан астам адам ауру жұқтырып, 11 мыңдай адам көз жұмды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мұны әлемге төніп тұрған қауіп деп санап, эпидемияға қарсы күрес қарқынын күшейтті. Соған қарамастан, өлім-жітім шегіне жетіп, Африка абдырап қалды. Мұның басты себебі медициналық ресурстың жетіспеушілігі еді.

Эпидемиологтар MERS коронавирусын Эбола қызбасынан да қауіпті дейді. MERS – Middle East respiratory syndrome, яғни таяушығыстық респираторлық синдром. Кейде бұл атауға «коронавирус» сөзі қосарлана жүреді. Ауру түйеден тарағандықтан оны «түйе тұмауы» деп те атайды. Алғаш 2012 жылы Сауд Арабиясында тіркеліп, індет адамға да жұқты. Құс тұмауы да әлемдегі эпизоотиялық жағдайды күрделендіріп отыр.

Вирусолог ғалым Майкл Олдстоун «Әлем елдеріндегі вирустар мен эпидемиялар» тақырыбында кітап жазып, вирустардың циклын алдын ала болжауға болады дейді. Ол вирусологтар, иммунологтар және медицина мамандарымен сұхбатта жұқпалы аурулармен, оба, Эбола, АИТВ, MERS коронавирусы секілді вирустармен күрес тақырыбын тарқатқан.

Ғалымның айтуынша, Ласса безгегі, Эбола және хантавирус вирустары – өлімге соқтыратын жұқпалы аурулардың қоздырғыштары. Оларға ортақ нәрсе – геморрагиялық қызба тудырады. Осы вирустарды жұқтырған кезде науқастың ұсақ қан тамырлары жарылып, қан өкпе қуысына, жүректегі перикард қуысына, бүйрекке құйылып, өлімге әкеледі. Ол вирус 5 түрлі жолмен пайда болатынын тілге тиек еткен.

«Біріншіден, вирус өзінің генетикалық материалындағы өзгерістер арқылы вируленттігін (жұқтыру қабілетін) арттырады. Бұған вирустық гендердің ассортименті, вирустық гендердің біреуінің мутациясы жатады. Тағы бір жолы – рекомбинация. Осылайша вируста жаңа штамм қалыптасады. Екіншіден, науқас әлсіз болса, ағза осалдық танытады. Вирус жұқтырудың тағы бір жолы – жануарлармен байланыс. Жаңадан сипатталған вирустардың төртінші көзі жаңа биомедициналық және зерттеу әдістерінің дамуы мен пайда болуына байланысты ашылған вирустардың көбеюі. Соңғысы – жаңа инфекциялардың аяқасты пайда болуы. Мәселен, Эболаны 13 адам жұқтырып үлгергенде ғана анықтау мүмкін болған. Африкалық пациентте безгек пен сүзекке ұқсас белгілер болған. Науқас оны аң аулай жүріп жұқтырған болуы мүмкін делінген. Сарапшылардың пікірінше, Африкада инфекция өлген адамның денесін ұстап көргеннен тез таралған. Оқшауланған науқастар дәрігерлерге жұқтырып, салдарынан бастапқы жұқтырған 315 адамның 244-і өлім құшқан. Уақыт өте ол туристерге әсер еткен, – деп тарқатады Олдстоун. Ғалым бұл ретте халықтың ақпарат сауаттылығының маңызын айшықтайды.

Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, Эбола, MERS және құс тұмауының өршуі денсаулыққа, экономикаға және қоғамға ауыр зардабын әкелді. Мысалы, Эбола эпидемиясы Африкадағы экономика мен туризм саласы үшін үлкен соққы болды.  

                                      Фото: zdorovieinform.ru

Құс тұмауы: қазақстандық фермер 2,5 млрд теңге шығынға батты

Әлемді әбігерге салған құс тұмауы Қазақстанды да айналып өткен жоқ. 2016 жылы Оңтүстік Қазақстанда, 2017 жылы Батыс Қазақстанда құстардың вирус жұқтырғаны анықталды. Миллиондаған құсты жою ауыл шаруашылығына ауыртпалық әкеліп қоймай, фермерлердің қолын да, жолын да байлады. Азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төніп, ет пен жұмыртқа бағасы шарықтап шыға келді. Жағдайдың ушығуы карантин жариялауға мәжбүр етті. 2020 жылы құс тұмауы салдарынан Солтүстік Қазақстандағы 5 құс фабрикасының 3-еуінде келеңсіздік орын алып, жұмысына кесір тиді.

Эпидемиядан соң өз күшімен аяққа тұрған кәсіпорынның бірі – «Алекри Фирма» ЖШС. Карантин кезінде белгілі бір алгоритмдерді сақтамағандықтан   өтемақыдан қағылған серіктестік басшысы Александр Прядко жиып-терген қаржысын фабриканы сақтауға жұмсағанын айтады. Ол 4 жыл бұрын 2,5 миллиард теңге табысынан айырылған.

Әділдік болмады. Құс тұмауы бізге бірінші келді, дайын емес едік. Ал біздің ветеринарлық қызмет пен мемлекеттік қызмет дер кезінде қозғалмай, қалай әрекет ету керегі жөнінде ұсыныс бермеді. Ресми түрде құжат сәйкес келмей, субсидия ала алмадық. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы зардап шеккен құс фабрикаларына 900 млн теңге бергенін хабарлады. Бізге одан бір тиын да бұйырған жоқ. Жарты жыл бойы жиған-терген, жоспарлаған дүниелерге бөлінген ақша есебінен күн көрдік. Алтыншы айға қарай жалақы төлеу мүмкін болмады, жалақыны 30 пайызға қысқарттық, содан кейін  ғана қалпына келтірдік. 100-ге жуық адам бар, 20-ға жуық қызметкерді ақысыз демалысқа жібердік. Мұндай жағдай енді қайталанбаса дейміз, ол қорқынышты түстей, – дейді ол.

2021 жылдың аяғына қарай компанияның ісі алға басқан. Серіктестері азық-түлік, ветеринарлық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп көмектескен. Құс фабрикасы қазір қалыпты жұмыс режиміне оралды.

Осыдан кейін зауытта инфекцияның алдын алу тәсілдері түбегейлі өзгерді. Біріншіден, қызметкерлерге арналған санитарлық рұқсат қайта жаңартылды. Антисептикпен өңдеу үшін бүріккіші бар туннельдер сатып алдық, көліктік дезбарьерді қайта құрдық. Барлық қызметкер құс фабрикасына кіргенде антисептик пайдаланады, құстар да бөлек көлікпен жеткізіліп, антисептикпен өңделеді. Зауытқа ыстық және суық тұман генераторлары сатып алынды, – дейді.

Сондай-ақ аталған құс фабрикасының аумағына бөгде көліктің кіруіне тыйым салынған. Барлық көлік дезбарьер арқылы өтуі керек. Құрама жемді сатып алғанда да термиялық өңдеу жүргізіледі. Егер термиялық өңдеу мүмкін болмаса, жемге дезинфекция қоспасы қосылады. Жабайы және синантропты құстарды жем-шөпке және компоненттерге жуытпау да маңызды.

АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің басқарма басшысы Ерлан Егімбаевпен осы мәселе төңірегінде тілдестік. Басқарма басшысы берген дерекке сәйкес, министрдің 2014 жылғы 30 қазандағы және 2015 жылғы 29 маусымдағы бұйрығына сәйкес тұмау жұққан барлық құс тәркіленіп, жойылған.

– Еліміздегі барлығы 1,971 млн құс басы тіркелсе, соның 97 пайызы 4 құс фабрикасына (СҚО – 2, Қостанай облысы – 1 және Алматы облысы – 1) тиесілі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарға, құс фабрикаларына өтемақы толық берілді. Елімізде республикалық бюджет қаражаты есебінен арнайы алдын алу іс-шаралары – вакцинация және диагностика жүргізіледі. Вакцинацияны жергілікті ветеринарлар көктем мен күзде ақысыз жүргізеді. 2024 жылдың Жоспарына сәйкес құс тұмауының алдын алуға 13,6 млн вакцинация жоспарланған, – деді ол.

Ал Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты және адамдар  арасында құс тұмауы тіркелмегенін мәлімдеген.  Министрдің айтуынша, бүгіндері бұл мәселе   өзекті емес.

 

Қаржы болса, вакцина өндіруде қиындық жоқ

АШМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Аслан Керімбаев құс тұмауы өршіген жағдайда институт өз вакцинасын ұсынуға дайын, алайда мемлекет оны қосымша қаржыландыруы тиіс дейді.

                Фото: институттың жеке қорынан

– Ғалымдар 2006 жылы жоғары патогенді құс тұмауына қарсы «Қазақстан-15» вакцинасын жасады. Бұл еліміздегі эпизоотологиялық және эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр. 2009 жылы A/H5N1 тұмауына қарсы алғаш рет «Kazfluvac» вакцинасын өндіру технологиясы әзірленді. Вакцинаның клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтары жүргізілді. Денсаулық сақтау министрлігінде тіркелген. Мемлекет тарапынан сұраныс болмағандықтан қазіргі кезде бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатырған жоқ, – дейді институт басшысы.

Жоғарыда тізіп шыққан ауру түрлеріне байланысты елімізде жағдай қалыпты. Бірақ алаңдаудың жөні жоқ деп арқаны кеңге салуға болмайды. Сондықтан Эбола вирусы, Таяу Шығыс респираторлық синдромы (MERS), құс тұмауы және басқа да аса қауіпті инфекциялардың таралуына жол бермеу мақсатында қажетті іс-шаралар қабылдануы керек. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – бас санитар дәрігер Сархат Сағынтайқызы былай дейді:

– Атап айтқанда, ел аумағына келетін (оның ішінде соңғы 21 күн ішінде эндемиялық елдерге барған) адамдарға мемлекеттік шекара арқылы барлық өткізу (әуе, теміржол, теңіз және автомобиль) қосындарында санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Денсаулық сақтау нысандарында дәрілік заттар, жеке қорғаныш құралдары жеткілікті. Аса қауіпті инфекциясы бар науқасты қабылдайтын медициналық ұйымдар мен инфекциялық стационарлар, зертханалар ретке келтірілді. Бұл бағытта оқу-жаттығулар өткізіліп, індетке қарсы іс-шаралар пысықталған.

Министрлік өкілінің айтуынша, елімізде ұдайы мониторинг жүргізіледі. Қазір санитарлық-эпидемиологиялық салада 600-ге жуық маманға жұмыс орны қарастырылған. Бірақ соның 25 процентінде маман тапшы.

 

«Экзотикалық» аурулар шет елден келеді

М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Зәуреш Жұмаділованың айтуынша, орталықта биологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары зертхана бар. Орталық ПТР сынақ жүйесін әзірлеуге, шығаруға жұмылады. Ғалымдар құс тұмауын емдеу және оның алдын алу үшін бірқатар вирусқа қарсы препараттар мен вакциналар әзірлеген. Бұл препараттар (оның ішінде вакциналар да бар) клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардың барлық кезеңінен өтіп, еліміздің фармацевтикалық нарығына ұсынылған. Олар дәріханаларда да бар. Сонымен қатар ел тұрғындарының жыл сайын тұмауға қарсы тегін екпе қабылдауына жағдай жасалған. COVID-19 пандемиясы кезінде Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы вакцина шығаратын зауыт салынды. Мұнда жаңа вакцина жасап шығаруға мүмкіндік бар.

–  Жаңа инфекцияларды шетелдік туристер, шет елге барып келгендер әкелуі мүмкін. Сондықтан сақтыққа мән берген жөн. Шекара аспас бұрын осы елдерде таралатын, адамнан адамға немесе жануардан адамға жұғуы мүмкін жұқпалы аурулар туралы хабардар болғаны дұрыс. Бұған қоса медициналық қызметкерлердің «экзотикалық» импорттық жұқпалы ауруларға қатысты білімін шыңдағаны жөн. Біз туризм қарқынды дамыған дәуірдеміз. Жаңа инфекциялардың таралуын шектеу әртүрлі салада кешенді тәсілді қажет етеді. Мәселен, кез келген елге саяхаттар алдында сол елдің Ұлттық вакциналау күнтізбесінің орындалуын қадағалауға болады. Бұл ретте халықаралық медициналық талаптардың орындалуын қадағалау да көмек, – дейді Зәуреш Жұмаділова.

Есте болса, 2020 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) иммундық жүйені қалыптастыруға арналған ғаламдық концепция мен стратегия әзірледі. Соған сәйкес Ұйым барлық мемлекеттегі жауапты мамандарға вакциналаудың жаңа алгоритмін – вакциналау күнтізбесін ұсынған болатын. Мемлекеттер халықаралық құжатты қаперге алып, әрекет жасап жатыр, Қазақстан да профилактикалық екпенің Ұлттық күнтізбесін әзірледі. Мұны айтудағы себеп, кей мемлекет белгіленген екпелерді кешіктіруі немесе тұрғындарды толық қамтып үлгермеуі мүмкін. Оған халық саны, саяси ахуал, экономикалық келеңсіздік әсер етуі ықтимал. Сондықтан осы мәселеге назар аударған жөн.

Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) елдегі эпидемиялық жағдайға қарамастан 25 инфекцияға қарсы вакцина жүргізуді ұсынып отыр. Өйткені адам өміріне қауіп төндіретін 30 инфекцияны вакцина көмегімен жеңуге болады.

Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығының жұқпалы аурулардың алдын алу басқармасының басшысы Заңғар Тұрлиев халықаралық ынтымақтастықтың да қауіпті аурулардың таралуын бақылауға сеп болатынына сенімді.

                           Фото: жеке қорынан

– Халықаралық ынтымақтастықтың маңызды міндетінің бірі – аурудың өршуі туралы жедел хабарлау. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) сияқты ұйымдардың арқасында өзге елдер Эбола, MERS және құс тұмауының өршуі туралы жылдам ақпарат алады. Бұл оларға аурудың одан әрі таралуын болдырмау үшін уақытылы шара қабылдауға мүмкіндік береді. Эболаның өршуі кезінде ДДҰ және басқа халықаралық агенттіктер зардап шеккен елдерге көмек көрсету үшін командалық миссия ұйымдастырады. Мысалы, 2014 жылы Батыс Африкадағы эпидемия кезінде халықаралық медициналық топ пациенттерді емдеуге, карантиндік шараларды ұйымдастыруға және вирустың одан әрі таралуын болдырмауға көмектескен еді. Қуанышқа қарай Қазақстанда жағдай қалыпты. Алайда халықаралық ынтымақтастық қауіпті вирустарға қарсы вакцина мен дәрі-дәрмектерді қаржыландыруға көмектесетінін ескеру қажет. Өйткені CЕРІ (Epidemic Preparedness Innovations коалициясы) сияқты елдер мен ұйымдардың бірлескен жобалары мен күш-жігері Эбола мен MERS вакциналарының дамуын жеделдетуге мүмкіндік берді. Бұл құс тұмауын емдеудің жаңа әдістерін зерттеуге де қатысты, – дейді Заңғар Тұрлиев.

 

Мәселенің қандай шешімі бар?

Қазақстан әлемнен тысқары емес. Сондықтан сыртта қандай да бір қауіп туғанда сақ отырмаса болмайды. Отандық инфекционистер осы орайда халықтың сауатын арттыратын шаралардың маңызын жоғары бағалап келеді.

– Жұқпалы аурулар саласындағы зерттеулерге қаржы бөлу, қызметкерлерді көбейту ықтимал індеттерден мейлінше қорғайды. Ақпараттық кампанияларды да үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып жүргізген тиімді. Телемедицина жүйесі үлкен көмек, – дейді жоғары дәрежелі инфекционист, медицина ғылымдарының докторы Ғалия Қабұлқызы.

Туристер тасымалдайтын жұқпалы аурулардың таралып кетпеуіне ҚР Туризм және спорт министрлігі де жауапты. Сондықтан жаңа вирустардың таралуын болдырмау үшін бірқатар шараларды қолға алыпты. Елімізде 1200-ден астам туристік компания тіркелген. Коронавирус пандемиясынан кейін туристік компаниялардың клиенттері әлі күнге вирус жұқтырып аламын ба деп уайымдайды. Бұрын пайда болған вирус араға уақыт салып мутацияға ұшырап оралып жатады. Сондықтан жұқпалы дерттің дегенін болғызбаудың шешімін үздіксіз қарастыру маңызды. Сала мамандары мен сарапшылардың ой-тұжырымы мен ұсыныстарына сүйене отырып, төмендегідей шешім ұсындық:

Біріншісі – кез келген елге саяхаттар алдында сол елдің Ұлттық вакциналау күнтізбесінің орындалуын қадағалау. М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Зәуреш Жұмаділованың ұсынысы негізінде халықаралық медициналық талаптардың орындалуын қадағалау кезек күттірмейді.

Екіншісі – ақпараттық кампания. Мысалы, Сьерра-Леонедегі Эболаның өршуі ең ауыр кезең ретінде айтылады. Көптеген халықаралық ұйымдар, соның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) медициналық топтар мен ресурстарын жұмылдырған. Жоғарыда жазылғандай, Сауд Арабиясында MERS өршігенде де үкімет кешенді жоспар түзіп, қадағалау шаралары мен алдын алуға ден қойған. Сондай-ақ қазір де бұл ел денсаулық сақтау қызметкерлерінің білімін жетілдіріп жатыр. Алдағы уақытта бізде де ҮЕҰ-ларды тарта отырып, инфекциялардың алдын алу, халықты ақпараттандыруға бағытталған осы тектес бағдарламаларды іске қосуды қарастыруға болады.

Үшіншіден, ашық дереккөздегі мәліметтерде Германия, Ұлыбритания, Нидерланды, Австрия, Польша, АҚШ пен Канада елдерінде филиалы бар «TUI Group», «Thomas Cook», «Expedia, Travelocity» туристік компаниялары клиенттерге қажетті кеңес беретіні айтылады. Бұл –  жұқпалы аурулардың алдын алуда үлкен көмек. Сондықтан Қазақстанда да туристік фирмалар мен агенттіктердің қажетті ұсыным беруіне ден қою маңызды болмақ.

Төртіншіден, құс шаруашылығымен айналысатын фермерлер нақты кеңеске зәру. Бұл ретте құс тұмауы кеселін артта қалдырып, аяққа тұрған «Алекри» фирмасының қадамы негізге алынғаны дұрыс. Оның ішінде көліктік дезбарьер құру, антисептикпен өңдеуге мән беру, жемді термиялық өңдеу шаралары ескерілуі тиіс.

Соңғысы – жұқпалы аурулар саласындағы зерттеулерге басымдық беру. Ол үшін жұқпалы аурулар саласындағы ғылыми кадрлардың біліктілігін арттыру, оның ішінде шетелде тағылымдамадан өту бағдарламаларына қатыстырған тиімді. Мысалы, DAAD және басқа ұйымдар шетелдік мамандар үшін тәжірибе алмасу мен тағылымдамадан өту бағдарламаларын үзбей ұсынады. Мұндай тәжірибе алмасу әлемді шарпып жатырған жаңа инфекциялардың пайда болу қаупін сейілтуге ықпал етеді.

 

Мөлдір СНАДИН

 

 

 

 

 

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close