Жаңалықтар

Алматылықтар қаланы көркейтуге бағытталған жоба бойынша 180 ұсыныс білдірген

«Бюджетке қатысу» жобасы аясында Алматы аудандарының аумақтарын жақсарту бойынша жалпы сомасы 9,2 млрд теңге болатын 180 өтінім қабылданды. Бұл туралы “Алматы қаласын дамыту орталығы” АҚ басқармасының төрағасы Олег Сек қалалық әкімдік баспасөз орталығында өткен брифингте айтты.

Оның айтуынша, өтінімдерді қабылдау 19 тамызда басталған және 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

“2019-2020 жылдарға арналған «Алматы қаласының бюджетіне қатысу» пилоттық жобасын ұйымдастыру тәртібінде Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің өтінімдерді (жобалық ұсыныстарды) қабылдау мерзімін 15 қыркүйектен 30 қыркүйекке дейін ұзарту, «әлеуметтік маңызы бар» жобалар санатын қосу және қағаз түрінде дауыс беруді өткізу мүмкіндігі тұрғысында ұсыныстары ескерілді”, — деді ол.

Сөз арасында ол жобалық ұсыныстар беруден қаладағы Алмалы ауданы белсенділік танытып отырғанын айтты.

“Бүгінде берілген жобалық ұсыныстар саны бойынша мына аудандар көш бастап тұр: Алмалы — 56, Медеу — 37 және Бостандық ауданында — 34 ұсыныс жасалды. Ең көп 47 өтінішті алматылықтар «Аула аумақтарында және жалпы пайдалану орындарында спорт, балалар ойын алаңдарын орнату және жөндеу» санатына берген”, — дейді Олег Сек.

Қалалықтардың ұсыныстары ішінде: Көкжиек шағынауданы маңында сквер ұйымдастыру, әл-Фараби даңғылында шуылжұтқыш қоршаулар орнату, қала көшелерінде қоқыстарды бөлек жинау үшін жәшіктер орнату, Togyzkumalak көне ұлттық зияткерлік ойынын ойнау, үйрету және танымал ету үшін алаң құру, метрополитенде және сауда орталықтарында алюминий және пластик ыдыстар қабылдау бойынша фандоматтар орнату, транспондерлерді пайдалана отырып, нашар көретіндерге арналған дыбыстық құлақтандыру жүйесін енгізу және тағы басқалары бар.

Жоба жетекшілері budget.open-almaty.kz сайтын жасаған. Ол жерде кез келген қала тұрғыны өз идеясы мен жобасын ұсыныс ретінде жазып қалдыра алады.

“1-18 қазан аралығында қала тұрғындары берген жобалық ұсыныстарды барлық аудандық әкімдіктерде құрылған сараптау комиссиялары қарайды. Дауыс беру 19-29 қазан аралығында өтеді. Іске асыруға рұқсат беру үшін жоба Алматы тұрғындарының 10-нан астам дауысын жинауы тиіс. Қаланың бір тұрғыны үш жобалық ұсынысқа дауыс беруге құқылы”, — дейді ол.

Әділет МҰСАХАЕВ
BAQ.KZ 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close