Жаңалықтар

«Қызметіне қарап бағалайық»: Спорт министрі бас бапкер Черчесовтің «әзіліне» қатысты пікір білдірді

Коллаж Stan.kz

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтың қазақ тілінде сұрақ қойған журналисті келемеждеуіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы qandastar.kz   Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министр өз пікірін әлеуметтік желіде парақшасында жариялады.

“Әрине, Станислав Черчесовтің «француз тіліне» қатысты қалжыңы орынсыз болды. Мұны Қазақстан футбол федерациясы да, бапкердің өзі де бек түсінеді. Дегенмен, Черчесовтің басты міндеті – ұлттық құраманы жаңа деңгейге шығару. Ендеше, оған ең алдымен кәсіби қызметіне қарап баға беруге шақырамын”, – деп жазды министр.

Министр қазақ халқының қонақжай, дархан мінезді, кешірімді ел екенін атап өтті.

“Бізді мықты ел ететін де осы қасиеттер. Сондықтан мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал. Кез келген даулы мәселені ақыл-парасатпен шешетін толерантты, өркениетті, яғни дана қоғам екенімізді көрсете білейік”, – дейді Ербол Мырзабосынов.

Сондай-ақ министр Станислав Черчесовтің халықаралық деңгейдегі танымал футболист әрі 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіби жаттықтырушы екенін атап өтті.

“Ол түбінде қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құраманы қазіргі күрделі кезеңнен абыроймен алып шығады деп сенемін”, – делінген жазбада.

Еске салсақ, бұған дейін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні «сен француз тілінді сөйлеп тұрсың ба?» деп келемеждегені туралы жазған едік. Осы әрекеті үшін Станислав Черчесовке 738 мың теңге айыппұл салынды. 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close