Жаңалықтар
Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс қандай бап бойынша тергелуде?
Фото: Orda.kz
Ішкі істер министрлігі Талғарда 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеудің барысы туралы депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды qandastar.kz
Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бес бабы, оның ішінде 99-баптың 2-бөлігі («Қасақана кісі өлтіру»), 293-бабының 3-бөлігі («Бұзақылық»), 115-бабы («Қорқыту») бойынша қаралып жатыр. 432-бап («Қылмысты жасыру») және 434-бап («Қылмыс туралы хабарламау») бойынша қаралып жатыр.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов тергеу жеке бақылауында деп сендірді. Оқиға орнында Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
«Тергеу жалғасуда. Оқиға орнында болған өзге де тұлғалардың қатысы бар-жоғы анықталып, олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Жалпы, еліміздегі қылмыстық ахуал тұрақты, ішкі істер органдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда», – деді. Сәденов.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 4 қазанға қараған түні Талғардағы дүкендердің бірінде болған. Жанжал достарын көмекке шақырған сатып алушыдан басталған. Үш көлікпен келген олар жасөспірімді, оның әкесі мен ағасын пышақ пен атыс қаруын қолданып ұра бастаған. Салдарынан Шерзат өлімші жарақат алып, ажал құшқан еді.