Жаңалықтар

Күйшілер байқауы өтеді

Оразбек Сәрсеновтің туғанына 95 жыл толуына орай күйшілер байқауы өтеді.

Оразбек Сәрсенов 1923 жылы 17 қазан күні бұрынғы Шымкент облысы Арыс ауданындағы Байырқұм елді мекенінде дүниеге келген. Мектепте озат оқыған алғыр да зерек жас 9 класты 5 жылда тәмамдап шығады. Кейін Түркістандағы колледжді педагог мамандығы бойынша аяқтап, Байсақал ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасып, бір жылдан кейін мектептің директоры болып тағайындалады. Балалары ер жеткесін, олардың болашағына алаңдаған Оразбек сауда жағына ауысып, өмірінің соңына дейін сол салада еңбек еткен.

Оразбек күйші 1969 жылы обыр ауруынан қайтыс болған. Жетінші мамыр күні таңертең: «Домбырамды беріңдерші», – деп қолына жан серігін алған күйші «Қызылқұм» күйін шертіп отырып: «Осы салалы саусақтар да бір күні топырақта шіриді-ау!» – деген екен. Бұл сөздерді ешкім елемеген. 9 мамыр күні сағат 10 шамасында ол өмірді, балаларын қимай көз жұмады.

Оразбек күйші Өзбекстанның мемлекеттік телеарнасынан аптасына бір рет берілетін «Замандас» музыкалық бағдарламасына 1967 жылы арнайы шақырылып, өзінің 7 күйін жаздырған. Оразбектің күйлері мен өлеңдерінде мұң, жер мен елге деген сағыныш басым.

Жиделібайсын күй мектебінің өкілі, Оразбек күйшінің ұрпақтары әкелелерінің күй-аманатын насихаттау мақсатында еліміздегі күйшілер арасында байқау жариялайды.

Байқау талаптары:

1. Қатысушы міндетті түрде «Күлдір-Мамай» күйін және қалған алты күйдің біреуін өз талғамына қарай орындауы тиіс. Күйшілер байырғы құймақұлақ дәстүрімен, күйлерді есту арқылы алады. (Күйлер Вконтакте әлеуметтік желісіндегі Күлайна Оразбекқызының парақшасында берілген).

2. Күйші өзінің аты-жөнін, қысқаша өмірбаянын жазып, күйлердің wafe немесе видео нұсқасын sarsenova.001@mail.ru почтасына жіберуі керек.

Байқау қорытындысын белгілі күйшілер: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанғали Жүзбай, Құрманғазы атындағы ҚҰК доценті, бірнеше күйшілер конкурсының лауреаты Мұрат Әбуғазы және «Жүсіп» күйінің авторы, Жүсіп Сәрсенұлының немересі Мәди Көшікбаев шығарады. Жеңімпаз күйшілерді 2019 жылғы желтоқсанның 16-ы күні Күлайна Оразбекқызы фейсбук парақшасында жарияланады.

Бас жүлде — 200 000 тг

І орын — 120 000 тг

ІІ орын — 80 000 тг

ІІІ орын — 50 000 тг

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close