Жаңалықтар

Елімізде оралмандарға арналған жол картасының жобасы әзірленді

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі репатрианттардан құжаттарды «бір терезе» арқылы қабылдауды ұсынып отыр. Бұл туралы бүгін аталған министрлікке қарасты Этникааралық қатынастарды дамыту департаменті директорының орынбасары Еркін Үйсімбаев айтты.

«Министрлік «Отандастар» қорымен және «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясымен бірлесіп, репатрианттарға қызмет көрсету процесін реинжинирингтеу бойынша ұсыныстар әзірледі. Аталған ұсыныс Израиль, Германия, Польша, Венгрия, Австрия, Мексика, Түркия және Грузия сынды елдердің шетелдегі репатрианттар қоғамдастығын қолдау саясатын ескерген», — деді ол елордада өткен Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы қоғамдық кеңестің отырысында.

Оның атап өтуінше, репатрианттарға мемлекеттік қызмет көрсету барысында бизнес-процестерді оңтайланыру үшін «бір терезе» қағидатымен жол картасының жобасын әзірлеген. Жоба қысқа мерзімді кезеңде БАҚ-та жария ету, нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету, техникалық жүзеге асыру, оңтайландырылған процесті іске қосу шараларын қамтиды. Сонымен қатар, этникалық қазақтар тығыз қоныстанған елдердің бірінде ілкі жобаны жүзеге асыру да көзделіп отыр.

«Сараптама қазақстандық қоғамға репатрианттардың ауыртпалықсыз интеграциялануы кедергі келтіретін бірнеше проблеманы анықтады. Репатрианттардың құқық қорғау және атқарушы органдармен байланысының көп сатылы тізбегі құжаттардың бір түрін ұсынуды талап етеді. Бұған қоса, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесі бір-бірімен ықпалдастырылмаған. Бұл қызмет алушының айтарлықтай материалдық шығындануына себеп болып, уақытын да босқа кетіреді. Ормалмандардың заң білмеуі және кириллицамен жазбаша құжаттарды дайындау дағдыларының болмауы да жағдайды күрделендіре түседі. Сондықтан репатрианттар белгілі бір құжаттарды ұсыну барысында мерзімінен кешіктіреді. Ал бұл әкімшілік жауапкершілікке душар етеді. «Бір терезе» принципі арқылы жүзеге асырылатын үйлесімді қызметті енгізу осы мәселені шешеді», — деді ол.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close