Қаржы және төлемдер
Такси жүргізушілеріне қатысты ережелер өзгереді
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ-дегі брифингте 2025 жылдан бастап жолаушы тасымалы саласында қандай өзгерістер болатынын айтты, – деп жазады qandastar.kz
Қайсар Сұлтанбаевтың сөзінше, Көлік министрлігімен бірлесіп, тасымалдау қызметін ұсынатын компаниялармен меморандумдарға қол қойылды.
– Меморандум аясында жүргізушілерге қойылатын талаптар күшейеді. Оған еңбек пен демалыс режимін сақтау, медициналық тексеруден өту, жолаушы және жүк тасымалы ережелерін сақтау жатады. Интернет-агрегаторлар өз қосымшаларын осы талаптарға сәйкестендіріп жатыр, ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап агрегаторлар тек жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген жүргізушілерге тапсырыс бере алады, – деді ол.
Жеке тасымалдаушылар енді:
- күнделікті рейс алдындағы және кейінгі медициналық тексеруден өтуге;
- көлікті күнделікті техникалық тексеруден өткізуге;
- сол жақтан басқарылатын техникалық тұрғыда жарамды көліктерді пайдалануға;
- еңбек пен демалыс режимін сақтауға міндетті болады.
Егер бұл талаптар орындалмаса, интернет-агрегаторлар жеке тасымалдаушыға тапсырыс бермеуге міндетті болады.