Жаңалықтар

«Айтатын сәт келді»: Астаналық әйел Перизат Қайраттың тағы бір былығын ашты

Фото: Әсел Омарованың жеке мұрағатынан

Елорда тұрғыны Әсел Омарова редакциямызға хабарласып, осыдан екі жыл бұрын «BIZ BIRGEMIZ» қорының атынан өзіне Перизат Қайрат шыққанын, әйелге пәтер берілетінін мәлімдеп, үміттендіріп қойғанын жеткізді. Тіпті бұл “сыйлық” сертификат түрінде галоконцертте  ресми түрде табысталған екен. Дегенмен арада қаншада уақыт өтсе де, желіде баласымен такси жүргізіп танылған автоледи уәде етілген пәтердің кілтін қолына ұстай алмапты, деп хабарлайды qandastar.kz Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап. 

Естеріңізде болса, 2 жыл бұрын бес айлық құндақталған сәбиін ұстап, бір қолымен рульді басқарып, такси қызметін атқарған астаналық әйел желі жұлдызына айналған еді. Оның әрекеті көпті таңғалдырып, желіде қызу талқыға түсті. Қазақстандықтар бірауыздан қолдап, Әсел Омароваға 1,7 миллион теңге жинап беріпті. Осы жағдайдан соң әйелмен Перизат Қайрат байланысқа шығып, үйіне барған. Сол кезде отбасыға пәтер сыйлауға уәде еткен, тіпті көптің алдында сертификат табыстаған. Бірақ сол күйі үй берілген жоқ дейді.

“Жамандыққа қимаймын, дегенмен “барды бар, жоқты жоқ” деп айтар сәт келгендей. 2022 жылы қарашада Перизат үйіме келіп, “үй табыстаймыз” деп айтып кеткен еді. Кейін Жаңа жылдық мерекеге орай үлкен галаконцерт болып, сол жерде сертификат ұстатқан. Бірақ үй берілмеді”, – деді астаналық Әсел Омарова.

Әсел Омароваға белгілі бір тұрғын үй комплексінен үй беріледі деп айтылған. Бірақ кейін хабарсыз кетті дейді. Айтуынша, өзі хабарласқан кезде “күнде ертең” деп түрлі сылтаумен Әселді ұзақ күттіріп қойған.

“Үміт деген қиын екен, “әне, міне беріп қалар” деп күтіп жүр едім. Соңғы рет 4-5 ай бұрын хабарластық, сол кезде “1-2 айдан соң беріледі” деді. Бірақ қайтадан үнсіз қалды”, – деді ол.

Әсел балаларымен әлі де пәтер жалдап тұрады.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close