Жаңалықтар
Ардақ Назаров: Кезінде қылмыс серкелері қатарға қосылуға шақырды
Фото: скрин
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Adal ADAM youtube арнасына берген сұхбатында қылмыс әлемінің серкелері өздерінің қатарына қосылуға шақырғанын айтты, деп жазады qandastar.kz
«Алматыға 1994 жылы оқуға түсіп, 1998 жылы бітірдім. 2000 жылдан бастап жарысқа шыға бастадым. Сол кезде «Төрт ағайынды», «Атаба» ағаларымыз өздерінің қатарына көп шақырды. Шын мәнінде ағаларымыз ғой, қазақтың үлкен ағалары, қайтыс болып кетті. Бізді ақшаға қызықтырды. Қасымдағы бірталай жігіт өз таңдауларын жасап, еріп кетті. Сол уақытта бәріміз де жігіт болғаннан кейін ойлар болды. Бірақ мен дұрыс емес бағытқа бет бұрсам, көз алдыма анамның жылаған бейнесі мен кішкентай інім Бейбіттің бейнесі келеді үнемі. Содан кейін менің жолым емес деген ойға келем. Мен 1994 жылы қатарластарым Алматыдағы Қажымұқан спорт мектебіне түсті. Сол жігіттердің ешқайсысы оқуды бітірмеді. Көбісі дұрыс емес жолға түсті, түрмеге қамалды. Көп бала солай шатасып қалды. Ал мен құрылыс колледжіне түстім де ол балалармен араласпай қалдым. Кейін өзім спортпен жеке кеттім. Жастар еліктейтін жол емес. Ол жолда міндетті түрде біреуге қиянат жасайсың, біреудің дүниесін тартып аласың, біреуді ұрасың, біреудің белін сындырасың. Ал қиянат жасаған адамның артында кім тұр, анасы тұр. Ол сені қарғайды, ал қарғағаннан кейін сен өмірде соның кейпін кешесің немесе басқа жағдайға душар боласың», – деді депутат.
Ардақ Назаровтың айтуынша, 1990 жылдары және 2000 жылдардың басында Алматыға жігіттер топ-топ болып келіп, қылмыстық топтарға қосылып, өмірін құтты. Көбі қаза болып, түрмеге түсті.
«Атаба», «Төрт ағайынды», «Сары Алмас», «Қара Алмас» сияқты ағаларымыздың қасында дана ұстаздар болып, батырларымыздың батырларымыздың энергиясын жақсылыққа, елге қызмет жасауға бұрғанда ғой, қаншама іс бітіретін еді. Дегенмен заман сондай болды. Олардың жігіттік шағы аумалы төкпелі заманға сай келіп, осы жолды таңдап кетті. Ол заманға да біз сын айта алмаймыз», – деді Ардақ Назаров.