Әлем жаңалықтары
Қазақстан мен Ресей президенттері бірлескен мәлімдеме жасады
Күні кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың шақыруымен Ресей Федерациясының Президенті В.Путиннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары өтті.
Мемлекеттердің басшылары дәстүрлі түрде Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарына тән өзара толық түсіністік, ашықтық пен сенім жағдайында, екіжақты ынтымақтастықтың барлық кешені бойынша жемісті келіссөздер жүргізді, өзекті халықаралық және өңірлік тақырыптар бойынша пікір алмасты, екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетудің перспективаларын қарастырды.
Alash.KZ жазғандай, мемлекеттердің басшылары 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың, 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияның, сондай-ақ 2013 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шарттың ережелеріне деген айнымас адалдығын растады.
Мемлекеттердің басшылары саяси, сауда-экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттарда дәйекті түрде нығайып келе жатқан Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының одақтастық қарым-қатынастарының орнықтылығын атап көрсетіп, екі елдің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын өзара құрметтеу негізінде мемлекетаралық диалогты дамытуға уағдаласты.
Мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресейдің ішкі саяси тұрақтылығына нұқсан келтіру, егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзу әрекеттеріне қарсы бола отырып, Қазақстан мен Ресей бір-біріне қолдау көрсетуін жалғастыратынын атап өтті, – делінген Ақорда хабарламасында.
Ресей Федерациясы президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындыларын жоғары бағалай отырып, өткізілген келіссөздердің нәтижелілігін және олардың екі ел халықтары үшін ұзақ мерзімді оң нәтижеге бағытталғанын атап өтіп, Уфа қаласында (Ресей Федерациясы) өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының өңіраралық ынтымақтастығының ХХ форумының және алдағы уақыттағы Ақтау қаласында (Қазақстан Республикасы) Ресей Федерациясының Бас консулдығының ашылуының маңыздылығын мойындай отырып, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин үш үлкен тараудан (Саяси диалог, Экономикалық ынтымақтастық, Мәдени-гуманитралық байланыстар) тұратын бірлескен мәлімдеме жасады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев және Ресей Федерациясының Президенті Путин мәлімдемесімен Ақорда сайтынан толық таныса аласыздар.