Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Әділдік және өркендеу» қорытынды шығарды: Қазақстандықтардың жол сапасына көңілі тола ма?

Фото: ашық дереккөз

Статисканы сараласақ, биыл елімізде 12 мың шақырым трасса мен 2,5 мың шақырым облысаралық және ауданаралық автокөлік жолы төселіп, жөндеуден өткен. Алайда «Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры жүргізген мониторинг көңіл көншітпейді, деп жазады qandastar.kz

Тұрғындардың 40 проценті ғана биыл өз елді мекеніндегі жолдың жақсарғанын айтады. Сауалнамаға қатысқандардың төрттен бірінен астамы жағдай өзгермегенін жеткізген. Ал 30%-і керісінше тіпті жол жайы нашарлағанын алға тартып отыр.

Зерттеу көрсеткендей, азаматтардың 68,5% елдегі жол құрылысының қарқынына көңілі толмайды. Ал 70%-тен астамы жөндеу жұмыстарының сапасына наразы. Өз пікірін білдірген тұрғындардың жартысы былтыр ғана жөнделген жолдар жарамсыз болып қалғанын да жасырмайды. Басты түйткілдер –  сапалы магистральдар аз (58%), тұрғын аудандардағы жолдың жай-күйі нашар (46%), магистральдарда жарық жоқ, жолдарда шұңқыр көп (39%); суағарлар жоқ, аудандардағы жолдар жарықтандырылмайды (34% және 31%), қар дұрыс тазаланбайды әрі көктайғаққа қарсы шаралар жасалмайды (29%).

Байқап қарасақ, қала тұрғындарына қарағанда ауыл тұрғындарының шағымы  шаш етектен. Әлеуметтік мониторинг қатысушыларының 60% астамы сапасыз жол кесірінен өзі немесе жақындары апатқа түскенін айтқан.

«Халықтың жол сапасына көңілі толмауының басты себебі – жемқорлық пен ұрлық (38,83%). Екінші орында  – жергілікті билік органдарының жұмысы олқы (17,31%), ал үшінші орында – Үкімет тарапынан бақылаудың болмауы (12,2%). Жол қызметтерінің нашар жұмысы тізімді түйіндеп тұр  (11,53%).

Әлеуметтік мониторинг аясында қатысушылар елдегі жолдардың жағдайын  жақсартуға қатысты өз пікірімен де бөлісті. 60%-і жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру керектігін айтса, жолдарды кеңейту және жолақтарды арттыру деген нұсқаны қатысушылардың 34%-і таңдаған. Жөндеу қарқынын жылдамдату және құрылыс кезінде заманауи технологияларды қолдану шараларын 33% және 31% ы  атап өткен» делінген қордың ақпаратында.

Әлеуметтік мониторингте тұрғындардың талап-тілегі мен ұсыныстары бар. Оның ішінде жол сапасына бақылауды күшейту, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалау,  заманауи технологияларды қолдану бар.

Тағы бір ескерер тұс, сауалнамаға қатысушылар жол сапасына қатысты ақпарат жинақталатын арна – «ҚазАвтоЖолдың» тегін байланыс орталығын білмейтін болып шықты.

«Біз қоғам тарапынан жұмыс барысына, мердігерлерге, жол құрылысы мен жөндеу сапасына қоғамдық бақылау орнатуға деген сұраныстың жоғары екенін көріп отырмыз. Қазақстандықтар бұл мәселені шешу үшін мемлекетпен, бизнеспен әріптестікке әзір. Қорда қоғамдық бақылаудың іс жүзінде тексерілген тәжірибесі бар және біз автокөлік жолдарының жағдайын жақсарту үшін күш біріктіруге дайынбыз. Қор белсенділері жағдайды өзгерту үшін ашық бақылау, заманауи технологияларды енгізу және жол жұмыстары кезінде азаматтардың мониторингке белсенді қатысуы керек екеніне сенімді», – деді «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының директоры Дана Рысмұхамедова.

Айта кетейік аталған қор мониторингке 5-25 қараша аралығында маңыз берді. Оған 5681 тұрғын қатысты.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close