Жаңалықтар

Саясаттанушы: Талғардағы оқиға бүлікке әкелуі мүмкін

Фото: жеке қорынан

Талғарда орын алған Шерзат Болаттың қазасына қатысты қоғам наразылығы тыйылмай тұр. Әсіресе қала маңынан марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың мәйіті табылғаннан бері азалы шаңыраққа қасақана қысым жасалып жатыр деген болжам айтылуда, деп жазды qandastar.kz

Тіпті кей сарапшылар оқиғаның бұлай үдеуін «бүлікшілер» өз пайдасына жарата ма деп қорқып отыр. Мысалы, таяуда политолог Арсен Сарсеков оқиғаға қатысты пікір білдіріп, ақпарат кеңістігінде сыртқы күштердің теріс әрекеті байқалатынын  мәлімдеді.

«Саясаттанушы ретінде шын мәнісінде күнделікті сипатқа ие бұл трагедияны саясиландырып қана қоймай, бүкіл елде бейберекет наразылық тудырудың айқын талпыныстарын атап өтпесем де болмайды.

Біріншіден, әртүрлі әлеуметтік платформаларда технологтар жасаған мазмұн бар (шамамен шетелден). Олардың мақсаты – елдегі наразылық әлеуетін арттыру. Олар үшін Талғардағы қайғылы оқиға конституциялық құрылысты күшпен өзгерту туралы әңгімелерді насихаттаудың бір құралы ғана» , деді саясаттанушы.

Сонымен қатар политолог әлеуметтік желідегі Талғар трагедиясына қатысты ақпараттарды зерттегенін айтқан. Оның сөзінше, оқиғаға қатысты таралып жатқан контенттер арасында арандатушылық бағыттағы жүйелі команда жұмысы байқалатынын айтқан.

«Байқасаңыз, аккаунттар тек осы оқиға үшін жасалған, өйткені оларда тек Талғардағы оқиғаларға қатысты мазмұн бар.  Материалдарды қарап отқан адамның эмоциясына әсер ететін музыкалық сүйемелдеу де қалыс қалмаған. Мысалы, Шерзаттың өмірін баяндайтын роликте Майкл Джексонның протест бағытындағы They Don’t Care About Us ойнайды. Қаңтарда түсірілген кадрларды дәл қазір «болып жатыр» деп, елге қозғау салғысы келетіндердің бары да байқалады», деді Сарсеков.

Сонымен, саясаттанушы Шерзат Болаттың қазасын саяси мүддеге пайдаланушылар барын жасырмады. Қауіптісі, көбіне мұндай саяси қадам елде «бүлік» тудыру үшін жасалады екен. Сондықтан әділ сот өткізіп, кінәлілерге лайықты жаза беру қоғам көңіл-күйін бақылауда ұстаудың жалғыз жолы екенін жеткізді.

«Қарапайым азамат ретінде екі адамның қазасына қайғырып көңіл айтамын, сондай-ақ барлық кінәлілер жасаған әрекеті үшін қатаң жазаланып, ешкім әділ соттан құтыла алмайды деп сенемін», деді ол.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close