Әлеумет және қоғам
Атырауда намаз оқыған бір топ адам жолды жапты
Фото:видео скрин
Атырауда жұма намазы кезінде адамдар тағы да жолды жауып тастады, деп жазды qandastar.kz
Қала тұрғындары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол кептелісіне тап болғанын мәлімдеді. Тіпті тұрғындарға жолдың жабылатыны туралы алдын ала ескертілмеген.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасына байланысты Құлманов көшесінде қозғалыс уақытша тоқтатылды.
Жағдайға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы түсініктеме беріп, намаз оқу үшін жолды жауып, басқа адамдарға зиян келтіруге болмайтынын мәлімдеді.
«Құрметті жұма намазына келуші жамағат! Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеті жерде намаз оқуға тиым салған. Олар: қоқыс жиналған жерде, мал соятын орында, қабір басында, жолдың үстінде, моншада, мал суарылатын орында және қағбаның үстінде. Жол үстінде намаз оқуға тыйым салуының басты себебі – жол қозғалысына кедергі келтірмеу. Ол көшемен жедел жәрдем көлігі, өрт сөндіру көлігі немесе жұмысына асыққан адам жүретіні белгілі. Сондықтан 5 минутқа көшені жауып намаз оқу қаншама ұзын-сонар көше көптелісін туындатады», – делінген хабарламада.