Жаңалықтар
Құны миллиондаған жалған өнім: таңбаланбаған өнімдер тәркіленді
Фото: ашық дереккөз
Құны миллиондаған жалған өнім: таңбаланбаған өнімдер тәркіленді, деп жазды qandastar.kz
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті (МКД) Түрксіб және Алмалы аудандары бойынша мемлекеттік кірістер басқармаларымен бірлесіп, акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымын анықтау мақсатында қала базарларында ауқымды тексерулер жүргізді. Нәтижесінде жалпы құны 13 783 760 теңгені құрайтын цифрлық кодпен таңбаланбаған темекі өнімдері тәркіленді.
Еске салайық, Қазақстанда темекі өнімдерін міндетті цифрлық таңбалау 2020 жылдың 1 қазанынан бастап енгізілген болатын. Бұл шараның мақсаты – өнімнің заңсыз айналымымен күресу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету. Таңбаланбаған өнімдерді пайдалану әкімшілік шараларға әкеп соғатын заң бұзушылық болып табылады.
Таңбалау мемлекетке нарықты бақылауға, салық түсімдерін арттыруға және көлеңкелі экономикамен күресуге мүмкіндік береді; бизнес үшін ол – контрафактілік өнімдерден қорғау, брендке деген сенімді арттыру және логистиканы оңтайландырудың құралы; тұтынушылар үшін ол – тауарлардың сапасына кепілдік беру, тауар туралы сенімді ақпарат және Қазақстан халқының денсаулығын сақтаудың кепілі.
Бүгінгі таңда тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде темекі өнімдерінің айналымына 45 893 қатысушы тіркелген, оның ішінде: 208 импорттаушы, 4 өндіруші, 759 көтерме және 43 782 бөлшек сауда өкілі.
Тексерулердің нәтижелері
«Алматы-1», «Түрксіб», «Жетісу-Семиречье», «Барыс» және «Жұлдыз» базарларында жүргізілген тексерулер барысында заңсыз айналымнан келесі өнімдер тәркіленді:
- 20 780 қорап контрафактілік темекі;
- 73 қорап кальянды таңбаланбаған темекі.
Заңсыз темекінің сапасы бақыланбағандықтан, оның құрамында ауыр металдар, пестицидтер және басқа да зиянды ластаушы заттарды қоса алғанда, ауыр сырқаттану қаупін арттыратын улы заттардың жоғары деңгейі бар екені белгілі.
Бұл әрекеттер Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 283-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық болып табылады. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін 150-ден 500-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері сот шешімімен анықталады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қазақстанға әкелінетін таңбаланбаған темекі өнімдерінің негізгі көздері Қырғызстан мен Қытай болып табылады. Шекарадағы бақылауды күшейту және таңбалауды енгізу контрафактілік тауарлардың көлемін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Іс материалдары сот органдарына әрі қарай қарау үшін жіберілді.